Медициналық кызмет сапасы жақсарып келеді

Облысымызда Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы медициналық орталығының мамандары халыққа тегін кеңес беру қабылдауын өткізген еді.

«Бірінші бақыт – денсаулық» демекші, жоғары сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бүгінгі заманның басты талабы. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің алдына нақты міндеттер қойып, денсаулық саласын күшейтуді, салауатты өмір салтын насихаттауды, жастардың репродуктивті денсаулығын нығайтуды тапсырған болатын.
Осы орайда, өңірдің медициналық-санитарлық көмектің деңгейін көтеру, тұрғындардың денсаулығын бақылау мақсатында облыс басшылығы мен еліміздің үздік клиникасы арасындағы уағдаластықтың нәтижесінде, халыққа тегін кеңес беру қабылдауы өткізілді.
Қабылдау барысында жергілікті дәрігерлер шұғыл емге мұқтаж науқастарды іріктеп, қойылған диагноздарды емдеу тактикаларын анықтау үшін елорданың білікті дәрігерлеріне жүгінді, бұрын тағайындалған емдеулерге түзетулер енгізді. Медицина орталығының дәрігерлері Зеренді ауданының 195 тұрғынына диагностикалық көмек көрсетті. Нәтижесінде Астана қаласының медициналық орталығына 22 науқас жеткізіліп, тегін емделу квотасына ие болды. Ендігі кезекте отандық медицина ауыр дерттердің асқынуын алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқармақшы.
Денсаулық сақтау саласының әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелерін отандық медицинамен ұштастыра білу маңызды. Биыл қағазсыз денсаулық сақтау жүйесі пилоттық режимде төрт өңірде, атап айтқанда: Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында, сонымен қатар, республикалық деңгейдегі бірқатар ұйымда іске қосылды. Ал, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау мекемелері медициналық құжаттаманы қағазсыз форматта жүргізуге толықтай көшетін болады. Соның ішінде амбулаториялық карталар, аурулардың тарихы, дәрі-дәрмектер туралы мәліметтер, рецептілер көшірмелері электрондық нұсқаға көшірілмекші.
Білікті кадр мәселесі де күн тәртібінде. Осыған орай, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті қабырғасында «Жалпы медицина» факультеті ашылғанын еске сала кетейік. Жергілікті дәрігерлер қолдау білдіріп, бұл іс-шаралар денсаулық сақтау саласының қарқынды дамуына зор үлесін қосады деп санайды.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан шетелдің үздік емханаларына квоталар бөлінуде. Қазақстан азаматтарын емделу үшін шетелге жіберу Денсаулық сақтау министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарын бюджет қаражаттары есебінен шетелге емделуге жіберуді бекіту туралы» бұйрығының негізінде іске асырылуда. Осы бұйрыққа сәйкес, 2017 жылы шетелге 45 науқас жіберілді. Олардың 24-і бюджет қаражаты есебінен шетелдік мамандар ұйымдастырған шеберлік сабақтардың аясында емделді. Ал, биылғы көрсеткіш бойынша, 58 адам шетелде емделіп жатыр.
Бұдан бөлек, емге мұқтаж 18 балаға отандық медицина орталықтарында шетелдік мамандардың қатысуымен көмек көрсетілді.
Ботакөз БАҚБЕРГЕН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика факультетінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар