Екі майданның ері

Біздің әкеміз Зейнолла Кенжеболатов 1925 жылдың 7 қарашасында Еңбекшілдер ауданының Казгородок ауылында дүниеге келеді.    Бес қыздың ортасындағы көптен күткен жалғыз ұл. Соған орай, әке-шешенің де ерекше жақсы көріп, өбектей түскені ақиқат. Бірақ, сол бір ауыр жылдар, тұтқиылдан тұтанған соғыс өрті салдарынан бұл еркеліктің де ғұмыры тым қысқа еді.

Әкеміз Ұлы Отан соғысының қан майданына өз еркімен небары 17 жасында аттаныпты. Бұл оң-солын әлі толық байыптап үлгермеген бозбаланың ғана жасы. Ал, ол кездегі ерте есейген жастар туралы бұлай деуге болмайтын. Алдымен, Ташкенттің іргесіндегі Гермес қаласында алты айлық әскери командалық училищені бітірген әкеміз іле кіші лейтенант шенімен соғыстың алдыңғы шебінен бір-ақ шығады. Сөйтіп, армия генералы Ф.Толбухин мен майор Щербаковтың жетекшілігіндегі қалың әскер мен полктың жүрегі «Отан» деп соққан бір сарбазына айналады. Бұл әскер күші 1942 жылы үшінші Украин майданында Сталинградты азат ету ұрыстарына қатысқан даңқты әскери құрамалардың бірі. Сол жолы жаудың 330 мың әскерінің қоршауда қалып, біздің жаққа тұтқынға түскенінің өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек.
Бұдан әрі Зейнолла Кенжеболатұлы Донбасты, Молдавияның бір бөлігін жаудан азат етуге қатысып, Венгрияға дейін жетеді. 1945 жылдың 6 наурызында Болотон қорғаныс операциясы басталады. Ал, 16 нау-рызда бұған Вена операциясы қосылып, үшінші Украин майданындағылар бірінші Болгар және үшінші Югослав армияларымен қосылып, жауды Болотон өзенінің жағалауынан өкшелей қуады. Осы ұрыстардың бірінде ауыр жараланған әкеміз басынан үш бірдей күрделі отаны өткізіп, үйге тек 1946 жылы ғана оралады. Зұлым жауға қарсы майданда көрсеткен ерліктері үшін омырауында Қызыл Жұлдыз ордені мен бірнеше медальдар жарқырай түсетін. 2009 жылы бұған Украина Президенті Л.Кучманың Жарлығымен марапатталған «Украинаны неміс-фашист басқыншыларынан азат етудің 60 жылдығы» медалі да қосылды.
Әкемізді екі майданның да ері деп ауыз толтырып айтуға әбден болады. 1953 жылы іскерлігі мен білгірлігі ескеріліп, Үлгі селолық кеңесінің хатшысы, ал, арада үш жыл өткеннен кейін төрағасы болып тағайындалады. Бұл елімізде тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының нағыз қыза бастаған шағы. Осы бүкілхалықтық іске үн қосқан Зейнолла Кенжеболатов та Көкшетау облысының шалғайдағы «Совет» совхозынан бір-ақ шығады. Сөйтіп, 1961 жылы тың далада алғашқы қазығы қағылған осы шаруашылықта табан аудармастан 1975 жылға дейін он төрт жыл бойы Терек селолық кеңесінің төрағасы болып жемісті еңбек етеді. Кейін майданнан келген бетте өзі алғаш еңбек жолын бастаған «Невский» кеңшарында да еліне елеулі еңбегін сіңіріп, соңында өшпес із қалдырады. Сол бір өмір өткелдерінің бәрінде де әкеміздің жанында аяулы анамыз Майникамал Әбуқызы бірге болып, екеуі бақытты да жарасымды ғұмыр кешкені өз алдына үлкен бір өнеге. Соғыс басталғанда Еңбекшілдер ауданындағы Қызылұйым ауылының тумасы, осы анамыз небары 14 жаста екен. Тылдағы еңбектің ауыртпалығын шұлық пен қолғап тоқып, қырманда уақытпен санаспай еңбек етіп, үлкендермен бірге көтергенін ауызекі әңгімелерінен талай естіп өскенбіз. Ұстаз атанып, мектеп-интернатында жұмыс істеген жылдарында алдынан талай шәкірттер түлеп ұшып, кейін туған еліміздің бір-бір абзал азаматтына айналды. Бүгінде осы шәкірттері ұстаздарына деген ақ пейілдерін, Майникамал анамыздың қолдарына қалай кітап ұстатып, білімге баулығанын ыстық ықыласпен жиі ауызға алып отырады.
Сөзімнің басында айтқан ата-анамыздың шексіз сүйіспеншілігі өмір бойы бізге түзу бағыт-бағдар болып келеді. Бір шаңырақтан тараған қаншама жан өмірден өз орындарын тауып, сол бір өздері көріп, көңілдеріне тоқыған ұлағатқа адал болудан айныған емес.
«Қазэкспортастық Холдингі» акционерлік қоғамының бөлім бастығы Айна Кенжеболатова, «ҚазМұнайГазСервис» ЖШС-нің бас менеджері Марат Өтепов, Л.Гумилев атындағы Ұлттық Еуразия университетінің ғылым жөніндегі бөлім бастығы Әсел Сейпішева, бизнесвумен Сәуле Ситсас, әуе қорғанысы әскерлерінің басқарма офицері Дулат Иманбаев, бизнесмен Нұрболат Сейпішев, заңгерлер Малика Кенжеболатова және Ерболат Сейпішев, өлкетанушы Әнел Иманбаева, банк қызметкері Ахмет Кенжеболатов… Міне, ата-анамыздан тараған немере-жиендердің бәрі де осылай өмірден өз орындарын тапқан. Ал, Талғат Кенжеболатовты әнші, композитор ретінде қалың ел біледі.
Әрбір адамның бұл тірлікте өз басын иетін бір асқар тауы болады деп түсінемін. Алтын ұямыздан ұшып, жан-жаққа тарап кеткен біздер үшін сондай бір биік тұғырымыз – өзіміздің туған ауылымыз, кешегі Казгородок, бүгінгі Үлгі елді мекені болса керек. Бұл қасиетті топырақта Марат Ақиянов, Сатыбалды Бегахметов, Зиябек Жүсіпов, соғыс және еңбек ардагерлері Сейпіш Қарқынбаев, Александр Романика сияқты көптеген өз заманының ерлері жатыр. Олар бізді соғыс жылдарында зұлым жаудан қорғап, бейбіт заманда тырбанып жүріп, осындай жақсы тұрмысқа кенелткен ардақты жандар. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы да әне-міне, жақындап қалды. Сан миллион адамның қасық қанымен келген ұлы күн әрі қуантады, әрі мұңайтады. Өйткені, кешегі ортамызда жүрген асыл майдангерлердің қатары күннен-күнге сирей түсуде. Қадірлі әкеміз, Ұлы Отан соғысының ардагері  Зейнолла Кенжеболатовты еске ала отырып, сол кісілердің бәрінің өшпес рухы алдында басымызды иеміз.
Алма КЕНЖЕБОЛАТОВА.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар