Өзекті мәселелерді жедел шешу талабы қойылды

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы, денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралардың барысы туралы әңгіме болды және бюджеттің орындалуы жайы талқыланып, нақты міндеттер белгіленді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкееваның айтуынша, облыста өңірлік медиялық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін нығайту және қоғамның ақпаратқа қолжетімділігін жақсарту бағытында түрлі шаралар жүзеге асырылуда.
Осы орайда, облыс әкімі мемлекеттік органдардың басшыларына бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты нығайту қажеттілігін айтып, нақты тапсырмалар берді.
– Өңірде халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша атқарылып жатқан үлкен жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдарында жарқыратып көрсетілмей келеді. Әлеуметтік маңызы зор шаралар туралы облыс тұрғындары жедел ақпараттандырылуы қажет. Аудан және қала әкімдерінің, басқармалар мен департаменттердің басшылары белсенді және ашық болуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, аппарат кеңесінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысы облыстағы медициналық мекемелердегі дәрігер кадрлардың тапшылығын шешу бағытында бос орындар жәрмеңкесіне қатысу тәжірибесі енгізіліп, осының нәтижесінде өңірге 62 жас маман келгенін атап өтті. Келер жылы тағы да 43 маман Қарағанды медициналық университеті және Қазақстан-Ресей медициналық университетінен келеді деп күтіліп отыр. Ағымдағы жылы Көкшетау мемлекеттік университетінде медициналық факультет ашылып, жұмыс істеуде. Қазір 165 студент «Жалпы медицина» мамандықтары бойынша білім алуда.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамытудың өңірлік жоспары шеңберінде медициналық ұйымдарда заңды тұлғалар саны 7 бірлікке дейін қысқартылып, 135 штаттық бірлік оңтайландырылған. Осының нәтижесінде 187 миллион теңгеден астам қаржы үнемделген. Қарашаның 1-інен бастап, Астананың іргесіндегі Талапкер, Жібек Жолы, Қоянды, Қараөткел және Қабанбай батыр ауылдарында қосымша
5 медициналық бекет ашылды.
Жиында облыс әкімі аудан басшыларына қосымша жедел жәрдем көлігін сатып алуға жәрдемдесуге, денсаулық сақтау басқармасының басшысына мемлекеттік даму бағдарламаларының оң көрсеткішіне қол жеткізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, «Денсаулық» бағдарламасы шеңберінде ауылдық елді мекендерде алғашқы медициналық санитарлық көмекке қолжетімділікті арттыру және ағымдағы жылдың соңына дейін барлық медициналық ұйымдарды электронды құжат алмасуға көшіруді тапсырды.
Биылғы жылдың 10 айындағы бюджеттің орындалуы туралы облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Татьяна Белая айтып берді. Оның айтуынша, облыста бюджет бөлігінің шығыны жоспар бойынша 98,6 пайызға орындалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға, орташа республикалық көрсеткіштен 0,4 пайызға жоғары. Облыс әкімі аудан және қала әкімдіктеріне, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жыл соңына дейін бюджет қаражатын толық игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Аппарат кеңесінде облыс басшысы әлеуметтік маңызы зор азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруда тиісті шара мен жүйелі жұмыстар жүргізбеген Бурабай, Біржан сал, Шортанды және Ақкөл аудандарының әкімдерінің жұмыстарына қатысты сын-ескертпелер жасады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар