Мемлекеттің әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы сенімді серігіне айналды

Еліміздің барлық өңірлері бойынша әлеуметтік жобалардың карталары жасалады, – деген Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрі

Дархан Кәлетаев өз сөзінде осы жылдың 27-28 қарашасында Елбасының қатысуымен республикалық азаматтық форум өтетінін айтқан болатын. Бүгінде ҮЕҰ азаматтық қоғамдағы маңызды жұмыстарды атқарушы ғана емес, мемлекеттің әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы сенімді серігіне айналды. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда ҮЕҰ қоғамдық пікірді ескере отырып, жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырады.

►– Алдымен, Ақмола облысындағы ҮЕҰ-ға, оның ішінде қоғамдық ұйымдар арасында айрықша орын алатын «Шаңырақ» психологиялық зерттеу орталығының жұмысына тоқталып өтсеңіз?

Жуырда Ақмола облысында сегізінші азаматтық форум болып өтті. Онда облысымыздағы барлық ҮЕҰ қатысып, өздерінің жобаларын көрсете білді. Соның ішінде азаматтық альянстың мүшесі ретінде біздің «Шаңырақ» психологиялық зерттеу орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастыру жұмыстарына белсенді қатысты. «Ақмола Асар-2018» идеяларымен жобалар конкурсын өткіздік. Оған барлығы 12 үкіметтік емес ұйым қатысып, оның 6-уы марапатталды. Қазіргі таңда ҮЕҰ-дың рөлі әрдайым жоғарылап келе жатыр. Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттің кейбір қызметін осы ҮЕҰ-ға беру процесін жүргізу керек, деп Елбасымыз да айтып кеткен болатын. Сондай-ақ, ең негізгісі – үкіметтік, яғни, азаматтық қоғамды жандандырып, белсенділікке шақыру.
Биылғы Елбасының Жолдауында да осы жағы айтылған болатын. Сондықтан да мен ойлаймын осы азаматтық қоғамның рөлі зор деп. Енді біздің осы бағыттағы жұмысымызға келетін болсақ, жүкті аналарға арналған мектеп ашқан болатынбыз. Ол болашақ ата-аналар мектебі деп аталады. Бұл жерде біздің ұйым сәбиді кесір тілігімен емес, өзі табиғи жолмен дүниеге әкелуді қолдайды, түрлі гимнастикалар арқылы, сол бағытта дайындық жұмыстарын жүргізеді. Онда болашақ және жас аналар гинеколог, психолог, педиатр мамандарының жұмыстары арқылы көптеген мәліметтер алады. Оның ішінде қазіргі таңда бәрімізге аян бір мәселе отбасы құндылығын сақтау, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыру. Бұл жерде әкенің рөлі қандай болу керек, яғни, неге қазіргі қоғамда әкесіз бала көбейіп жатыр? Осы мәселелерді қарап оны шеше білу үшін қазақстандық қоғамдағы отбасында әкенің рөлін алға тартып отырмыз. Өйткені, қазіргі таңда өкінішке орай, ажырасу мәселесі көбейіп жатыр. Айталық, гендерлік саясат және заңнамалық негізде заң бойынша көбінесе ажырасып жатқан кезде баланы анаға қалдыру міндетті. Осының салдарынан да болар, әкенің рөлі төмендеп отыр.
Өйткені, әйелдер бала қолында болғаны үшін алимент сұрайды. Ал, өкінішке орай, алименттен қашқан әкелер қаншама? Осындай материалдық құндылықты алға тартып, баланың психологиясына қарамай, екі ортада бала қалыс қалып жатқан отбасылардың арасындағы келіспеушілік, кикілжіңдер көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Ақмола облысында ажырасушылар 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында 63 пайызды құрап отыр. Өкінішке орай, бұл жылдан-жылға өсіп келе жатқаны алаңдатады. Сондықтан да, қазіргі Елбасының өз Жолдауында жастар мен отбасы мемлекетіміздің басты бағыты болу керек, деп айтқан ойы бар. Халық та, қоғам да осы жастармен және отбасынан құралатынын біз алға тартуымыз керек деп ойлаймын.
Жуырда Бурабай ауданында облыстық екінші әкелер форумы өтті. Онда белсенді әкелер мен осы әкелердің рөлін арттырып жүрген азаматтарды алға тарту арқылы үлкен жұмыстар жүргізілді. Форумға Астана қаласынан Қазақстан әкелер одағының өкілдері, Орал, Алматы қалаларының әкелер одағы және облыстың беделді әкелері қатысты. Сонымен қатар, Алматы қаласынан «коуч-тренер» яғни, әкенің отбасындағы рөлі тақырыбында Ақан Мергембаев келіп, тренинг өткізді. Осы облыстық форум аясында бес әкені алға тарттық, олар Серік Әкімбаев. Бұланды ауданынан 40-қа жуық баланы өз қамқорлығына алып, тәрбиелеп, әкелік қамқорлық көрсетіп отыр. Балалардың бесеуі өзінікі, басқаларын балалар үйінен асырап алған. Өзінің мүмкіндігі шектеулі болса да, абзал жан зағип жандарға да көмек қолын созған. Яғни, көзі нашар көретін жандарға жұмыс беріп отыр. Осы форум аясында ағамызға республикалық әкелер одағы атынан «Қамқор әке» медалін табыс еттік. Ал, Бурабай ауданы Кенесары ауылындағы Мұрат Қабылбаев ағамыз да 13 бала тәрбиелеп отырған осы әкелер одағының мүшесі. Бір бала ғана өзінікі, қалғаны балалар үйінен. Ол да осы медальдің иегері атанды. Тағы бірі – Целиноград ауданынан Нұрлан Құсайынов ағамыз. Ол кәсіпкер ретінде ауылдық жерге мектеп салып берді. Өз балаларына ғана емес, басқа балаларға да жаңа мектепте оқу мүмкіншілігін туғызып отыр. Оған да осындай медаль табыс етілді. Сондай-ақ, осы әкелер одағына атсалысып жүрген тағы бір азамат – біздің Ақмола ассамблея-
сы жанындағы «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов ағамыз бен мен де осындай беделді медальдің иегерлері атанғанымызға қуаныштымыз.

►– Сіздің жоғарыда айтқандай, ажырасу мәселесіне қатты алаңдаушылықпен қарап отырғаныңыз белгілі. Осы бағытта кеңірек айтып өтсеңіз, қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Әлбетте. «Шаңырақтың» бір бағыты ол – ажырасу мәселесі. «Отбасы туралы» заң бойынша соттар мен кризистік орталықтарда психолог және медиатор мамандар арқылы ажырасуды тоқтату немесе отбасын татуластыру арқылы біріктіру мәселесі қарастырылып отыр. Қалалық сотпен меморандумға отырдық. Қазіргі кезде 8 отбасымен жұмыс істеп жатырмыз. Олармен жұмыс істеу оңай емес, әрине. Олар көп жыл бірге тұрса да, бір-біріне көп қиындықтар туғызған. Қайшылықтары көп. Мамандар осы бойынша жұмыс істеп жатыр. Дәл қазір бірдеңе деу қиын. Ал, бізге кейбір отбасылар сотпен емес, өздері келіп, жазылып, көмек сұрағандары да бар. Сол 15-ке жуық отбасының мәселелерін шешіп, қайта татуластырып, отбасылық құндылығын сақтап қалған болатынбыз. Ал, сотқа жүгінген отбасылардың өзіндік деңгейі, өзіндік мәселесі күрделірек. Алайда, осы мәселелерді біз ақырын-ақырын шешіп келе жатырмыз.
Келесі бір негізгі бағытымыз – ол
«ЮНИСЕФ» бағдарламасы бойынша қазір облыста жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл – алдымен қазіргі жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау, яғни, суицид мәселесі. Бұл жерде біз облыстық үйлестіруші болып табыламыз. Астанада осы жұмыспен айналысатын «Bilim Foundation» қоғамдық қоры бар. Біз соның өкіліміз. Бұл жерде мектеп психологтары мен дәрігерлердің біліктілігін арттырып, тәуекел топпен қалай жұмыс істеу керек? Оларды қалай анықтау керек? Қандай көмек көрсету керек деген сұрақтарға жауап іздеп, білімдерін арттырып, олармен тығыз байланыста жұмыс істеп, мониторинг жасап жатырмыз. Ондағы мақсат суицидтің алдын алу, санын кеміту. Мәселен өткен жылы 13 суицид оқиғасы болса, биылғы 10 ай ішінде облыс бойынша 8 оқиға тіркеліп отыр. Аз да болса, кему бар. Бірақ, бұған қуануға болмас. Жыл әлі аяқталған жоқ. Десек те, бұл жерде бір жылдық жұмыс жеткіліксіз. Бұл ауқымды жұмысты талап етеді. Мәселен өткен жылы 549 психолог мамандарын оқытсақ, биыл сол мамандарды екінші этаппен қайта даярлау бойынша оқыттық. Яғни, 602 психолог-педагог мамандарын оқытып шықтық. Былтыр 275 жалпы терапиялық дәрігерлер мен психиатр, нарколог мамандары оқытылса, биыл тағы қосымша 30 дәрігерді оқыттық. Осы айдың ішінде тағы 11 дәрігерді оқыту жоспарлануда. Сонымен қатар, қиындықтар да туындап жатады. Осындай төрт бағытпен «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық зерттеу орталығы жұмыс істейді. Әрине, мәселе өте көп. Ең бастысы – отбасы денсаулығы. Елбасы тапсырмасына сәйкес, отбасылардың ажырасуын 20 пайызға кеміту керек, деген болатын. Қазір 50 пайыздан асып кеткені жасырын емес. Енді әрине, бұл жерде қоғам болып, көптеген жұмыстар жүргізуіміз керек. Біз осы бағытта жұмысымызды әрі қарай жалғастырамыз.

►– Мұндай ауқымды жұмыстарды қалыпты жүргізу үшін қоғамдық орталықта қанша адам жұмыс істейді?

– Бізде 15-ке жуық адам жұмысқа тартылған. Жалпы, қаржыландыру мәселесі өте күрделі. Әсіресе, қаңтар, ақпан айларында қаражат тапшы болғандықтан, қиналып қалатын кездеріміз болады. Сондықтан, бұл жерде нақты 8 адам тұрақты жұмыс істейді. Оларға «ЮНИСЕФ» бағдарламасының арқасында еңбекақы төленеді. Ал, қалғандары белгілі бір уақытпен келіп-кетіп жұмыс істейді. Яғни, қажеттілік туындаған кезде біз жұмысқа шақыртып отырамыз. Бізде негізінен, мамандарды даярлайтын мұғалімдер арнайы тестілеуден өтеді. Сосын барып мамандарды оқытады. Олар Астана, Алматы қалаларына біз арқылы жіберіліп, оқытылады. Оларды да таңдап аламыз. Қайсысы жетік маман екенін анықтаймыз. Өйткені, олар тегін оқытылмайды. Олардың оқуларына қаражат облыстық бюджеттен бөлінеді. Біздің жұмыс істейтін орнымыз – Бауыржан Момышұлы көшесі 41-ші үй,100-бөлме. Әрине, бір өкініштісі, ҮЕҰ-да жалға ақша өте көп төленеді. Мәселен, бір шаршы метрі үш мың теңгеден асып кетеді. Осы жағы бізге қиындық туғызып жатады. Сондықтан, ҮЕҰ-ға әлеуметтік жұмыстарды жүргізуде облыс бойынша бір орталық қажет-ақ. Мысалы, Жамбыл, Алматы облыстарында арнайы орталық берілген. Онда жұмыс та жақсы жолға қойылған. ҮЕҰ орталығы жоқ болғандықтан әртүрлі жерде іс-шараларымызды өткіземіз. Ішкі саясат басқармасы арқылы үлкенді-кішілі залдарды алып жұмыс істейміз. Бүгінгі таңда әрбір ҮЕҰ өз хал-қадірінше жұмыс жасап жатыр. Біздің «Шаңырақ» қоры көп жылдан осы орындамыз. Өзімізге ұнайды. Ал, енді облыс бойынша бір орталық ашыла қалса, онда біздің жұмысымыз әлі де алға басады деген ниеттеміз. Тағы бір мәселе, жасаған жобамыз аясында 30 пайыз ғана еңбекақы беріледі. Бұл енді өте төмен десек болады. Өйткені, 60 мыңға ешкім жұмысқа келгісі келмейді. Сондықтан да, білікті мамандарды ұстау үшін 100 мыңдай еңбекақы төленуі керек. Алайда, осындай туындаған қиындықтарды шешуге тырысамыз.

►– Сіз ертеңгі республикалық форумға делегат болып қатысқалы отырсыз. Форумнан не күтесіз?

– Өте орынды сұрақ. Азаматтық альянстың басшылары да ауысып жатыр. Алайда, үлкен өзгерістер күтіп тұрғаны анық. Азаматтық альянс қоғамдық кеңестердің жұмысын атқаруы керек. Ол үшін осы ҮЕҰ-ның белсенділігін арттыру керек деп отыр. Бұл тұрғыда мен ойлаймын, жақсы тың өзгерістер болады деп. Өйткені, бұл форумға Елбасы өзі қатысқалы отыр. Сондықтан, министрліктерге, әкімдерге нақты тапсырмалар беріледі. Сондай-ақ, осы ҮЕҰ концепциясы қабылданатын болады. Бұл жағдайда көптеген заңнамаларға өзгерістер енгізіледі деген сөз. Оның ішінде ҮЕҰ-ды қаржыландыру мәселесі, кейбір мемлекеттік қызметті беру, тарату, т.б. Форумға Елбасы қатысатын болғандықтан жоғары деңгейде өтеді және нақты тапсырмалар алынады деп күтемін.

►– Сіздің студент кезіңізден көшбасшылық қабілетіңіздің мол екенін байқағанбыз. Десек те, оқырманға түсініктірек болуы үшін өзіңіздің ҮЕҰ-ға қалай келгеніңізді айтып өтсеңіз?

–Мен Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің халықаралық қатынастар факультетінде оқып жүргеннен, яғни, студент кезімнен қоғамдық жұмыспен айналыстым. Дебат қозғалысына қатысып, ҮЕҰ-ның жұмыстарына араласып, олармен тәжірибе алмастым десем болады. Әсіресе, ішкі саясат басқармасының жұмыстары арқылы шыңдалдым. Екіншіден, біз 2008 жылы Ақмола облысындағы балалар үйімен жұмыс істеген болатынбыз Ол кезде 6-7 балалар үйі болатын. Оның ішінде 1300-ге жуық бала болды. Сол балалар үйінің 80 пайызы тұл жетім емес, әке-шешесінің құқығынан айырылғандар еді. Бұл статис-тика маған қатты әсер етті. Сондықтан, осы кризистік орталық – «Шаңырақты» ашқан болатынбыз. Міне, содан бері біз отбасы құндылығын сақтаумен айналысып келе жатырмыз. Әрине, менің мемлекеттік қызметке де кеткен кездерім болды. Бірақ, мемлекеттік қызметте өзіңнің идеяларың мен жобаларыңды жүзеге асыру қиын. Сондықтан, мен өз шығармашылығымды дамыту үшін ҮЕҰ-да істегенді жөн көрдім. Тағы бір айтарым, ҮЕҰ-ды ашқанда әрбір азамат ойлануы керек. Мұны қандай мақсатпен ашып отырмын? Қалай дамытамын? – деп өз-өзіне жауап беруі керек. Оны ашып алып, анау-мынаудан ақша сұраумен іс бітпейді ғой. Сондықтан, бұл жерде ұйымдастырушылық, яғни, көшбасшылық қабілет басым болуы тиіс. Мысалы, бізде әлеуметтік, мемлекеттік тапсырыс деген бар. Интернет арқылы, мемлекеттік сатып алу жарияланады. Ол жарияланғанда сол мемлекеттік тапсырысты алу процесі бар. Оған жоба жазып, нақты нәтижесі шығатындай қорғау керек. Оны комиссия қарайды. Оған қажетті құжаттар қосымша салынуы керек. Бірақ, көптеген ҮЕҰ сол заңнамаларды оқымайды. Өзгерістерге құлақ салмайды. Сөйтіп, әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатыса алмай жатады. Өкінішке орай, ондай ҮЕҰ өте көп. Ашылып, тіркелген, бірақ жұмыс істей алмаған. Енді олар жабылуға тиіс. Өйткені, оларға ешкім тегіннен-тегін ақша бермейді. Сондықтан, ҮЕҰ-ды ашқаннан кейін оның заңнамасын оқып, үнемі өзгерістерімен танысып, қатысып отыру керек. Сонда ғана жұмыс жүреді. Енді ертеңгі республикалық форумда концепция қабылданса, барлық ҮЕҰ қайтадан тіркеуден өтеді. Ал, тіркеуден өте алмаған ұйымдар автоматты түрде жабылатын болады. Ол жағдайда ҮЕҰ саны азаяды, бірақ, сапасы арта түсетін болады.

►– Салиқалы сұхбатыңызға көп-көп рахмет. Шығармашылық табыстарға жете беріңіз!
Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар