БАНК – ЕЛ ДАМУЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңгенің айналымға шығарылғанына 25 жыл толуы және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Ұлттық Банктің Ақмола филиалының директоры Виталий Александрович Чеусов «Арқа ажары» газетінің сұрақтарына жауап беріп еді. Біз мерекеге ортақтаса отырып, осы сұхбатты жариялап отырмыз.

– Ел туәуелсіздігін тұғырландырудағы 1993 жылғы тарихи оқиға қалай өрбіп еді?
– Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңге 1993 жылғы 15 қарашада еліміздің барлық аймағында айналымға енгізілді. Мұның алдында Мемлекеттік құндылықтар қоймасынан банкноттарды алу және оны Қазақстанның барлық өңіріне тасымалдау жұмыстары жүргізілді. Қалалар мен аудандарға банкноттар автомашиналармен, ұшақтармен және темір жол көліктерімен жеткізілді. Ұлттық валютаны енгізудің алғашқы күні барлық облыстар банкноттармен толық қамтамасыз етілді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ақша реформасын енгізу қарсаңында телевидение мен радио арқылы республика тұрғындарына реформаның мақсаты мен қажеттілігі туралы Үндеу жариялады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен Министрлер кабинетінің бірлескен Қаулылары және Ұлттық Банктің рубльді Қазақстан теңгесіне айырбастау туралы нұсқауы халыққа жеткізілді. Айырбастау коэффициенті 1:500 болып бекітілді.
Кеңес рубльдерін ұлттық валютаға айырбастау 1993 жылғы 15 қарашадағы 08.00 сағатта басталып, 20 қарашадағы 20.00 сағатта аяқталды. Ұлттық Банк пен екінші деңгейлі банктердің қатардағы қызметкерлері орасан ауқымдағы жұмыстарды уақытпен санаспай атқарды. Олар тұрғындар мен кәсіпорындардан қабылданған кеңес рубльдерін қысқа мерзімде жинақтап, өңдеп, қайта есептеп үлгерді және бұл жұмыстардың дені қолмен атқарылды. Басқадай мүмкіндік болмағандықтан ақшалар қаптармен жеткізіліп, орынның жетіспегендігінен едендерде үйіліп жатты. Есеп-қисап қатаң бақыланды, қабылданған және айналымнан шығарылған банкноттардың әрқайсысын жеке санау тәулік бойы жүргізілді. Кассирлер аракідік осы қаптардың үстінде 2 сағаттай ұйықтап, қайтадан жұмысқа кірісетін жағдайлар болды. Қол жұмысы көп еді, есеп машиналарының жылдамдығы әлсіз әрі арнайы станокта ақша пәшкелері қолмен бумаланды. Инкассаторлар ескі және жаңа ақшаларды облыс аудандарына күні-түні тасымалдады және жанды қоршау жасап, түсіру жұмыстарын дербес атқарды.
Ұлттық Банктің мамандары ауқымды түсінік жұмыстарын жүргізіп, тәулік бойы ведомостарды, басқа да құжаттарды дұрыс рәсімдеу бойынша кеңес беріп отырды. Сондай-ақ, валютаны айырбастау барысындағы жедел мәселелерді шешуге облыстық, қалалық және аудандық әкімшіліктер, облыстың ірі кәсіпорындары мен ұйымдарында құрылған комиссиялар көмектесіп отырды. Мұның барлығы айырбас жұмысының ойдағыдай орындалуына септік жасады. Осының нәтижесінде, 950,6 миллиард кеңес рублі Қазақстан аумағындағы айналымнан шығарылды.
– Жыл мәресіне жақындады және негізгі тұжырымдар айқындала бастады. Бұл нәтижелерге Сіз қандай болжам жасар едіңіз?
– Облыстағы қаржы нарығының барлық сегменттерінде оң нәтижелер байқалуда. Бүгінгі күні Ақмола облысының банк секторы екінші деңгейлі банктің 17 филиалын, 58 қосымша орынды, 94 валюта айырбастау пунктін және 1 шағын қаржыландыру ұйымын біріктіреді.
2018 жылдың 1 қарашасындағы дерек бойынша, облыс банктеріндегі жалпы салымдар (депозит) көлемі 147,4 миллиард теңгені құрап, 2017 жылғы сәйкес мерзімдегіден 9,9 пайызға артып түсті және мұнда теңгелік салымдар 23,1 пайызға өсіп, 107,5 миллиард теңгеге жеткенін атап көрсеткіміз келеді. Шетел валютасындағы депозиттер 14,7 пайызға азайып, 39,9 миллиард теңгені құрады. Ал, ұлттық валюта депозиті көлемінің өсуі долларландыру үрдісін 27,1 пайызға төмендетіп, өткен жылғы сәйкес мерзімдегі деңгейдің 34,9 пайызына тең болды. Орта есеппен теңгелік депозиттің пайыздық ставкасы 10 пайыз, ал шетел валютасына қатысты 1,7 пайызбен есептелуде.
Қазіргі күні жеке тұлғалардың депозиттеріне көзқарас түбегейлі өзгерді. Бұған дейін барлық депозит түріне қатысты бірыңғай деңгей қолданылса, енді 1 қазаннан бастап ставкалар салым түрі мен мерзіміне, оны мерзімінен бұрын алу және толықтыру мүмкіндігі енгізілді. Банктер белгілейтін депозиттік ортақ нарықтық ставкалар есеп жүргізудің басты негізі саналады.
Азаматтар ендігі жерде өтімділік және кіріс деңгейіне қарай жедел, қалыпты және жинақтау депозиттерін пайдалана алады. Егер салымшы жинақтау депозитін ашып, белгіленген барлық мерзімде салым ақшасын алмайтын болса, ол ең жоғары кіріс қана емес, 15 миллион теңге көлеміндегі ең жоғары сақтандыру мүмкіндігіне де ие болады. Салымның басқа түрлері де жоғары тиімділікке негізделген.
Бұл қадамдар теңгелік салымдарды қамтиды, ал шетел валютасының шектік ставкасы бұрынғы 1 пайыздық деңгейде қалады.
Салымдарды реттеу және бекітілген шектік ставкаларды үстемелеу жеке тұлғалардың 1 қазаннан кейінгі салымдарын қамтиды, ал 1 қазанға дейін қабылданған депозиттер бойынша бұрынғы келісім шарт негізінде қызмет көрсетіледі.
Қолданыстағы тиімді шарттар мен макроэкономикалық болжамдардың оң сипаты банктердің кредиттік белсенділігін қалпына келтірудің негізі болады. Банктердің облыс экономикасына бағыттаған кредиттік қаржысы 2018 жылдың 1 қазанындағы деректерге сай, 221 миллиард теңгеге жетіп, 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 15,2 пайызға өсті. Толығырақ айтсақ, қаңтар-қыркүйек ішінде облыс банктері 121,1 миллиард теңге несие қаржысын берді, бұл да 2017 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 12,4 пайызға артық көрсеткіш. Бұған қоса, шағын кәсіпкерлік нысандарына 38,6 миллион теңге несие қаржысы беріліп отыр. Бұл былтырғы деңгейден 19,1 пайызға жоғары.
Сондай-ақ, тұтыну кредиттерінің ауқымы да өсуде: биылғы 9 айда бұл бағыттағы қаржыландыру 2017 жылғы сәйкес мерзімдегіден 21,5 пайызға өсіп, 48,9 миллиард теңгені құрады.
Ипотекалық кредиттер есепті кезеңде 9,5 миллиард теңгеге жетіп, 50,4 пайыздық өсімді қамтыды. Бұл бірінші кезекте «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының іске қосылуымен байланысты болып отыр. Мұның өзі Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 наурыздағы «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінің баяндылығын көрсетеді. Республикамыз бойынша, биылғы 1 қарашаға дейін «7-20-25» бағдарламасы аясында 49,7 миллиард теңге несие алу үшін 4200 өтініш қабылданды. Бұлардың 2794-і мақұлданып, 33,5 миллиард теңге несие қаржысы берілді. Республика өңірлері бойынша (Алматы және Астана қалаларын қоспағанда) біздің Ақмола облысы үшінші орында тұр. Яғни, бағдарламаның жергілікті әріптес банктері арқылы 193 өтініш (1,6 миллиард теңге) қабылданып, мақұлданған 154 өтініш бойынша 1,3 миллиард теңге қаржы берілді.
Мемлекет басшысының 2015 жылдың 11 ақпанындағы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісіндегі тапсырмасын жүзеге асыруға байланысты іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында Ұлттық Банк ипотекалық тұрғын үй салымдарын қосымша қаржыландыру бойынша екі тараудан тұратын бағдарлама қабылдады.
Бірінші тарау 2004-2009 жылдар арасында берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру тәртібін айқындайды. Ақмола облысында 2018 жылдың 1 қазанында 1,5 миллиард теңгелік 492 тапсырыс мақұлданып, 1,4 миллиард теңгелік 472 өтініш қайта қаржыландырылды. Жалпы, 2,4 миллиард теңгелік 622 тапсырыс түскен болатын.
Бағдарламаның екінші тарауы жеке тұлғалардың 2016 жылдың 1 қаңтарына дейінгі валюталық ипотекалық қарыздарын ҚР ҰБ
2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша қайта қаржыландыруды көздейді. Бұл бағытта 544,6 миллион теңгенің 87-і тапсырысы мақұлданса, 330 миллион теңгелік 58 қарыз қайта қаржыландырылды. Бұл орайда 647,6 миллион теңгенің 108 өтініші қабылданғанын еске салғымыз келеді.
Аталған қадам ипотекалық кредиттердің қайтарым мерзімін ұзарту, пайыздық ставканы төмендету және несие қаржысын теңгеге айырбастау арқылы тұрғындардың ипотекалық кредиттеріне қызмет көрсетуді жеңілдетті.
– Мереке үстінде Ұлттық теңгемізге қатысты қандай жарқын кезеңдерді атап өтер едіңіз?
– Алғашқы қазақстандық теңге Англияда басылып шығарылды, бұл іспен «Харрисон және сыновья» компаниясы айналысты. Аталған тапсырыс бұл компанияны әлемге танытып, Ұлыбритания королевасының Алтын белгісімен марапатталды. Теңге Британияның үздік экспорттық өнімі ретінде бағаланды. Көп ұзамай қазақстандық банкнот фабрикасы мен монета сарайы іске қосылып, өз ақшамыз өзімізде шығарыла бастады. Біздің банкноттар мен теңгелеріміз жоғары сапалылығымен және қорғаныштық сипатымен, инновациялық технологиялардың қолданылуымен және айрықша дизайнымен ерекшеленетінін атап өту қажет. Бұған көптеген халықаралық беделді көрмелерде жеңіп алған марапаттар мен жүлделі орындар дәлел бола алады. Мәселен, былтырғы жылы қазақстандық үш түрлі монетамыз халықаралық конкурстарда атап өтілді.
2017 жылғы 24 қазанда Варшавадағы «The Coin Conference-2017» валюта конференциясы аясында «IACA Excellence in Currency-2017» финалистерін марапаттау салтанаты өткізілді. Мұнда «Ғарыш» сериясындағы танталдық қосымшадағы «Венера-10» күміс монета «Coin Awards BEST COIN INNOVATION» аталымында жүлдегер атанды. Ал, «Дала Қазынасы» (сокровища степи) сериясындағы «Күлтегін» күміс монетасы «BEST NEW COMMEMORATIVE COIN OR TEST COIN» аталымында финалға шықты. Күлтегін (685-731 ж.ж.) – Екінші Түрік қағанаты кезеңінде көптеген көшпелі этностарды көк тудың астына біріктірген және көшпелі ұлы империя дәстүрлерін жалғастыра білген саяси және әскери қайраткер. Сондай-ақ, былтырғы 24 қыркүйекте Москвада ұйымдастырылған халықаралық конкурста қазақстандық «Таға» монетасы «Жылдың сый-кәде монетасы» аталымында 2 орынды иеленді. Алтын жалатылған осынау коллекциялық күміс монета жақсылық пен табандылықтың күрделі композициясын қамтиды.
Бүгінгі күні Ұлттық Банктің Ақмола филиалы тұрғындарға алтындатылған коллекциялық және ескерткіш монеталардың 14, күміс монеталардың 40 түрін және 10, 20, 50, 100 грамдық салмақтағы аффинирленген алтын құймаларын ұсына алады. Шағын алтын құймалары екінші деңгейдегі банктер арқылы сатылады және бұларды «Еуразия банкі», «Қазақстанның Халық Банкі», «Цеснабанк» акционерлік қоғамдарынан алуға болады. Алтын құймаларының өтімділігін аталған банктер мұны қайта сатып алатындығымен және есеп айырысудың «күнбе-күн» тәртібімен жүзеге асырылатындығымен түсіндіруге болады. Бұған қоса, «Қазақстан Республикасының заңдық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелеріне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 2 шілдедегі Заңына сәйкес, Ұлттық Банк шығарған шағын алтын құймаларын сатып алу-сату құқығы банктік емес айырбас пункттеріне де берілді.
Ұлттық Банк сайтының «Ұлттық валюта» бөлімінде монеталардың қоры мен бағасы туралы ақпарат орналастырылған. Монета өнімдерін Ұлттық Банктің Ақмола филиалынан, сондай-ақ, Ұлттық Банктің Интернет-дүкенінен сатып алуға болады.
Өздеріңізді қызықтыратын барлық мәселелерге қатысты сұрақтарыңызды «НБК Online» қосымшасы арқылы қоя аласыздар. Бұл тұрғындар мен Ұлттық Банк арасындағы байланысты нығайтудың және банктің үйлестіруші қызметін, қаржы қызметін пайдаланудағы тұтынушы құқығын қорғаудың тиімді мобильдік құралы болып табылады.
– Жасалған әрбір қадам дамудың келесі екпінін қамтамасыз ететіндігі айқын. Осыған байланысты жақын арада қандай өзгерістер мен жаңалықтарды күте аламыз. Мұны тұрғындар тіршілігіне қаратып айтқаныңызды қалар едік.
– Сұрағыңызға цифрлық технологиямен байланысты екі жаңалық ауқымында жауап берсем деп едім.
Сақтандыру нарығы. Сақтандыру ұйымдарының клиенттері 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру келісім шарттарын және сақтандыру құжаттарын интернет-ресурстар арқылы, яғни, онлайн режімінде ресімдей алады. Бұл міндетті және ерікті сақтандырудың барлық түрін қамтиды. Онлайн-сақтандыру қағазбастылықтан арылтады. Сақтандыру келісім шарттары бірыңғай дерек банкіне сұрау салу арқылы тексеріледі. Мәселен, автокөлік иелерінің әкімшілік полиция қызметкеріне сақтандыру құжатын көрсетудің қажеті болмай қалады. Онлайн-сақтандырудың енгізілуі тұрғындар мен бизнес өкілдеріне сақтандыру құнын арзандатуға, бұл қызметті интернет-ресурс арқылы пайдаланып, уақыт үнемдеуіне, сақтандыру төлемдерін алуды жеделдетуге мүмкіндік береді.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап сыртқы туризммен айналысатын оператор туристік жолдаманы сату барысында, турагент арқылы сақтандыру сертификатын беруге міндеттеледі. Бұл сертификатта халықаралық сақтандырушы ассистанс компанияның байланыс деректері көрсетіледі және аталған ұйым шетелде тәулік бойы қызмет көрсетуді ұйымдастырады. Яғни, турист шетелдегі саяхат барысында әлеуметтік қолайсыздықтардан (қайғылы жағдай, денсаулығы нашарлауы, т.б.) толық сақтандырылатын болады. Сақтандыру оқиғасы туындаған жағдайда турист барлық төлем шығындарынан босатылады. Бұл шығындарды сақтандырушы компания халықаралық ассистанс ұйымы арқылы өтейді. Мұндай жағдайда турист шұғыл түрде хабар түсірсе болғаны.
Онлайн несие туралы. 2018 жылғы 16 шілдедегі ҚР Азаматтық кодексінде қарыз ақша келісім шартының бірқатар ерекшеліктері бекітілді. Ұлттық Банк халықаралық тәжірибе негізінде салымдар бойынша шектеулер енгізуді ұсынды, яғни, салымдардың жылдық өсімі берілген қарыздың 100 пайыздық сомасынан артпауы тиіс, ал салымды қайтып алу мерзімі өзгерген жағдайда, өсім мен айыппұл көлемі күн сайынғы орындалмаған міндеттеменің 0,5 пайызынан аспауы және жыл ішінде берілген қарыздың 10 пайызын қамтуы керек.
Бұған дейін онлайн-компаниялар шағын қарыздарды күндік 2 пайыздық өсіммен, яғни, жылына 730 пайызбен беріп келді. Кейбір кісілер 60 мың теңге онлайн-кредит рәсімдегенімен оны төлей алмай, бір жыл өткен соң миллион теңгеден астам қарыз арқалаған келеңсіздік кездескен. Ендігі жерде 2018 жылдың 16 шілдесінен кейінгі келісім шарттарда сәйкеспеушілік орын алғанда, азаматтар ҚР Азаматтық кодексінде көрсетілген талаптар бойынша сотқа жүгініп, келісім шарттың күшін жоя алады. Бұл орайда келісім шарттың күшін жоюы кредит берушіден алынған қарызды қайтару міндеттемесінен босатпайтынын есте ұстау қажет.
Басқа да жаңалықтар, өзгерістер туралы Ұлттық Банк Ақмола филиалының Facebook парақшасына жазылып, сенімді көздерден өзекті ақпараттарды алуға болады.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жариялады, мұндағы төртінші бөлімде электронды коммерцияны дамыту мәселесі айтылды. Осынау кең ауқымды бағдарлама қаржы секторында қалай орындалуда?
– Қаржы секторында инновациялық технологияны қолдану қызмет көрсетудің ажырамас бөлігі саналады. Цифрлық өнімдер клиенттердің қаржылық қызметті жедел алуына мүмкіндік жасайды, мұнда қолжетімділік пен тиімділік бірінші кезекте тұрады.
Осыған байланысты салалық цифрлық технология көптен бері белсенді түрде пайдаланылып отырғанын айту керек. Бүгінгі күні Қазақстанда банк клиенттеріне қашықтықтан қызмет көрсету тәсілдері – интернет-банкинг, мобильді банктік қосымшалар арқылы төлем жасау және сұраныстағы басқа да қызметтерді қолдану жедел дамуда. Аталған жүйелерде 9 миллионнан астам адам тіркелген, олардың 30 пайызы банк операцияларына жүйелі түрде қатысады. Қазірдің өзінде Интернет және мобильді банкинг операциялары арқылы жүргізілген нақты ақшасыз қызмет POS-терминал қызметінен асып түсуде. Елімізде цифрлы банкинг жүйесімен тұрғындардың күн сайынғы 6 миллиард теңгенің 400 мың нақты ақшасыз транзакциясы атқарылады. Сондай-ақ, бизнес саласының қаржылық операцияларының 70 пайызы электронды банк сервисі арқылы жүргізілетінін атап көрсеткіміз келеді.
Жедел төлемдер жүйесін ұйымдастыру мақсатында банктерде жаңа есеп-клиринг механизмін енгізу белсенді сипат алуда. Бұл үшін әртүрлі банк клиенттері төлем және өзара ақша аудару кезінде банк қызметінің арақашықтық каналдарын пайдаланып, мобильді телефон нөмірін енгізу жетіп жатыр. Жалпы, қаржы ұйымдарындағы цифрлық қызмет ауқымын кеңейту бағытындағы жұмыс тұтас қаржы секторының үйлесімді дамуын жеделдететіні айқын.
Қазақстан Ұлттық Банкі 2018 жылдың 7 қыркүйегінде қанатқақты режімде жаңа төлем жүйесінің – жедел төлем жүйесінің енгізілгенін хабарлады. Аталған сервис әртүрлі банк клиенттерінің ұлттық валюта аударымдарын мобильді телефон арқылы тәулік бойы 24/7 режімінде жүргізуіне мүмкіндік береді. Бұл ретте ақша аударушы мобильді қосымшада немесе өз банкінің Интернет-банкинг – қатысушы жүйесінде ақшаны алушының мобильді телефон нөмірін, аударылатын ақша көлемін және ақшаны алатын банк атауын енгізуі қажет. Ақша аударылымы заматта атқарылады. Мұнда бір мезеттік транзакцияның шекті лимиті 500 мың теңгені құрайды.
Аталған жобалардың іске асырылуы интеграцияланған цифрлық ортаны қалыптастырудың, қаржы институттарының, клиенттер мен мемлекеттік органдардың қаржы секторындағы сервис қызметінің сапасын арттырудағы өзара тиімді байланысын нығайтудың негізі саналады.
– Азаматтардың өз капиталын сауатты басқаруға, оны қолжетімді қаржы құрылымдарында сақтап, тиімді инвестиция жасауға қалай машықтандыруға болады?
– Бұл орайда Ұлттық Банктің 2018 жылдың наурызында енгізіліп, табысты жұмыс істеп жатқан жаңа инновациялық шешімі – «Invest Online» жүйесіне сүйенуге кеңес береміз. «Invest Online» жеке тұлғалардың ақшаларын Ұлттық Банк ноттарына салуына мүмкіндік беретін қарапайым әрі тегін құрал болып есептеледі. Аталған жүйенің көмегімен кез-келген қазақстандық мобильді қосымшаны жүктеу немесе жүйенің веб-сайты арқылы Ұлттық Банктің ноттарын инвестициялай алады және күнделікті өсім аударымы арқылы кепілді кіріске қол жеткізеді. Ұлттық Банк шығарған құнды қағаздар (ноттар) сенімді қаржы құралы саналады, банк бұл инвестиция салымдарының қайтарымына кепілдік береді. Салым сомасы мен транзакция санына қарамастан нотты сатып алу операциясы тегін жүргізіледі. Ұлттық Банктің құнды қағаздарын инвестициялау қаржының аз көлемінде де (100 теңге деңгейінде) қабылданады, мұнда комиссия шығындары мен салық ұсталмайды. Сонымен қатар, жүйе қолданушылары өз ақшаларын ноттарды қайта сату арқылы жеке төлем карточкаларына аудара алады, мұнда да комиссия ұсталмайды және сақталған пайыздар деңгейінде кепілді кіріске ие болады.
Бұған қоса, 2018 жылдың 30 шілдесінде Қазақстан нарығы үшін жаңа халықаралық желі ашылды. Жобаны іске асыру барысында халықаралық Clearstram есеп жүйесі арқылы теңгемен шығарылған барлық мемлекеттік құнды қағаздарды айналымға қосуға болады және шетел инвесторларының қазақстандық қор рыногына ену мүмкіндігі кеңейеді. Осы арқылы шетел инвесторлары тарапынан қазақстандық мемлекеттік облигацияларға сұраныс көбейіп, оның сыртқы рыноктағы өтімділігі мен тартымдылығы артады.
– Банктер Ұлттық валюта – теңгенің 25 жылдығын қалай қарсы алуда және кәсіби мерекеге орай әріптестеріңізге қандай тілектер айтар едіңіз?
– Мереке қарсаңында Ұлттық Банктің Ақмола филиалы екінші деңгейдегі банктермен бірге «25 жылдыққа – 25 жасыл желек» акциясын өткізді. Шырша көшеттері Көкшетау қаласының жаңа Неке сарайы ғимараты алдындағы «Банкирлер аллеясында» отырғызылды.
Банк қызметкерлері Ұлттық теңгенің 25 жылдығына спорттың бірнеше түрінен спартакиада өткізді. Тартысты өткен жарыстарда 550000 теңгелік жүлде сарапқа салынды. Жарыс жүлдегерлері өздері жеңіп алған қаржыны толығымен Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Көкшетау қаласының арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Мүмкіндігі шектеулі жандардың «Мерген» спорт клубына» аударды. Бұдан басқа да қайырымдылық бағытындағы игі шаралар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, Ұлттық Банк «Теңге 25 жыл» мерекелік монеталарының үш түрін шығарды. Бұлардың екеуі 1 килограмм және 62,2 грамдық
(2 унция) салмақта болса, үшіншісі 11,17 грамдық мельхиора монеталары. Мерекелік теңгелерді жасауда алғаш рет екі жақтаулы алтындау мен цифрлы технология қолданылды. Мерекелік теңгелер айрықша көркем дизайнымен ерекшеленеді.
– Танымдық тұрғыда тарата айтқан әңгімеңізге рахмет.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар