Онкологиялық жағдайдың себеп- салдары талқыланды

«Қазақстан-2050: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық Сайлауалды бағдарламасының

«Денсаулық» саласы бойынша өңірлік практикалық куратор комиссиясының отырысы болып өтті.

Онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында халықтың әлеуметтік әл-ауқатының маңызды құрамдас бөлігі – медициналық қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында Ақмола облысы тұрғындары арасында онкологиялық аурулармен ауыратын сырқаттардың мәселелері қаралды.
Облыстық мәслихат депутаты, «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша партиялық комиссияның төрағасы Серік Аяғановтың төрағалығымен өткен бұл кезекті комиссия отырысында Ақмола облысында 2018 жылдың 9 айындағы қатерлі ісік ауруларының және оның салдарынан болатын өлім-жітімнің проблемаларына қатысты, облыстағы қатерлі ісік ауруларының азаюының кешенді үлгісі бойынша «Жол картасының» интеграцияланған моделін іске асыру туралы мәселе көтерілді.
Шараға денсаулық сақтау саласының мамандарымен қатар, аталған мәселеде құзырлы мемлекеттік мекеме қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Бүгінгі таңда елімізде қатерлі ісік дертінен көз жұматындар саны жүрек-қан тамыр ауруларынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын 36 мың қазақстандық аты жаман дертпен ауырса, оның 15 мыңы көз жұмады екен.
Ақмола облысында ағымдағы жылдың қазан айындағы мәліметтер бойынша қатерлі ісік дертіне шалдыққандар саны 8824 адамды құраса, бұл жалпы тұрғындардың 1,2 пайызы. Алғаш тіркеуге алынғандар саны 1275 адам. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 0,4 пайызға азайған. Алайда, олардың 71-і бала. Бір ғана лейкемия диагнозымен 180 адам тіркеуде тұр. Өкініштісі биылғы жылдың 9 айында 583 адам осы рак ауруынан көз жұмған.
«Қатерлі ісікке шалдыққандарға медициналық көмек көрсету мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі болып саналады. Бұл жұмыс тегін медициналық көмек көрсету бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда», – деді өз сөзінде көпсалалы облыстық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Майя Әбдірахманова.
Ағымдағы жылдың 9 айында Жол картасы индикаторларының бағыттары орындалмауына байланысты Астрахан аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Елубай Құрманов, Жақсы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Людмила Бруй, Бурабай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Алма Құрмашева мен Көкшетау қалалық №1 емханасының дәрігері Әйгерім Каримованың есептері тыңдалды. Қабылданған шараларға қарамастан, онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру бо-
йынша бірқатар мәселелер туындап отыр. Дәрігерлер қауымы олардың күн тәртібінен түспей тұрғандығына алаңдаушылық білдірді.
Комиссия отырысында қатерлі ісік бойынша өлім-жітімнің көбеюі алдымен адамдардың уақытында дәрігерге қаралмауы, скринингтен өтпеуі, кадр тапшылығы мен аудандық ауруханалардағы медициналық құрал-жабдықтарды тиімді пайдаланбау салдарынан болып отырғаны айтылды.
Бүгінгі таңда Ақмола облысы бойынша 16 аудан мен
2 қалада онкологиялық кабинеттер ашылды. Ал, Атбасар, Астрахан, Ақкөл және Аршалы аудандарында бір-бірден, Көкшетауда екеуден, барлығы
6 маммологиялық кабинет ашылып, 7 аудан мен 2 қалада онколог дәрігер жұмыс істейді. Облыс алғашқылардың бірі болып дәрігерлік және палиативтік көмек беруді ұйымдастырды. Сонымен қатар, Көкшетау қаласында 150 орындық онкологиялық емхананың құрылысы басталды.
Отырысқа қатысушы мамандар адам денсаулығы алдымен өз қолында екендігін айтып, скринингтік медициналық тексерістер қатерлі ісіктің ең бірінші кезеңінде анықтауға мүмкіндік беретіндігін айтып тарқасты. Комиссия отырысы бойынша тиісті құзыретті органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Асылай Қадырқызы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар