Қылмыстың алдын алу – маңызды міндет

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссия мәжілісінде мал ұрлығының алдын алу, комиссияның өткен мәжілістерінде қабылданған қылмыстың алдын алуға арналған жоспардың орындалу барысы туралы мәселелер талқыланды.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ербол Жүсіповтың баяндауынша, бірқатар қылмыс түрлері өткен жылмен салыстырғанда аздап кеміген. Керісінше ұрлық, оның ішінде мал ұрлығы, жасөспірімдер арасындағы қылмыс көлемі көбейген. Қылмыстың алдын алу бағытында жасалып жатқан жұмыстардың ішінде ең алдымен, қалалар мен аудан орталықтарында бейнекамералар орнату шарасын атап өтуге болады. Жыл басынан бері 134 бейнекамера орнатылған. Көпшілік келетін мекемелер мен орталық көшелерді былай қойғанда, Көкшетау, Степногорск қалаларында көп пәтерлі тұрғын үйлерге де бейнекамералар орнату қолға алынуда. Бұның қылмысты жедел ашуға ғана емес, оның алдын алуға да игі ықпалы болатынын өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Әдетте, қылмыскерлер бейнекамера орнатылған аумақтардан аулақ жүруге тырысады.
Департамент бастығы орынбасарының айтуынша, мал ұрлығының алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан ең басты шаруа – жеке тұрғындар мен жергілікті атқарушы органның және құқық қорғаушылардың арасындағы үшжақты келісім шарттар жасалуы. Бұл шартта әр тарап өз міндеттерін орындауға жауапкер болады. Мал ұрлығының көбеюіне көбіне мал иелерінің салдыр-салақтығы да себеп болатынын деректер көрсетіп отыр. Мал ұрлығының 70-80 пайызы жайылымда жасалады екен. Ұрылар әдетте жайылымда қараусыз жүрген малды оңай айдап әкетеді. Яғни, ұрлыққа жол беруге мал иелерінің өздері де кінәлі болып жатады. Осы орайда, үшжақты келісім тараптардың өз міндеттеріне байыпты қарауларына жағдай жасамақ. Өкінішке орай, Зеренді, Шортанды, Жарқайың сияқты бірқатар аудандарда үшжақты келісімдер жасау мәселесі дұрыс орындалмауда. Мал ұрлығының жолын кесуге құқық органдары қоғам өкілдерін тартуға да жете көңіл бөлуде. Қазіргі күні 1133 қоғам өкілдері мал ұрлығын анықтауға полицияға жәрдем береді. Солардың көмегімен жыл басынан бері 42 мал ұрлығы ашылған. Жыл басынан бері қылмысқа қарсы күреске белсене қатысқан қоғам өкілдерін марапаттау мақсатында 3,6 миллион теңге қаржы жұмсалған. Қылмыстың алдын алудағы тағы бір маңызды шара мал ұрлығы қылмысымен бұрын сотталғандарды бақылауға алу. Бүгінгі күні облысымыздың аумағында құқық органында тіркеуге алынған осындай 3825 адам бар екен. Олардың арасында үйреніп қалған жаман әдеттерін қайта жасайтындар да кездеседі.
Зеренді ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ықылас Мұқашев, Ерейментау ауданының әкімі Виктор Радченко және Целиноград ауданының әкімі Мәлгаждар Тәткеев өздері басқаратын өңірлердегі қылмысқа қарсы жүргізіліп жатқан шаралар туралы хабарлама жасады.
Облыстық прокуратураның 2-ші басқармасының басшысы Мұрат Әбішев облыс әкімінің жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссия отырыстарында қабылданған шешімдердің орындалу жайы туралы айтып берді. Жалпы қылмыс көлемі өткен жылдармен салыстырғанда біршама азайды десе де, жергілікті жерлерде керісінше бірқатар қылмыстар саны өскен. Бұның өзі қылмыстың алдын алу бағытындағы шаралардың дұрыс жүргізілмеуінен болып отыр дейді басқарма басшысы. Қылмыс жасау оқиғаларының дені арақ ішкен мас адамдардың қолымен жасалатынын мәліметтер көрсетуде. Осыған орай, маскүнемдікке қарсы күрес бағытында пәрменді жұмыстар жүргізілмейді. Мәселен, полиция қызметкерлерімен заңсыз ішімдік сатудың 174 оқиғасы тіркелсе, солардың 5-уі ғана жауапқа тартылыпты. Жергілікті жерлерде қылмыстың алдын алумен айналысатын учаскелік инспекторлар болса, Астрахан, Атбасар аудандарының бірқатар елді мекендерінде учаскелік инспектор атымен жоқ. Целиноград ауданындағы Талапкер селолық округіне қарайтын 4 елді мекенде екі учаскелік инспектор ғана бар. Ал, ауыл округінде 23 мыңдай адам тұрады. Қылмыстың алдын алудағы тағы бір маңызды шара, адамдарды еңбекпен қамту жайы. Қылмысқа баратындардың дені жұмыссыздар екендігін мәліметтер көрсетуде. Осыған орай, жергілікті әкімдіктер адамдарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге жете көңіл бөлулері керек.
Мәжілісті қорытындылаған облыс басшысы қала, аудан әкімдері қылмыстың алдын алу бойынша қолжетімді және көп шығынды қажет етпейтін шараларды қолданулары керектігін атап өтті. Ол ең алдымен, бейнекамералар орнату, содан кейін көшелерді жарықтандыру. Мал ұрлығына қатысты, малды чиптендіру шарасын жасау мүмкіндіктерін де қарастырған жөн. Жасыратыны жоқ, кейбір учаскелік инспекторлар өздері қызмет көрсететін елді мекендерде тұрмайды. Бұның өзі сол аумақтағы қылмыс көлемінің артуына белгілі дәрежеде ықпалын тигізетіні анық. Осыған орай, жергілікті әкімдер учаскелік инспектор отыратын жұмыс бөлмесі мен баспана мәселесін шешуге көңіл бөлуі қажет. Мәжілісте күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Қалкөз ЖҮСІП,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар