Ұлағатты ғұмыры бар, өнегесі мол ел ағасы

Есікті Айекеңнің өзі ашты. Тоқсанды еңсеріп тастаса да, белі бүгілмеген, еңсесі түспеген ширақ қалпында. Амандық-саулық сұрау рәсімін ұзартып, біраз жерге барып қалыстық. Үйден көп ұзап шыға бермейтін адамның ел жайын, қаламдас қауым қарекетін қаузап сұрауы заңды да еді.
Төргі бөлмеге оздық. Жазу үстелінің үсті қобыраған қағазға толы. Әрқилы кітаптар, күнделікті газет-журналдар. Менің газет-журналға назар аударғанымды аңғарған болуы керек, сәл жымиып күлді де:
–Әлі де жазу-сызудан, оқудан қол үзген жоқпыз,–деді Айекең, –кейде өткен өмір соқпақтарын көз алдыма елестетіп, көкіректің терең бір түкпірінде жатқан, уақыт шымылдығымен тұмшаланған жайларды қайта жаңғыртып, күнделік жазған боламын. Атқа мініп жүрген кезімізде талай жақсы-жайсаңмен жолдас болдық қой. Осы күні солардың көбі өмірден өтіп кетті. Кейінгіге өнеге болсын деп өмірлерінің ғибратты тұстарын маржан тергендей екшеп жазғым келеді. Бірақ, қайрат кеміген соң қалам да ынтаға илікпейді екен ғой.
Айдархан Темірбаев ақсақал заманында екі бірдей аудандық газеттің редакторы болған адам. Рухани туыс, тілектес аға санатында. Жайғасып отырғаннан кейін әңгіменің
ау-жайы басылым жайына ауған.
–Мен жиырма беске толар-толмаста Зеренді аудандық газетінің редакторы болып тағайындалдым. Оның алдында оқушы кезімізде аудандық, облыстық газеттерге қалам тартып жүрдік. Менің журналистік ғұмырым міне сол кезден басталды. Зеренді аудандық газеті «Социалистік жол» деп аталатын. Тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарғаннан кейін осы газетте жеті жыл редактор болдым. Одан соң сол кездегі Көкшетау облысының жер көлемі жағынан ең үлкен ауданы – Қызылтуда аудандық газеттің редакторы болып тағайындалдым. Сөз өнері, оның ішінде кез-келгенге жалынан сипатпайтын журналистика өте қиын өнер. Үйренуден жалықпадық. Аудан журналистері облыстық, республикалық басылымдарға қарайлайды. Олар не жазып жатыр, қалай жазып жатыр деп. Газеттің безендірілуіне дейін, тақырыптың қойылуын, макеттің көркемделуін. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген осы ғой…
Өткен өмір соқпағына ой көзімен қарар болса, бал күлкілі балғын шақ жусанды даланың бір түкпірінде ұмыт қалған екен. Еңбекке де жастай араласыпты. Жетінші класты бітірер-бітірместе. Қан майданға аттанған ағалардың орнын басып өгіз айдаған, мал баққан, шаңға көміліп егін жинаған, шілдеде тастөбесінде оттай жанған күнге күйіп, шөп шапқан. Ел басына туған күн қабырғасы қатып, бұғанасы бекіп үлгермеген бозбалалардың да иығына түскен. Сұм соғыс бітісімен бауыр еті балаларының болашағын ойлаған әке-шеше «білім ал» деп ақ батасын берген. Білім жолындағы жорық дәл сол кезде Айыртау аудандық партия комитетінде қызмет істеп жүрген ағасы Қазжанның қамқорлығынан басталды. Ауылдық мектептің жеті сыныбын тәмамдаған балаға орыс мектебінде оқу қайдан оңай болсын. Замана желін, болашақ бағдарын зерек көңілімен тамыршыдай тап басқан Қазжан ағасы Саумалкөлдегі орыс мектебіне берген. Бұл болса бір ауыз сөз орысша білмейтін еді. Қиындық осы жерден басталды. Орыс тілінде сөйлеп, жаза алмайтындардың өрісі тарылып тұрған заман.
Дәл осы кезде жаратқан ие дес бергенде жеңгесінің ақыл-кеңесінің құтқарғаны. Қайнысының қауқарын көргесін ол Көкшетау қаласындағы қазақ педагогикалық училищесіне оқуға берсек оң болар еді деген ұсынысын айтқан. Осы ұсыныс жөн болып шықты. 1949 жылы аталмыш оқу орнын бітіріп шықты. Еңбек жолын жансебілдер ғана жұмыс істейтін журналистикадан бастады. Зеренді аудандық газетінің қызметкері болып шыға келді. Әкедей қамқор болған Қазжан аға мен Сәруар жеңгесінің тәлім-тәрбиесін көріп, білім алып, шаңырақ көтерді.
Есінде мәңгілік өшпестей таңбаланған бір жай – Сәруар жеңгесінің Сарыарқаның салқын самалындай жанға жайлы жанашырлығы, қамқорлығы. Ілкідегі қазақы ғұрыппен қайнысын еркелетіп, үнемі Жансая дейтін. Кейін өз қолдарын өз ауыздарына жетіп үй-күй болғанның өзінде жанашырлығы мол аға мен жеңгенің қамқорлығын көп көрді.
Аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Бес жыл Көкшетау аудандық кәсіподақ кеңесіне басшылық жасады. 1976 жылдан бастап Көкшетау облыстық партия комитетінің аппаратында әуелі сектор меңгерушісі, бөлім бастығының орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1989 жылы одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты. Міне, осылайша елу жылға жуық ғұмыры бұрқ-сарқ қайнаған тіршілік қазанында шымырлап, ел қамын жеумен, жұрт жайын ойлаумен өтті.
Бүгінде өткен өмір белестеріне ой көзін жүгіртсе, алдыңғы буын ағалардың қамқорлығы еске түсер еді. Заманында Бәйкен Әшімұлы, Хасан Шаяхметұлы тәрізді заңғар тұлғалардың жанашырлығын көрді. 25-ке толар-толмас жасында аудандық газеттің редакторлығы қызметіне сол кездегі Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов ағасының ұсынысымен тағайындалды. Күні бүгінгідей есінде, болашағынан үлкен үміт күткен Хасекеңнің ұйымдастыру қабілеті айрықша зор болатын. Қызмет бабындағы өміршең өнегесі мен өзінің жеке басының үлгісі талай нәрсені үйретті. Бір сөзбен түйіндеп айтар болсақ, бұл кезең Айдархан ағаның қызмет бабында шыңдалып, көкірегіндегі сана-сезім, ақыл-ойдың кемелденіп, толысқан шағы болды. Оны айтасыз, әманда жастарға жанашыр Хасекең үйлену тойларына да қатысып, жаңа ғана шаңырақ көтеріп жатқан жас отаудың ақ тілегін тілеген еді. Жақсылардың төбе көрсетуінің өзі той салтанатын өзгеше нұрландырып тұрады емес пе? Ал, уәлі аузынан шыққан ақ тілегі кейін арада қанша жыл өтсе де шаңырағын нұрландырып тұратын, мәңгі солғын тартпас шуақты сезімге айналды. Сөз арасында Хасан Шаяхметұлы басшылық еткен жылдары ауданның тасы өрге домаланғандығын айта кетуге тиістіміз. Кейін Ақтөбе, Жамбыл облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылығына сайланып, жалпақ жұрттың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына орасан зор еңбегін сіңірді.
Тоқсанның төріндегі Айдархан Темірбаев Қызылтуда өткен қызықты күндерін жиі еске алады. Олай болмағанда ше, табаны күректей он жыл. Омбы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарымен шекаралас жатқан, ұшы-қиырына көз жетпейтін сайын дала төсінде дүниені дүр сілкіндіріп, дархан даланы дүбірге толтырып, тың игеру жүргізілді. Оқырманға түсінікті болуы үшін жер көлемі жайында жалғыз-ақ дерек келтірелік. 1 миллион 300 мың гектар. Аудандағы 18 кеңшардың егістік алқабының көлемі 350 мың гектардан асып жығылатын. Әр жыл сайын мемлекетке 200 мың тоннадан астам астық, 5700 тонна ет, 11700 тонна сүт тапсырушы еді. Одан өзге ауыл шаруашылығының өнімдері ше? Ауданның қуаты соншалық, 1966 жылы дәнді дақылдардың әр гектарынан 11 центнерге жуық өнім алынып, мемлекет қоймасына 17 миллион пұт сапалы астық құйылды.
Ақық дән аялап, ақтылы мал өсірген құйқалы өңірдің атақ-абыройы аспандап-ақ тұрды. Берекесі кілкіп жатқан өңірге ат басын бұрушылар да аз емес еді. Апта аралатып дүмеп келіп жататын. Жергілікті жұрт сондай қазақы. Келгендерді құшақ жайып қарсы алады. Келушілер байлыққа мелтектеп тұрған өңірдің өңін көру үшін ғана емес, арыдағы Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжанов тәрізді ағартушылардың аруағын сыйлап, шалғайдағы елге соғатын. Өз топырақтарында да тұлғасы тәмам жұртқа белгілі болған азаматтар аз емес еді. Қайырбек Хасенов, Мүтәш Сыздықов, Сұлтан Бижанов, Қазжан Мұхамеджанов, Тұрар Бекмұғамбетов, Қойшыбай Қаженов, Сейдахмет Секенов, Корней Кийко, Қажым Мүсіпов. Әрқайсысы бір-бір іргелі елге тұлға болатын азаматтар. Өткен өмір соқпағын көз алдына елестетіп отырып, Айдархан аға өте бір терең тебіреніспен есімдері бұл күнде ел есінде еміс-еміс қана қалған азаматтардың аттарын атаған. Әрқайсысын ілтипатпен, құрметпен.
Партия қызметінен ауысқанда да қолынан қаламы түскен жоқ. Сөз өнерін серік еткен саңлақтарды тәрбиеледі. Күні бүгінге дейін шәкірттерінің жазған-сызғанына назар аударып, қадағалап отырады. Айтар ақылы да аз емес. Атам қазақтың «ақылды қария – ағынды дария» дейтін қағидасының еске түсетіні де осы жер.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар