Әулетімнің Шамшырағы еді!..

Ұзақ жылдар түрлі салаларда басшылық қызметтер атқарған еңбек ардагері Жаңбыршы Нұркеновтың есімі облысымызға жақсы танымал. Ардагер ағамыздың бар саналы өмірі бірге өткізіп, тірліктің ыстығы мен суығын қатар татқан жан жары туралы жазған естелік кітабы жарық көрді. Сіздердің назарларыңызға сол кітаптан үзіндіні ұсынып отырмыз.

Қолыма қалам алып, осы жазбаларды жазамын деген ойымда жоқ еді. Шамшырақты мәңгілік мекеніне аттандырған соң, он-он бес күн өткенде ойлана бастадым. Апыр-ау, осы өңім бе, түсім бе? Осылай болуы мүмкін бе еді? Жоқ! Әлі де сенгім келмейді… Үйдің іші қаңырап бос тұрғаны мынау…
…Шамшырағым маған бар асылын сыйлап еді. Жанұяма ашық босаға болып, бақытымыздың, барлығымыздың алтын қазынасы болып еді. Ризығымызды, молдығымыздың байлығын тасытты дер едім.
Аймандай көрікті қыз, мақтан тұтар ұл әкелді дүниеге. Көзге қуаныш балдай тәтті немерелер өрбітті маңайыма.
…Сол бір тіршілігім қыл бұрауға түсіп қыл көпірдің үстінде жүргендей жанкешті сәттерде, өзінің жағдайына қарамай қызғыштай қорғап еді менің шыбын жанымды. Барын салып, жанын салып сақтай қалып, қатарға қайта қосып, тіршілік кілтін қолыма қайта ұстатып кетіп еді ғой.
Мен Шамшырақтың сұлу келбетін, маған деген махаббаттың құдіретін Қозысын сүйген Баяннан, Кебегін сүйген Еңліктен, Төлегенін сүйген Жібектен бір мысқал кем емес деп білемін, солай бағалаймын. Сол себептен де мен оған сонау, әу бастан өлшеусіз қарыздар едім. Өзімді борышкер сезінуші едім. Сол үшін де ол өзін маған қиған сәттен-ақ «осы сыйыңды өмірімде бір өтермін-ау!» деп іштей бекініп жүруші едім.
…Міне, сол сәттен бастап, әулиенің аян бергеніндей, Қыдырдың өзіндей ой кешіп, солардың әуеніне құлақ асқандай ақ қағаз бен қолыма қалам алып отыратын жайым бар.
Бәлкім менің бұл жазбаларым балаларыма, немерелеріме, кейінгі жас ұрпаққа бұйырса ғибраты, өнеге сабағы болар ма деген де ойдамын. Өйткені, біздің қатарымыз жүріп өткен өмір белестері, махаббат шежіресі, тұрмыс-тіршілігі бұрынғы жас ұрпаққа сиқырлы жұмбақ, тіпті ертегі тәрізді болып көрінуі де мүмкін. Ал, өз қатарластарым есіне сол бір өткен кездерді қайтып бір жаңғыртуға әбден мүмкін-ау деп тұжырымдаймын.
Шамшырақ екеуіміз бақытты едік. 46 жылдан аса бірге ғұмыр сүрдік. Құдайға тәуба, шүкіршілік, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір кештік. Әке-шешелеріміздің арқасында орта мектепті, жоғары оқу орындарын бітірдік. Отау иесі болдық, бала сүйіп, немерелер иіскедік. Балалар өсті, өмірдегі өз орындарын тапты, Айгүл де, Нұрлан да үй болып шықты, Айгүл Москвада тұрып жатыр, отбасылы, бір ұл –Тимур, бір қыздары бар – Дина. Нұрлан да шаңырақ иесі, құдай берген үш баласы бар, Димаш, Жәнібек, Әлиасқар. Келініміз Айгүл соларды тәрбиелеп отыр. Жұмыстары, бастарында баспаналары бар. Бұдан артық Шамшырақ екеуімізге не керек.
Бақыт деген осы. Енді ғана көзіміз ашылып, дүние жүзін аралап дем аламыз деп жоспарлаушы едік. Немерелерді қасымызға алып, әлемнің әдемі, тарихи жерлерін көрсек деп армандайтын едік. Бірақ, тағдыр оған болмады. Шамшырақ оған жете алмады. Өмірден ерте кетті. Қаңтар айының екінші жұлдызында таңғы сағат сегізден он бес минут кеткенде Шамшырақ дүние салды, менің көз алдымда.
Шамшырақтың отбасындағы тіршілігі өзгеше еді. Сырт көзге көріне бермейтін қасиеттері бар болатын. Үй шаруасына өте ұқыпты еді, жоқтан бар қылатын. Барды үнемдеп, азға қанағат ететін. Кіріс-шығысты өзі есептеп, үнемшіл еді. Кейде: «Маған бухгалтер болу керек еді» дейтін өзі. Ал, түздегі әрекеті мүлдем басқаша еді. Жұрт алдында, жиындарда, қонақтарда өзін салмақты ұстайтын, көп сөз қоспайтын. Оған керісінше, менің аузым жабылмайтын. Сонда да жұрттың көзінше маған ештеңе демейтін. Тек анда-санда «қойсаңшы» деп қоятын. Оның өзін сырт көзге білдірмей айтатын. Ал, сол жерде жанжал шығару деген әдет Шамшырақта болмайтын. Өте салмақты еді. Жұрттың көзінше маған сөз айтпайтын. Тек қабағымен танытатын. Мен сосын түсіне қоямын. Шамшырақ отбасындағы тіршілікте қанағаты мол еді, дүние-мүлікке құмар емес еді. Кейбір әйелдер сияқты менде мынау да жоқ, анау да жоқ, жұрттың бәрі киіп жатыр, ішіп жатыр демейтін.
Жоққа шыдамды, азға қанағат ететін. Бір ғана мысал, ана бір жылы Астрахан ауданында тұрғанда қызымыз Айгүлдің қысқы тоны қысқарып қалды. Ұзын сирақ болды қызымыз. Соны маған айтпай, өзінің ескі тонының етегін кесіп алып Айгүлге жалғап берген. Сонымен біздің Айгүл мектепті бітірді. Шамшырақ бір қалыпты, байсалды мінезінен айырылған емес…
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар