Құмар ойындар және одан адамға келер қасірет те көп

Ұтыс үшін көп нәрсенің керегі жоқ. Спортқа деген қызығушылық пен бармақтай ғана сәттілік болса болғаны. Букмекерлік кеңселерде бәс тігу құмарлығы дәл осылай басталып, адам санасын тәуелділікке түсіреді. Бүгінде спорттық жарыстар арқылы ақша ұтып алу мүмкіндігіне кәміл сеніп, ақшасынан да, абыройынан да айырылушылар көбейді.

Ойын бизнесі – құмар ойындары, оның ішінде, бильярд пен казино ұйымдастырудан, лотерея өткізуден пайда алуға бағытталған лас бизнес түрі. Ойынханаға құмар ойындар өткізіліп, бәске тігілетін заттар қабылданатын кәсіпорындарға казино, тотализатор, букмекерлік кеңсе, ойын автоматтарының құжырасы және тағы басқа ойын мекемелері кіреді.
Алғашында бәс тек ат жарыстары мен жекпе-жек ойындарына ғана тігілген екен. Уақыт өте келе бұл ойынға бұқа, ит, әтеш төбелестері де қосылған. Ал, XX ғасырдан бастап бәс тігу құмарлығы спорттың барлық түрін жаулап алды. Букмекерлік кеңселер Еуропа елдерінде көп емес. Бұл лас бизнес біздің елімізге XX ғасырдың соңы мен XI ғасырдың басында келді. Ресми деректерге зер салсақ, елімізде бір ғана «Олимп» букмекерлік кеңсесінің 184 бөлімі бар. Ал, қалғандары өз филиалдарының есігін бірінен соң бірі жарыса ашуда. Олардың ішінде «Зенит», «Гол+Пас», «Betcity», «Tennisi», «Profit», «Megabet» деген кеңселер де аз емес. Ал, интернет-ресурс арқылы бәс тігуге құмар адамдардың саны 200 мыңға жетіп, оның тең жартысы тұрақты ойыншылар екені анықталды.
Бастапқы жылдары букмекерлік кеңселер өз бизнесін жандандыру мақсатында талай жанға бәс тігу – ақша табудың оңай жолы екенін ұғындырып, халықтың сенімін жаулап алу үшін бар айла-тәсілдерін қолданды. Әсіресе, футболдан әлем чемпионаты кезінде букмекерлік кеңселері адамдарға лық толып тұрады. Мәселен, күніне бір кеңсенің өзінде мыңнан астам адам бағын сынап, бәс тігу бәйгесіне қатысады екен. Олардың арасында 5-10 мыңнан бастап, жүздеген мың теңгеден ұшырғандар көп кездеседі. Ақыры, құмар ойын орындарын жағалайтын адамдар жұмыссыздар мен баспанасыз қалғандар қатарын толықтырды.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, казино мен ойын автоматтарының нарығы жылына шамамен 150 миллиард теңгені, яғни, 810 миллион долларды құрайды. Сарапшылар бұл қыруар қаражаттың басым бөлігі көлеңкелі бизнестің үлесінде екенін айтады. Сонымен қатар, бұл індет бойынша еліміздің қаржы полициясы жыл сайын жүздеген қылмыстық істердің бетін ашуда.
Қолда бар ақшаны тәуекел етіп, оны құмар ойын арқылы еселеп көбейтуге тырысу халқымызға жат қылық болса да, құмар ойын мекемелерін жағалап, тіпті бұл ойындарды ұйымдастырушылар қатарында қазағымыздың жүргені санаға сыймайды. Психологтар азартты ойындарға тәуелді адамдарды лудомания дертіне шалдыққандар қатарына жатқызады. Толығырақ айтсақ, лудомания дегеніміз әлеуметтік, материалдық, кәсіби және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкеліп соғатын патологиялық ойынқұмарлық. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізімін ресми түрде толықтырып отыр. Демек, бұл адам денсаулығына нұқсан келтіретін аса қауіпті дерт. Бұл аурудың қалыптасу кезеңдеріне жалғыздық сезімі, қанағаттанбаушылық сезімі, оңай олжа сезімі, тәуелділікке тез бейімделушілік пен айқындалу дәрежесі әрқилы психикалық ауытқулар жатады. Жалғыздық сезімі адамды алғаш рет ойнауға итермелейді. Алғашқы ойыннан алынған әсер қайта ойнауға мәжбүрлейді. Бұл кезең қанағаттанбаушылыққа ұласады. Бір рет ұтып, жеңіл жолмен пайда болған ақшаны қолға ала сала ойыншы бұл жетістігін қайталағысы келеді. Нәтижесінде, құмарлыққа душар болған адам достары мен туыстарынан алшақтап, бойында үрей, жеккөрініш, өкініш сезімдері қалыптасып, эмоционалды бұзылыстың ең жоғары сатысына жетеді. Айта кететін жайт, лудоманияға шалдыққан науқастардың 32-70 пайызына суицидалды ойлар келсе, 40 пайызы өз-өзіне қол жұмсайды екен.
Еске сала кетейік, 2007 жылдың сәуір айынан Қазақстандағы барлық казино, букмекерлік кеңсе және ойын автоматтарының жұмысын тоқтату шаралары басталды. Бірақ, бұл көлеңкелі бизнес жылдан-жылға ұлғайып, жүздеген, тіпті мыңдаған адам тағдырына балта шабуда. Құмар ойынның басты бәсі өкінішке байланғанын ұмытпасақ дейміз.
Ботакөз БАҚБЕРГЕН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
журналистика факультетінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар