«Қызмет көлемі де, сапасы да арта түсуде»

Бақытжан Өмірзақов,
Ақмола облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары:

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бүгінде мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселе болып отыр. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы бюрократтық, заң бұзушылықтар мен әредік бой көрсетіп қалатын жемқорлық оқиғалары қарапайым халықтың мемлекеттік органдарға, сол арқылы жалпы мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіріп жататыны жасырын емес. Ақмола облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Өмірзақов департамент атқарып жатқан мемлекеттік қызмет жөнінде өз ой-пікірімен бөліседі.

– Әділет департаменті атқаратын ең маңызды қызметтің бірі – заңды тұлғаларды тіркеу. Осы бағыттағы атқарып жатқан жұмыстарыңыз туралы не айтасыз?
– Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау жа-йында үнемі айтып келеді. Осы орайда, әділет органдары заңды тұлғаларды тіркеу қызметін заман талабына сай жетілдіріп, қызмет көрсетудің дені электрондық нұсқада жүргізілетін болды. Бұның өзі жемқорлық заң бұзушылықтардың алдын алып, қызмет сапасын арттыруға және жеделдігін жолға қоюға игі ықпалын тигізуде.
Биылғы жылдың басынан бері әділет департаментімен 1889 заңды тұлға мемлекеттік тіркеуден өтті. Тарата айтар болсақ, 824 заңды тұлғалар, олардың бөлімдері мен филиалдары мемлекеттік тіркеуден өтсе, 60 заңды тұлғаға қатысты өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, 848 заңды тұлға қайта тіркеуден өтті, ал 210 заңды тұлға таратылды. Түрлі себептермен арыз берген 378 заңды тұлғаның өтініштері қанағаттандырылмады. Әрине, бұндай шара заңды негіздерге сүйене отырып жасалатыны белгілі.
Заңды тұлғаларды тіркеу барысында бәрі де ойдағыдай болып жатпағанын айта кеткім келеді. Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты мамандардың арасында өз жұмыстарына салдыр-салақ қарайтындары да кездесіп жатады. Бізде сенім телефоны жұмыс жасайды. Ондай оқиғалар кездескен жағдайда кез-келген азамат сенім телефоны арқылы шағымдана алады. Бұндай жағдайда заңсыздыққа жол берген қызметкер сол әрекетіне орай жауап береді.
– Азаматтық хал-ахуал жазбалары актілерін тіркеу және апостилдендіру қызметі бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Жыл басынан бері өткен 9 айдың ішінде әділет органдарында 21576 азаматтық хал-ахуал актілері тіркелген екен. Қазір некені тіркеу қызметі жергілікті атқарушы органдардың қарауына берілгені белгілі. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдар осы тарапта 31002 қызмет көрсетіпті. Айта кетерлік бір жай, соңғы жылдарда некеге отыру электрондық портал арқылы жүргізіле бастады. Биылғы жылдың басынан бергі электрондық қызмет көрсету көлемі өткен жылғыдан екі еседей көбейіп, 4155-ке жеткен.
Апостилдеу қызметіне деген сұраныс өткен жылдарға қарағанда біршама кеми түскені байқалуда. Жыл басынан бері апостилдендіруге қатысты 790 өтініш түссе, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден 176-ға кем. Әділет органдары тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету талаптары заңда белгіленген шеңберде жүргізілуде және өтінішті қарау мерзімі бұзылмаған.
– Зияткерлік меншік құқығын бұзу жайы байқала ма және осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарыңыз туралы не дейсіз?
– Биылғы жылдың өткен 9 айы ішінде құзырлы орган тарапынан тауар белгісіне қатысты 17 тексеріс жүргізіліп, бәрінде де заң бұзушылық жайлар анықталды. Тауар белгісіне қатысты заң талаптарын бұзушыларға қатысты 17 әкімшілік іс қозғалды. Өткен жылы осы кезеңде заң бұзушылардың саны 10 болғандығын айтсақ, заңсыздықтар қатары біршама өскенін байқауға болады. Зияткерлік меншік құқығын бұзуға қатысты заңсыздыққа жол бергендер айыппұл түрінде 887445 теңге көлемінде айыппұл төледі.
Заңсыз тауар айналымынан жалпы құны 514745 теңге болатын 66 контрафактілік заттар алынып тасталды. Әділет органына тауар белгісі талаптарын бұзған «СтарЛайн» және «IKEA» компанияларына қатысты шағымдар түсіп, тексеру барысында ол анықталды және заң шеңберінде шара қолданылды.
– Әділет департаментінің негізгі жұмыс салаларының бірі – сот орындаушылық қызметі. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз туралы айта кетсеңіз.
– Жыл басында 6,5 миллиард теңгенің 6719 ісі сот орындаушылық өндірісте болған еді. Солардың қазіргі күнге дейін 1,8 миллиард теңгенің 3242 ісі толық аяқталды. Бұл жалпы істердің 56 пайызын құрайды. Сол аяқталған істердің 653-і немесе барлық істің 20,1 пайызы толық орындалды, яғни, сот шешімінде көрсетілген мүлік және ақша заңды иелеріне қайтарылды. Қазіргі күні
жалпы сомасы 4,7 миллиард теңгені құрайтын 2477 іс қалып отыр.
Бүгінгі күні штаттағы 13 сот орындаушысына іс жүзінде жүктеме көлемі 48 орындаушылық құжаттан келеді екен. Көріп отырғанымыздай, сот орындаушыларына жүктелетін міндет жүгі ауыр. Осы орайда, жеке сот орындаушыларының тигізіп отырған көмегі туралы айтпай кетуге болмайды. Қазіргі күні облыс аумағында 88 жеке сот орындаушысы қызмет көрсетеді. Биылғы жылдың 9 айында олардың қарауында 85132 орындаушылық құжат болды. Қазіргі күнге дейін 26170 құжат немесе барлық істің 30,7 пайызы толық орындалды. Атап өту керек, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орындаушылық құжат көлемі біршама кемігендігі байқалады. Соған қарамастан, жеке орындаушылар тарапынан атқарылып жатқан жұмыс ауқымы үлкен екендігі осы цифрлардан анық көрініп тұрғандай. Әрине, жеке сот орындаушыларына ұсақ-түйек істер беріледі десек те, оның өзі көп уақыт пен жұмыс жүргізуді қажет ететіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, жеке сот орындаушылары өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай орындап жатыр деп айтуға болады.

Сұхбатты жазып алған
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар