Еліміздің зейнетақы жүйесі қарқынды дамып келеді

Биыл Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл толды. Отандық жүйенің жұмысы туралы кеңірек білу және бірқатар маңызды сұрақтарға жауап алу үшін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалының директоры Аяш Кеншінбаеваны әңгімеге тартқан едік.

–Аяш Хакімқызы, мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін қайда жүгінуге болады? Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.
–Елімізде зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететін бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейтіні белгілі. Соған сәйкес болашақ зейнеткерлерді зейнетақымен қамту жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және салымшы арасында оңтайлы үйлестірілген.
«Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабына сәйкес, зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) аударылған мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi. Зейнетақы жинақтары салымшының меншігі болып табылады және мұраға қалдырылады.
Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін зейнеткерлік жасқа толған азаматтар, I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар, шетелге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және осы төлемді алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері алуға құқылы. Бұл ретте Қорда зейнетақы жинақтары бар, I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар мен шетелге қоныс аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар зейнетақы жинақтары есебінен төлемдерді алу үшін Қорға жүгінеді. Ал, мемлекеттік зейнетақылар мен мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін бірыңғай өтінішпен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) жергілікті бөлімшесіне (Халыққа қызмет көрсету орталығы) өтініш береді. Зейнет жасына толған азаматтар биыл қазан айында енгізілген жаңа Композиттік қызмет аясында мемлекеттік зейнетақылар мен Қор төлемдерін және мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін бірыңғай өтініш пен қажетті құжаттарды тек бір жерге – осы Мемлекеттік корпорацияға тапсырады. Яғни, айырма төлемін алу үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ.
Мемлекеттік корпорация Қордан зейнетақы төлемдерін алушыға қатысты тиісті мәліметтерді алған соң, оның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляцияны ескере отырып, шотындағы жинақтардың сомасын осы кезеңде шотқа енгізілген жарналардың сомасымен салыстырып тексереді.Егер алушының зейнетақы жинақтарының инвестициялық табысты қоса есептегендегі жалпы сомасы инфляцияға тең және одан жоғары болса, айырма сомасы төленбейді. Ал, егер инфляциядан төмен болса, Мемлекеттік корпорация айырма төлемін есептейді. Бұл сома біржолғы төлем ретінде республикалық бюджет есебінен алушының банк шотына 10 жұмыс күні ішінде аударылады.
– Фрилансерлер де зейнетақы жарналарын төлеуге міндетті ме?
–Иә, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар Қорға міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге міндеттелді. Бұған негіз болатын құжат: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы. Ол 2018 жылдың 2 шілдесінде қабылданып, 14 шілдеден бастап күшіне енді. Соның негізінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 25-бабына тиісті өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес фрилансерлер тамыз айынан бастап екінші деңгейдегі банктер арқылы міндетті зейнетақы жарналарын төлей бастады.
Бұл жарналардың мөлшері алған табыстың 10 пайызын құрайды. Бірақ, тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 10 пайызынан кем емес және ең төменгі жалақының 75 еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан аспайтын мөлшерде болуы тиіс. Мысалы, биылғы жылға белгіленген ең төменгі жалақы мөлшері – 28 284 теңге. Оның 10 пайызы – 2 828 теңге 40 тиын. Ал, 75 еселенген мөлшерінің 10 пайызы – 212 130 теңге.
Тағы да нақтылай кетейін, міндетті зейнетақы жарналары жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету арқылы тапқан табыстан ұсталады. Ол мүліктік табыстан, яғни, көлік немесе пәтер сатудан түскен табыстан ұсталмайды.
Енді төлеу тәртібіне келер болсақ, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін немесе қызмет көрсететін жеке тұлға табыс алған соң, міндетті зейнетақы жарналарын Қорға өз бетімен аударады. Егер оның екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда шоты бар болса, сол шотынан аударуына болады. Ол үшін банкке мына деректемелерді ұсынады:
Бенефициар банкі «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы.
Ал, егер шоты жоқ болса, онда банкке немесе «Қазпошта» мекемесіне жоғарыдағы деректемелер негізінде қолма-қол ақшамен аударады. Қалай болғанда да фрилансерлер жарналарын табыс алған айдан кейінгі айдың 25-нен кешіктірмей төлеуі тиіс.
Мемлекеттік корпорацияға келіп түскен
жарналар үш жұмыс күні ішінде Қорға аударылады.
Егер қандай да бір кезеңде табыс болмаса, бұл тұлғалар Қорға ең төменгі жалақы мөлшерінің 10 пайызы есебінен өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге құқылы. Бірақ міндетті емес. Дегенмен, біз міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы төлеп тұруға кеңес береміз. Өйткені, бұл Қор төлемдері мен мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақының мөлшерін арттыруға едәуір септігін тигізеді.
Еске сала кетейін, базалық зейнетақы биылғы жылдың бірінші шілдесінен бастап жаңа әдістеме бойынша есептеліп жатыр. Бұл ретте еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі толық ескеріледі. Бұрын олар ескерілмейтін.
Егер Қорда жеке зейнетақы шоты ашылмаған болса, онда Қор бөлімшесіне келіп, міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу қажет. Жеке зейнетақы шотын ашу жөніндегі өтінішті Қордың кез-келген бөлімшесінде және электрондық цифрлық қолтаңба бар болса, enpf.kz сайты арқылы беруге болады.
–БЖЗҚ филиалдарында орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы қандай қызметтерді алуға болады?
–Өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары салымшылар мен алушыларға оператордың қатысуынсыз, өз бетімен зейнетақы қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Терминалдың корпусы тұтас темірден жасалған. Алдыңғы жағының жоғарғы бөлігінде сенсорлық экраны бар. Корпустың ішіне жаңа үлгідегі жүйелік блок орналастырылған. Ол терминалдың барынша жылдам жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Қазіргі кезде өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы арқылы зейнетақы шоттарының бар-жоғы туралы анықтама алу, жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алу, берілген өтініштердің орындалу мәртебесін қадағалау және шарттардың көшірме нұсқасын алу секілді қызметтерді салымшылар мен алушылар ЖСН мен құпия сөз (пароль) және жеке куәліктегі электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен ала алады. Ал, міндетті зейнетақы жарналары бойынша шарт жасасу жөнінде өтініш беру және жеке деректемелерді өзгерту үшін салымшыны танып білу әдісі ретінде тек жеке куәліктегі ЭЦҚ қажет.
Барлық филиалдарда өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын қолдану арқылы ай сайын орта есеппен шамамен 1 550 операция жүзеге асырылады. Олардың ішінде ең сұранысқа ие қызметтер: шарт жасасу және жеке деректемелерге өзгеріс енгізу қызметтері.
–Зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты қалай алуға болады?
–Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыға жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап оның кез келген күнге қатысты сұрауы бойынша зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты тегін беруге, сондай-ақ зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа қолжетімділігінің электрондық және өзге де тәсілдерін қамтамасыз етуге міндетті. Ал, ақпарат алу тәсілін салымшы өзі таңдайды. Бүгінде зейнетақы шотынан үзінді-көшірмені:
– пошта байланысы арқылы жылына бір рет;
– таңдап алынған төлем кестесіне сәйкес электрондық пошта арқылы (ай сайын, үш ай сайын, алты ай сайын, жыл сайын);
– БЖЗҚ кеңсесіне тікелей өзі келгенде;
– интернет-хабарландыру арқылы (сайт немесе смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы бойынша) онлайн режимінде;
– enpf.kz сайтына тіркелу жолымен оның «Жеке кабинеті» арқылы немесе электрондық цифрлық қолтаңба бар болса egov.kz электрондық үкімет сайты арқылы алуға болады.
Егер салымшы зейнетақы шоты жайында үзінді-көшірме алу тәсілін таңдамаған болса немесе оны интернет байланысы арқылы алғысы келсе, жеке басын куәландыратын құжатпен Қордың жергілікті бөлімшесіне келіп, хабарлау тәсілін ауыстыру туралы қосымша келісім жасайды. Егер электрондық цифрлық қолтаңба бар болса, Қор сайты арқылы да ақпарат алу тәсілін өзгертуге мүмкіндік бар. Бұл операция бар болғаны бірнеше минутты алады.
Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты интернет арқылы алу – қазіргі уақытта өте танымал екендігін айта кеткен жөн. Ол зейнетақы жинақтарын кез келген жерде және кез келген уақытта онлайн тәртібінде бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Әңгімелескен Салтанат ДОСЕТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар