Көкшемде ізі қалған өшпейтұғын…

Қасиетті Көкше топырағында ізі қалған, елге еңбегін сіңірген, жалпақ жұрттың мерейін үстем етуге бойындағы бар қажыр-қайратын жұмсаған ұлт тұлғалары, қайраткерлері аз емес. Міне, осындай абзал азаматтардың арқасында облысымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Ел қамын ойлаған азаматтар шоғырында Жәнібек Кәрібжанов та бар.

Жәнібек Сәлімұлы С.М.Киров атындағы Омбы ауыл шаруашылығы институтында білім алған. Тарихы тереңдегі, білім саласындағы бай дәстүрлері қалыптасқан жоғары оқу орнынан ғалым, агроном-экономист атанып шықты. Игілікке толы еңбек жолын Омбы ауыл шаруашылығының аға инженері болып бастады. 1979-1982 жылдары қайраты кемел, білімі терең жас маман Мәскеудегі Бүкілодақтық кибернетика ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын тәмамдап, экономика ғылымдарының кандидаты атанды.
Көкше жұртшылығы өз ортасында қызмет еткен кезінде кісілік келбетімен, пайым-парасатымен танылған Жәнібек Сәлімұлының өмірбаянын тәптіштеп айтып жату себебін, ол кісінің бойында адамгершілік ажар мен терең білімнің қатар өрілгендігін көрсеткім келіп еді.
Мен 1992-1993 жылдары тәжірибесі әбден толысқан, білімі байыған, ел басқару ісінде табысқа жеткен Жәнібек Сәлімұлымен жұмыс барысында таныстым. Ол кезде Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты едім. Жәнібек Сәлімұлы мені әкімнің орынбасары ретінде бірге қызмет етуге шақырды. Әуелде ойланып қалдым.
–Ел үшін осы кезде қызмет етпегенде, қашан қызмет етесің? – деді ол.
Ұсынысқа көнуге тура келді. Сөйтіп, тізе қосып жұмыс істедік. Бірден айта кету керек, әр сөзін ақыл таразысынан өткеріп, кез-келген мәселені түпкілікті зерделей зерттеп, асықпай шешімін бір-ақ айтатын істің адамы еді. Бұл кез кеңес заманындағы қалыптасқан экономикалық жүйенің үзіліп, өтпелі кезеңнің өкпек желі ұйытқи соғып тұрған шақ болатын. Міне, осы кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайрат-жігерге, болашаққа деген зор ұмтылысқа толы Жарлықтарын жүзеге асыру керек болды. Көптеген адамдар үшін келешек тұманды, тіпті, кейбір адамдар үшін күмәнді де болды. Қалай болған күнде де ел жүдемеуі керек. Ұлт болып ұйысып, жас мемлекеттің керегесін керіп, іргетасын бекемдеу ел тізгінін ұстаған басшыға міндет. Ең басты міндет халықтың күнделікті жағдайын түзету. Ал, ол жағдай қалай түзеледі? Ол үшін ең алдымен облыстың экономикасын нығайту керек.
Жәнібек Сәлімұлы алдымен сан жылдар бойы өзіндік өнімді еңбек дәстүрі қалыптасқан, тарихы бай, тағылымы ересен Көкше өңірінің көркін одан әрі арттыру үшін жаңа жағдайдың, жаңа экономикалық қарым-қатынастардың жүйесінде бағдар құрды. Оның ішінде ең бастысы, астықты аймақтың ауыл шаруашылығын көтеру болды. Егер ауыл шаруашылығы дүр етіп көтерілсе, өңірдің өнеркәсібі де өрге басуы әбден мүмкін. Міне, сол жылдары «Васильков» кен байыту комбинаты мен қала іргесіндегі Обухов титан-цирконий комбинатын, Айыртау өңіріндегі Сырымбет қалайы салымдарын игеруді мақсат етті.
Ойға алған іс оңынан оралып, ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасы біршама нығайып қалды. Бұрыннан бар, әбден тәжірибеден өткен озық технологияларды облыс диқандарына жүктеп, мол өнімнің сыры көпке үлгі етіле бастады. Осындай ілкімді жұмыстың арқасында бұрын-соңды шықпаған астық жинауға қолы жетті. Қаржының тапшылығынан тоқтап қалған Көкшетау-Бурабай тас жолының жұмысы жүргізіле бастады. Ең бастысы, бұрын ауыз суға жарымай келген облыс орталығының тұрғындары ендігі арада таза суға қол жеткізетін болды. Ол үшін қияндағы Сергеев су қоймасынан
Айыртау ауданын басып, Көкшетауға дейін су құбыры тартыла бастады. Бұл құбыр одан әрі Бурабай аспақ. Осы жылдары Көкшетау қаласында жылу мәселесі өте өткір тұрған еді. Облыс орталығындағы екінші қазандықты іске қосу арқылы жылу мәселесі де біртіндеп шешіле бастады. Міне, осылайша ел тұрмысына қатысты тамаша жобалар жүзеге асырылды. Көкшенің көнекөз қариялары Жәнібек Сәлімұлының осындай бір шоғыр ерен еңбегін ұмытпай, әлі күнге дейін жыр қылып айтып жүреді.
Бұл тұрмыстық жай болса, қиын тұста ұмыт бола жаздаған рухани мәселелер де заман талабына сай жандана бастады. Өйткені, Көкшетау жер жәннаты, бай табиғатымен ғана емес, қатпар-қатпар қасиетті өнерімен де өрісті, рухани байлығымен де даңқты. Ән ұшқан, өлең қонған өлкенің өткені өміршең жасқа әдемі өнеге.
Ел еңсесін көтеретін рухани дүниелер, қомақты шаруалар бірінен соң бірі жалғасып жатты. Арқаның ардагері, Алаш аспанын ән жауһарларымен жарқыратқан, артында мәңгі өлмейтін мұра қалдырған Ақан серінің туғанына 150 жыл толуына орай республикалық деңгейде көлемді шаруа өткізілді. Осы шаруаны Жәнібек Сәлімұлы бастап берген еді. Алғашқы дайындық жұмыстарын да өзі жүргізді. Әншінің туған топырағында ескерткіштер кешені бой көтерді. Жер танабын қуырған жел жетпес Құлагердің үстіндегі қасиетті домбырасын қымтай ұстаған Ақан серінің бейнесі ақ қайыңдар көмкерген ажарлы өлкеде ұлттық өнердің ұлағаты мәңгілік екендігін жарқын жүзімен меңзеп тұрғандай. Тұғырдағы Қараторғай да, ат тізесінде, жыртқышқа атылғалы тұрған кейіптегі Басарала иті де бейнеленген. Құлагер су ішкен құдық та қалпына келтіріліп, шегенделді. Ескерткіштің авторы, өзіміздің жерлесіміз, әйгілі мүсінші Төлеген Досмағамбетов. Негізгі идеясы, «Ақан сері» романының авторы – Сәкен сері Жүнісов.
Сол жылдары Айыртау топырағына айрықша назар аударылды. Бір кезде қирап қалған Сырымбет тауының етегіндегі Айғаным ханшаның қонысы қайта жаңғыртылды. Қайта жаңғыртылды дегеніміз жай сөз, әйтпесе, тұп-тура қайта салынды.
Осы бір тарихи шаруаны атқаруға ел тізгінін ұстаған Б.Жанәділов, С.Құнанбаев, К.Жұмабаев, Ф.Лесняк тәрізді азаматтар үлес қосты.
Жәнібек Сәлімұлы Көкшетау топырағына бір адамдай еңбегін сіңірді. Өзінің болашақты болжай білетін көрегендігімен, іске мығым, сөзіне берік қасиетімен танылды. Артында өшпес ізі қалды. Көкшетау жұртшылығы өз тарихында ізі қалған басшылардың ішінде ерекше ілтипатпен еске алатын тарихи тұлға деп айтуымызға әбден болады.

Болат ЖАНӘДІЛОВ,
Көкшетау қаласының
құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар