Батыр Мәліктің ерлік рухы – ұрпаққа мирас

Мәлік батыр есімі қасиетті Көкшесімен қатар ауызға алынады. Бұл қастерлі ұғымдарды бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес.

Зерлі Зерендінің төсінен түлеп ұшқан жас қыран жиырма екі жасында Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Бұл жүрегінде түгі бар, қаймығуды білмейтін, жауына да қатыгез қайсар жандарға ғана берілетін ең жоғары атақ еді.

Көкшетаудағы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының мәжіліс залында Мәлік Ғабдуллин музейі мен Көкшетау техникалық институтының бірлесе ұйымдастыруымен «Ғалым Мәлік Ғабдуллин және жаңа қазақстандық патриотизм» деген тақырыпта 1-інші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Кешегі Ұлы Отан соғысында ең тұңғыш дала қазағының бірі Батыр атағын алып, ерліктің өлшеусіз үлгісін көрсетті. Жыл сайын батыр жерлесіміздің дүниеге келген күні тағылымды шаралармен жалғасып, айшықты оқиғаларға ұласады. Биыл да бұл айтулы оқиға елеулі шаралармен жалғасын тапты. Ақмола облысының тікелей бастамасымен «Мәлік Ғабдуллин – қазақтың Оқжетпесі» атты ғұмырнамалық фото шежіре-кітаптың тұсаукесері өтті.
Батырдың дәл туған күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының мәжіліс залында Мәлік Ғабдуллин музейі мен Көкшетау техникалық институтының бірлесе ұйымдастыруымен «Ғалым Мәлік Ғабдуллин және жаңа қазақстандық патриотизм» деген тақырыпта 1-інші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Бұл алқалы жиынға қазаққа есімдері етене таныс тарихшы, әдебиетші ғалымдар қатысып, ойлы пікірлер айтты. Қазақстанды былай қойып, көрші Ресей, Өзбекстан және тағы басқа мемлекеттерден қаншама ғылыми баяндамалар келіп түсті.
Пленарлық отырысты кіріспе сөзбен ашқан Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек батыр есімін ұлықтаудың тағылымына тоқталды. Ұлт батырларын ұлықтау – жас ұрпақ санасына ел қорғаудың қастерлі ұғым екенін сіңіруге жол ашады.
Алғашқы құттықтау сөз Көкшетау техникалық институтының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Сырым Шәріпхановқа берілді. Ол техникалық оқу орнының әскери курсанттарын туған жерге сүйіспеншілік сезімге тәрбиелеудің бір ұлағатты жолы – Мәлік сияқты батырлар өнегесін кеңінен
насихаттау екенін тілге тиек етті. Сөзінің соңында өз шәкірттерінің біріне домбыра ұстатып, Қобыланды жырынан үзіндіні орындатты. Қобыланды батыр жыры Мәлік Ғабдуллиннің ғылыми зерттеуге ден қойған алғашқы еңбегі еді. Бәлкім, осы жырдан нәр алған Мәлік атамыз батыр болмауы мүмкін емес еді ғой.
Қоғам қайраткері, жазушы, «Ақмола- «Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев сөз алып, Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірі осы Ұлы даланы мекен еткен жаужүрек хандар мен батырлардың ерлік жолымен астасып жатқанын ғибрат ете сөйледі. Бүгінгідей жаңару, жаңғыру идеясы көтеріліп жатқанда қазақтың көшін ілгері апару үшін қолына қару ұстаған әскерилер ғана емес, бейбіт күнде әр азамат өзінің ұлтына адал қызмет етіп, өнегелі із қалдыруы керектігі жөнінде толғанысты ойын зал толы жастарға қаратып айтты.
Кезек конференцияның күн тәртібіндегі негізгі баяндамаларға беріліп, мінберге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Түркітану және Алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы көтерілді. Ол «Ерте орта ғасырдағы көшпенділердің соғыс тактикасы» деген тақырыпты қаузап, тарихтың тереңінде жатқан сақ, ғұн және бертінгі өркениеттерде өмір сүрген көшпенді қазақ ұлтының ел қорғау өнерін деректер арқылы сөйлетті.
«Көкшетау өңірі тарихының ерлік-елдік белестері» деген тақырыпта терең ой қозғаған Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев көне Ботайдан бастау алатын жылқыны қолға үйрету өркениетінің бір арнасы осы Көкшетау екенін дәйекті ақпараттармен дәлелдей сөйледі. Әсіресе, осы өңірге қатысты тарихи жер атауларының этимологиялық түп-төркініне де жан-жақты тоқталды.
Одан әрі «Золотая книга» редакциясының бас редакторы Вячеслав Титенев, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, әскери ғылымдар академиясының академигі Тахир Мухамадеев, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек және тағы басқалары баяндамалар жасады.
Ақмола облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Еркін Исімбаев, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл конференция тақырыбы аясында өз ойларын ортаға салды.
Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек конференция конақтарына биыл облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген батырдың он бір томдық еңбегін сыйға тартты.
Түстен кейін конференция: «Қаһарман ғалым, ұстаз, батыр – Мәлік ұрпаққа мәңгі өнеге» (модераторы Қаржаубай Сартқожаұлы), «Қазақ елінің хас батырлары: оқиғалар, қолбасшылар, жауынгерлер тұлғасы» (модераторы Жамбыл Артықбаев), «Мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері мен болашаққа көзқарас» (модераторы Қалижан Нарбаев) тақырыптарында секциялық жұмыстармен жалғасты.
Мұнда еркін пікір алмасу, ой бөлісу, ұсыныстар айту, пікірлер білдіру негізі сақталып, Мәлік Ғабдуллин өмірін үлгі ете отырып, тарихтың тереңіне де шолу жасалды. Ең бастысы, Мәлік Ғабдуллиннің батырлық сипаты арқылы отансүйгіштік сананы қалыптастыру маңызды екені айтылды. Ал, ғалым Мәліктің ғибратты жолы қаһармандық өнегемен астасып жатқаны елдіктің, ерліктің өшпес ізі болып сайрайтыны анық.

Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар