Автокөліктерді құжаттау мен тіркеу жеңілдеді

Көкшетау тұрғындары автокөлікті қайта тіркеуге және жүргізуші куәлігін онлайн түрінде алмастыруға мүмкіндік алды. Осы мақсатта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері автокөлік иелеріне жаңа қызметті арнайы орталыққа бармай-ақ қалай пайдалану керектігін түсіндіру мақсатында «Сіздің көлігіңізді тіркеп, өзіңіздің құқықтарыңызды онлайн тәртібіне ауыстырыңыз!» акциясын ұйымдастырды. Акция мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО), автосалондар мен автокөліктерді сату аумақтарында өткізілді.

Ендігі жерде цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болған жағдайда, азаматтар электронды үкіметтің порталында автокөлікті мамандандырылған ХҚКО келмей-ақ қайта тіркеуіне мүмкіндік алды.
«Автокөліктерді тіркеу қызметтері жоғары сұраныста болғандықтан, оларды электронды форматқа көшіру туралы ұсыныстар жасалды. Аталған жаңалық азаматтардың уақытын үнемдеуге ғана емес, сондай-ақ, мамандандырылған ХҚКО жүктемесін азайтады. Бұдан басқа, жүргізуші куәлігін жарамдылық мерзіміне дейін ауыстырған кезде, азаматтардың медициналық тексеруден өтуі, сондай-ақ психиатр мен наркологтың анықтамасын ұсынуы қажет болмайды», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Бахытжан Ақан.
Портал арқылы автокөліктерді қайта тіркеуге өтініш берген жағдайда ұсынылатын құжаттардың көшірмесі талап етілмейді, барлық қажетті мәліметтер ақпараттық жүйелерден алынады.
«Онлайн-сатушы» қызметін алу үшін egov.kz порталына ену керек. Одан кейін сатылатын автокөлік туралы ақпаратты енгізіп, айыппұлдардың бар-жоғына, салық қарызын және техникалық байқауын тексеруге сұрау жасау қажет. Берешектер бар болса, электрондық үкімет порталы арқылы төлеуге болады. Ал, сатып алушы өз кезегінде, жеке кабинетінде өтінішпен таныса алады және көлік құралын тіркеу мен тіркеу куәліктерінің құнын төлеуге ауыса алады. Сондай-ақ, ол өзінің ЭЦҚ-мен жасалған мәмілені растайды, бұл мәміленің аяқталғанын білдіреді. Автокөліктердің нөміріне келетін болсақ, мәмілеге қатысушы мамандандырылған ХҚКО баруы керек немесе оны үйге жеткізуге тапсырыс беруі керек.
Айта кетейік, жыл басынан бері Көкшетау қаласының мамандандырылған ХҚКО арқылы 24 мыңнан астам автокөлік тіркеуге қойылып, 9 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілді.
***
«Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ-ы Ақмола облыстық филиалының тұрғындарға қызмет көрсететін мамандандырылған бөлімінің жаңа ғимаратқа көшіп, жұмыс істей бастағанына желтоқсан айында бір жыл толады екен. Жаңа бөлімнің жұмысы халықтың көңілінен шығып отыр.
Бөлім басшысы Тоқтар Бәйкеновтың айтуынша, алғашқы айларда бұдан бейхабар азаматтар жүргізуші куәлігін, автокөлігінің нөмірін және өзге құжаттарды ауыстыру үшін бұрынғы әдетпен автокөлік инспекциясына барып жүріпті. Мұнда жедел және сапалы қызмет алатын келушілер бөлім жұмысына риза.
–Біз онлайн режимінде жұмыс істейміз. Егер сіздің жүргізуші куәлігін ауыстыруыңыздың мерзімі келсе, біздің электрондық үкімет порталына тіркелуіңізге болады. Тіркелу, өтінім қабылдау, куәлік ауыстыру 60 минуттың ішінде жүргізіледі,–дейді бөлім басшысы. – Жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен азамат медициналық комиссиядан өтеді. Мұндай тексерістен 65 жас-тан асқан жүргізушілер де өтуге тиіс. Курс-ты аяқтаған болашақ жүргізушілер арнайы бөлмеде емтихан тапсырады. Осы орайда, бізде болашақ жүргізушінің білімін лайықты бағалайтын білікті емтихан қабылдаушылар бар. Бөлме қажетті қондырғылармен және компьютермен жабдықталған. Анықталған санаттағы адамдар үшін жеңілдіктер бар. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер кейбір алыс-берісте Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес төлем жасамайды.
Бөлім басшысының айтуынша, автокөлігіне ерекше нөмір алғылары келгендер арнайы прайс-парақта белгіленген төлем жасайды екен. Бөлімде еңбек ететін елуге жуық мамандардың негізін жастар құрайды. Жұмыс негізінен электрондық нұсқада жүргізіледі. Сөйтіп, бөлім қызметкерлері Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын нақты жүзеге асыруда.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар