Атына заты сай шаруашылық

«Жақсылық агро» серіктестігі биылғы жылдың орақ науқанын ойдағыдай аяқтап, жоспарланған көлемде дәнді дақылдар мен мал азығын жинап алды.

Серіктестіктің жоспары ауқымды, ұраны – бастаған істі аяғына дейін жеткізу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін олар қазіргі заманғы ірі өндірісті құрып, оннан аса жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылықтың басшысы Амангелді Жақсылықовтың айтуынша, тауарлы сүт фермасында 500 бас сиыр бағылады.
– Сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара малды ұстау үшін алдымен азық қорын құру қажет. Осы орайда, азықтық дақылдарды, оның ішінде әсіресе жүгеріні көп өсіреміз. Еңбеккерлердің ерен еңбегінің арқасында 5 мың тонна жүгері, 1 мың тоннадан астам шөп дайындалды. Малдың құнарлы азығы болып табылатын бұршақты да жинап алдық. Малшылар, сауыншылар, бұзау күтушілер өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруда. Малдың саулығын мал дәрігері қадағалайды. Сиырлар жыл бойы қорада бағылады. Күндіз шарбаққа шығарылады. Малшы Александр Насс малдың жемшөбін уақытында беруді дәстүрге айналдырған,–дейді серіктестік басшысы.
Сауыншы Вера Черныш 45 бас сиырға күтім жасайды. Мұндағы жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Мәселен, үш сиыр бір мезгілде сауылып, сүт бірден сыйымдылығы 4 мың литр салқындату қондырғысына жіберіледі. Сүттің сапасы серіктестіктің өз зертханасында тексеріледі. Бұзаулар жылы қорада бағылады. Әр төлдің шарбағына оның нөмірі, туылған күні тәрізді өзге де мәліметтер көрсетілген тақтайшалар ілінген. Малдардың жалпы күтімі, күнделікті азық құрамының сақталуы, әр сиырдан алынған сүт мөлшерінің есебін жүргізу міндеті Лидия Мазуренкоға жүктелген. Алдағы уақытта бұзаулар қорасын қайта жабдықтау жұмысы жоспарлануда. Осы мақсатта жаңа туған төлдер үшін арнайы «себетті» қоралар сатып алынған.
–Ферманы қайта жабдықтап, жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргіздік. Жуық арада тауарлы сүт фермасын қазіргі заманғы үлгіге сәйкес қайта жабдықтаймыз. Малдың астын шығаратын транспорттық лента мен өзге де автоматты қондырғылар орнатпақшымыз. Бұл еңбеккерлердің жұмысын жеңілдетеді. Жұмысымыз өрге басса, мал басын көбейтеміз,– дейді Амангелді Жақсылықов бізбен әңгімесінде. Серіктестік Приречен селолық округіне уақытша келген жоқ. Осы орайда, олар әлеуметтік саланы дамытуға, елді мекендерді абаттандыруға, жолдарды жөндеуге белсенді атсалыспақшы. Бүгінгі күні шаруашылық қазіргі заманғы нау-
байхана, дүкен, дәмхана кешенін салыпты. Бұл нысандар округтің орталығына сәулеттік сән беріп тұр. Жергілікті тұрғындар дәмханада мерекелік шаралар мен отбасылық тойларын өткізуде. Келешекте мұнда гүлзарлар мен балалар алаңы салынбақшы. Сондай-ақ, машино-трактор шеберханасы қалыпқа келтіріліп, қонақ үйі пайдалануға берілген. Қожайыны қандай болса, шаруашылығы сондай, демекші «Жақсылық агро» серіктестігінің аты затына сай болып отыр. Оны шаруашылықтың игі істері дәлелдей түседі.

Сәуле ШАЙДАРОВА.
Суретте: «Жақсылық агро» серіктестігінің сауыншысы Вера Черныш.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар