Тіршілік табиғат заңына бағынып дамиды

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің ұжымымен кездесті.  Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов мекеме жұмысшыларына өз сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын ортаға салды. 

  Ә.Құсайынов атап өткендей, экологиялық проблемалар күрделі әрі өзекті болып табылады. «Экология – адамзат тіршілігінің маңызды факторы. Біздің айналамыздағының бәрі – табиғат, біздің өмір сүріп жатқан ортақ әлеміміз. Технология ілгері дамыған сайын «жасыл» орта осалданып барады.
Табиғат ресурстарын мақсатты әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылаудың жоспарлы жүйесін енгізу ең басты міндетімізге айналуы тиіс», – деп атап өтті Ә.Құсайынов. Кездесу барысында кандидат, сондай-ақ, әлем бойынша бірегей табиғи кеңістіктердің күрт азайып бара жатқанын сөз етті.
Өз сөзінде Ә.Құсайынов әрбір азаматты экология мәселесіне белсене араласуға шақырды. Экологиялық тепе-теңдікті сақтау және өнеркәсіптік қауіпсіздікті ұстану идеясын насихаттауда азаматтық қоғам өкілдерінің рөлі орасан. Қоғамдық ұйымдар бұл жұмысқа білек сыбанып кірісуі керек.
Экология мен табиғатты қорғау мәселесінде азаматтық белсенділікті дамыту қажет. Адамдар саналы түрде экологиялық тепе-теңдікті, табиғаттың шынайы келбетін сақтау қажеттілігін сезінулері керек.
Сонымен қатар, колледж ұжымымен кездесуде Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан сөз сөйледі. Р.Жоламан экологиялық проблемалардың өзектілігі мен оларды дер кезінде шешудің маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Ә.Құсайынов экология мен биологиялық әртүрлілікті сақтау маңыздылығына назар аудартуды көздейді.
Сондай-ақ, ол экологиялық білімге де үлкен мән беріп отыр. Жалпы білім беретін мектептерде міндетті пән енгізе отырып, экология мен оның қауіпсіздігі туралы түсінік қалыптастыру, сонымен қатар, тұрақты экологиялық-ағартушылық жұмыстар жүргізу экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы білім берудің маңызды қадамдары болып табылады.
Біз жастайынан балаларымыздың санасына экология, қауіпсіз және экологиялық дұрыс өмір сүру туралы қарапайым ұғымдарды сіңіріп, табиғатты және қоршаған ортаны күтіп, қорғауға тәрбиелеуіміз керек», – деді Р.Жоламан.
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Атырау қаласының жұртшылығымен кездесті.
Жұртшылықпен кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов жиын қатысушыларын экологияның қазіргі проблемаларын қозғайтын сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды.
Ә.Құсайынов атап өткендей, бүгінде экология ғылымына биологияның бір саласы деп қарамай, оған әлдеқайда тереңнен бойлау қажет. Экология адам мен қоршаған ортаның қарым-қатынасын зерттейтін пәнаралық ғылымға айналуы тиіс.
«Жер жүзінде адам пайда болып, оның өркениеті өскен сайын, биосфера эволюциясында жаңа – антропогендік фактор іске қосылды. Адам биосфераны жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдалана бастады.
Алайда, қоршаған ортаны қаншалықты өзгертуге тырысқанымызбен, Жер бетіндегі тіршілік табиғаттың қатаң заңына бағынып дамиды. Сондықтан, адамзат өркениеті тұрақты даму үшін осы заңдар мен қағидалардан ауытқымауы керек.
Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – адамның Жер бетіндегі өмір салтының негізгі қағидасы», – деп атап өтті Әбілғазы Құсайынов.
Оның айтуынша, ғылым, техника мен технологияның сапалы жаңа байланысын қалыптастырған ХХ ғасыр қоғамның табиғатқа әсер ету күшін арттырып, адамзатқа бірқатар өзекті әрі өткір міндеттер жүктеді.
Сол себепті, Ә.Құсайыновтың пікірінше, табиғат қойнауын тиімді әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылаудың жоспарлы жүйесін енгізу әр азаматтың басты міндетіне айналуы тиіс.
Ә.Құсайыновтың сайлауалды тұғырнамасының тағы бір маңызды бағыты – өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері. Кандидаттың айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік дегеніміз – өнім мен өндірістің қауіпсіздігі туралы, көп деңгейлі стандарттау мен сертификаттау туралы техникалық регламенттерді, нормаларды қатаң ұстану.
«Менің мақсатым – осы нормалардың ашық және дұрыс орындалуына қол жеткізу.
Қауіпті өндіріспен айналысатын барлық ұйымдар өз жұмысшыларының, нысандары мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне жауапты болуы керек.
Барлық кәсіпорындар өз жұмыстарын қоршаған ортаға ықпалы мейлінше аз болатындай етіп жүргізулері керек», – деп қорытты Әбілғазы Құсайынов.
Сонымен қатар, қала жұртшылығы алдында аймақтық штаб жетекшісі Садыржан Жекенов сөз сөйледі. Ол экологиялық түйткілдердің өзектілігіне тоқталып, экологиялық проблемаларды дер кезінде шешу қажеттігін атап өтті.
«Біз туындаған экологиялық сын-қатерлерге дер кезінде тойтарыс беріп, қоршаған ортаның ластануы, су мен топырақтың құнарсыздануы сынды мәселелерді тез арада шешуіміз керек».

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар