Ақан серінің адалбақаны немесе жақсылардан қалған жәдігерлер

Мектеп оқушыларының күзгі каникулы кезінде ауылдан қонақ келген. Жетінші сыныпта оқитын бозбала. Үлкен ағайдың немересі, ет жақын туыс. Қалаға келуі тұңғыш рет. Сөйлегені қызық, түйеден түскендей дүңк ете түсіреді. Мейманның құрметіне шағын дастархан жайылған.

Дәм үстінде дөңгелек жүзді, тығыршықтай қара бала бетіме бажырайып қарады да:
–Қалаңда не бар?! – деп сұрады.
Осы қаланың бәрі құтты менің меншігімдей.
–Киноға барайық,–дедім,–әлде түнгі клубқа аңсарың ауып тұр ма?
Сөз қуған тұқымның жұрағаты емес пе, әзілімді түсінді.
–Жоқ, киноң да, клубың да қажет емес, музейге апаршы.
Осы жерде мен тосылдым. Музей демекші, ол орынға біз бас сұқпағалы қашан. Қызығушылық болмағаннан емес, күнделікті қым-қуыт қарекеттің қырсығы.
Келесі күні білмекке құмар інішекті ертіп әдебиет және өнер музейіне келдік. Жақсылардан қалған жәдігерлер тұнып тұр екен. Алдымен назарымыз ауғаны, Алаштың ән әлеміне мәңгі өлмес мұра қалдырған әйгілі Ақан серінің адалбақаны.
–Ілкі заманда қазақ халқы киіммен өзге үй мүліктерін аяқасты етпей іліп қоятын құралды адалбақан деп атаған ғой,–дейді музей директоры Нұрбек Нұралы,–әдетте біздің өңірде адалбақанды жуандау, бұтағы көп балапан қайың мен шыршадан жасаған. Ал, Ақан сері темір ұстасына соқтырса керек.
Әрине, өзге жұрттан Серінің салтанаты басым. Берік болуын қалаған шығар. Айдыны асып тұруын көксеген шығар. Ұзындығы көз мөлшерімен бес метрден асатын бұйым екен. Төменгі жағы төрт метрдің шамасында болса, үстіңгі бір метрге жуығы қосарлана жалғаспақ. Ұшар басына шарболат орнатылыпты. Өне бо-
йына ирек сызық пен дөңгелек бедерлер қашалған. Сол ұзын тірекке құтты аттың басы тәрізденген киім ілгіш ілгектер шендестіріле бекітіліпті. Әрі сол ілгектерге аттың басын айқындап тұратын бедерлер түсірілген. Төменгі жағы жерге қағылып, орнықты тұратындай етіп қыран құстың аң бүргелі жайылған шеңгеліне ұқсата жасалған. Жоғары жағы айнымаған өсімдік өрнегі. Әуел баста темірдің бетіне ақ күміс жалатылса керек. Жай ғана жалатып қоймай, өрнекпен сәнін кіргізген. Ал, ең үстіндегі үшкір ұшына үлкендігі қос жұмырдықтай күміс шарболат бекітіліпті. Заманында осы шарболаты киіз үйдің шаңырағынан шығып, күн көзімен шағылысып, алыстан көз арбап тұрған ғой.
–Адалбақан деп неге айтқан, ата?!–дейді ауылдан келген туыс,–бақан десе жетпейді ме?
Өзімше долбарлап жатырмын. Бақан екені рас, бірақ, адалдыққа ынтықтан шыққан сөз шығар. Мысалы, Серіні былай қойғанда тәмам жұрт киімін елдің аяғының астында шашып тастамай, жинақы ұстаған. Өзгенің аяғы түгіл қолы тимеген. Адал сөзі бәлкім осы ұғымнан шыққан шығар. Білмекке құмар балаға бәрін жіктеп айта алмадым.
Адалбақанды тоқсаныншы жылдардың басында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Сарыөзек ауылының тұрғыны, Сері ұрпақтарының бірі Қайша Нұрғазина тапсырған екен. Екінші бір құнды дүние Ақан ән арнаған Ақтоқты сұлудың «Зингер» тігін машинасы. Жақсы сақталыпты. Сол қалпы. Тіпті қазір отыра қалып іс тіге беруге әбден болатындай. Заманында Көкшетау төңірегіне аты мәлім Сүтемген ұрпақтарынан табылған екен. Сөз арасында Сүтемген байдың осы төңірекке өркениет әкелген адам болғандығын айта кетпесек, аруаққа қиянат болар. Байдың Қырым мен Қытайдан жеткізген шөп, сүт машиналары, пірішке арбасы, одан өзгесі де толып жатқан ғой. Шамасы Ақтоқты пайдаланған «Зингер» тігін машинасы да жаңалыққа құмар қайын атасы, Сүтемген байдың Омбы мен Қорғаннан әкелген бұйымы болар. Кейінгі ұрпақ әжеміздің көзі деп бергісі келмей тартынғанымен, музей қызметкері, әнші-композитор, марқұм Кәрім Ілиястегі ат түйедей қолқалап алып, музей қорына қосқан екен.
Ендігі бір зат қалың Қарауылға қамқор болған Қанай шешеннің саптыаяғы. Көмейі бүлкілдеп сөз бастағанда Қанай би осы саптыаяққа қымыз құйдырып, таңдайын жібіткен деседі. Ағаштан ойып жасалған, сыйымдылығы бес литр шамасындағы шұңғыл, сопақша ыдыс. Түбі орнықты, адам ерні тиер жиектері жұқа әрі тік. Іліп қоюға да, қанжығаға байлауға да ыңғайлы етіп сабына темір шығыршық тағыпты. Аңыз айтады, Қанай бидің ұрпақтары 1930 жылдардың басындағы алапат ашаршылық жылдары осы саптыаяқты құлынды биеге айырбастамаған. Бабамыздың көзі дескен. Ал, аштық қысқанда құлынды бие дегеніңіз адам құнынан қымбат емес пе еді.
Мына бір құты Бөгенбай батырға тиесілі екен. Үмбетей жырау Абылай ханға:
–Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың.
Батырың өлді Бөгенбай!..– деп жүрегі қарс айырылып ажалын естіртетін әйгілі Бөгенбай батыр. Құты жез бен мыстан және олардың қоспасынан шендестіре жасалған екен. Дөңгеленіп келіп орайласқанда жоғары жағынан шүмек тәрізді жіңішке мойын шығарылған. Мойынның ернеуі дөңгелете жапырылған. Осы тұстан сәл төменірек шығыршық тағуға арнайы құлақша бекітіліпті. Қос құлақшаға шынжыр темірдің екі ұшы шығыршықтары арқылы байланады. Сөйтіп, темір шынжырға іліп қоюға не қанжығаға берік етіп байлауға әбден болады.
Ауылдан келген балаға бәрі таңсық. Ол түгілі өзімізге де. Ел назарын аударатын жәдігерлер аз емес екен. Тағы бірі, бәлкім бірегейі түркі әлемінің рухани ұлы ұстазы – Қожа Ахмет Яссауидің хатқа түсірген атақты хикметтері. Хикметтер бірнеше мәрте қазақ, өзбек, түрік тілдерінде жарық көрген. Бұл қолжазба көшірмесін өзге нұсқаларымен салыс-
тыра зерттеген ғалым Қаржаубай Сартқожа. Осы қолжазбадағы өлең жолдары шағатай тілінде жазылған ең көне нұсқасы екені анықталыпты. Бұл кітап шамамен алғанда ХVІ-ХVІІ ғасырлар аралығында бұхар қағазына түсірілген. Кітап тілі шағатай тілінің қыпшақ диалектісіне жатады. Яғни, қазіргі қазақтың әдеби жазба тіліне орайлас. Бұрынғы нұсқалар негізінен оғыз диалектісінде жазылған екен. Музейдегі осы қолжазба нұсқасы ең көне әрі сирек кездесетін үлгі. Барлығы 90 беттен тұратын қолжазбаны толық аударған жағдайда бұрыннан мәлім үш нұсқамен салыстырудың нәтижесінде транскрипциялық, мәтіндік, көркем поэтикалық үлкен айырмашылықты ашуға болады. Зайыры бұл қолжазба қазақ әдебиеті үшін де, тіл тарихы орайында да, ежелгі діни философия тақырыбында да теңдесі жоқ, маңызы зор рухани мұра болса керек.
Етпісірім уақыт ішінде ауылдан келген інімнің арқасында музейден мол мағлұмат алып шықтық.
–Рахмет, ата!–дейді жойдасыз көп жәдігерлерден сыр ұққан қара бала.
Саған рахмет дедім мен ішімнен. Сен келмесең, жанынан күнде өтіп жүрген музейге бас сұғар ма едік, кім білсін?!.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар