Елбасының елге деген ықыласы

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Мен Ақмола өңіріне келген әрбір сапарымда халықтың қуанышты жүзін көріп, болашаққа деген сенімін байқап, көңілім толады. Кең алқапты астығымен, Бурабайдай сұлу табиғатымен Қазақстанды әлемге әйгілі еткен бұл өңірдің елдің дамуына қосқан үлесі ерекше.

Тарихтың ақтаңдақтары болған бұл кезеңдер тәуелсіздіктің нұрлы таңы атқанда ғана өзінің лайықты бағасына ие болды. Ғасыр соңында қол жеткізген Тәуелсіздіктің айшықты кезеңдері ақмолалықтардың есінде несімен қалды? Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1998 жылғы Жарлығымен Көкшетаудың астаналық облыс орталығы мәртебесін алуы осынау шежірелі жылдардың жаңа тарихына жол ашты. Ақмолаға қатысты айшықты оқиғалардың бірі Президентіміздің 1999 жылы қарашада Көкшетауда Абылай ханның ескерткішін салтанатты жағдайда ашуы еді. Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:
– Біз бүгін бар қазақтың үш жүзінің басын қосып, тәуелсіздігімізді сақтап қалған ұлы қолбасшы әрі ханы Абылай ханның ескерткішін ашып отырмыз. Бұның бәрі тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің арқасы деп білуіміз керек, – деп толғана ой тастады.

Көкшетаудың, тұтас Ақмола өңірінің гүлденуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Себебі, астаналық облыстың орталығы ретінде Елордамызға бір табан жақынбыз. Сондықтан, Ақмоланың көркеюіне, сән-салтанатының артуына ерекше көңіл бөлінгенін атқарылып жатқан игілікті істерден айқын байқаймыз. Бұл туралы Елбасы өзінің бір сөзінде: – Елорданы қоршай орналасқан Ақмола облысының дамуы бас қаламен тікелей байланысты. Өзге өңірлердей емес, орталықпен күнделікті қоян-қолтық араласып жатқандықтан, ел өмірінің өзге де салаларындағы елеулі өзгеріске мұның ықпалы зор. Сондықтан да, өңірге артылатын жүк ауыр. Астаналық облыс қай жағынан да үлгі көрсете алуы тиіс, – деп атап өткен болатын.
Тәуелсіздік жылдарына көз жүгіртсек, 2001 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің он жылдығы да ақмолалықтар жүрегінде айтулы оқиғасымен есте қалды. Өйткені, Көкшетаудың орталық алаңы «Тәуелсіздік алаңы» деп атала бастады.
– Тәуелсіздік барша халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арман-тілегі. Сондықтан, еліміздің егемендігі мен азаттығы біз үшін ең басты құндылық болып қала бермек, – деген Елбасы бұл үрдіске де зор бағасын берді.
Ал, 2002 жылдың қыркүйегінде қазақтың соңғы ханы Кенесарының туғанына 200 жыл толуы қазақ елінің төрт құбыласына сауын айтылып, ерекше салтанатпен аталып өтілді.
– Халқымыздың құлдықтың қамытын киіп, тарих сахнасынан жойылып кетпеуі жолында орасан зор еңбек сіңірген ұлы тұлғаның өр есімі мәңгі ел жүрегінде, – деді Елбасы осы тойдың төрінен тебірене толғанып. Президентіміздің осы сапарында Көкшетаудың негізгі көшесінің біріне Кенесарының есімі берілді.

Елбасымыздың облысымызға 2005 жылғы кезекті жұмыс сапарында Қазақстан-Ресей бірлескен «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамында тұңғыш автокөліктер шығаруға қол жеткізілді. Сонымен бірге, «Тыныс» акционерлік қоғамы жұмысшыларымен кездесуде өндіріс орнының ертеңгі даму болашағына зор сенім білдірілді. Нұрсұлтан Назарбаев осы сапарында Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин мұражайында да болып, соғыс және еңбек ардагерлерімен әңгімелесті.
Өзінің әрбір сөйлеген сөзінде халықтың бірлігі мен ынтымағы ғана тәуелсіздігіміздің тұрақтылығына кепілдік беретінін баса айтатын Елбасымыз 2008 жылдың 1 мамырында Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына ат басын тіреп, Абылай хан алаңында барша қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
– Еліміздің экономикасының қарыштап алға басуы тұтас қазақ еліндегі ұлт пен ұлыстың бірлігі мен ынтымағының жарасым табуымен тығыз байланысты. Бұған мемлекетіміздегі барша халық мүдделі. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізде тыныштық пен бірліктің сақталуына қосқан үлесі зор. Мен барша ақмолалықтардың отбасыларына амандық, ырыс-береке тілеймін,– деді осы жолы Елбасы өз сөзінде.
***
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2010 жылдың 28 мамыры күні жұмыс бабындағы сапармен тағы да Ақмола облысына келді. Елбасының тікұшағы бірден «Васильковка тау-кен байыту комбинаты» акционерлік қоғамының арнайы алаңына қонды. Еңбек ұжымымен осы кездесуде Мемлекет басшысының: – «Васильковка» деген атаудың қайдан шыққан сөз екенін де білмейміз. Қарағандыда Теміртау бар, оңтүстікте Кентау бар, мына киелі Көкшетау енді Алтынтау болсын! Қазірден бастап бұл кен орны енді Алтынтау деп аталсын! – деген сөзінен кейін кәсіпорын дүр сілкінгендей болып, іле «Алтынтау» деген атауға ие болды.
***
Мемлекет басшысының Ақмола өңіріне кезекті жұмыс сапары 2011 жылдың 8 тамызында жүзеге асып, Зеренді өңірінде қолға алынып жатқан ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобалардың бірі – «Щучинск қалалық сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асыл тұқымды сауын сиыр кешені мен «Зеренді-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астық алқаптарында болды. Елдегі осы саланың алдында тұрған міндеттердің маңыздылығына тоқтала келе, Елбасы ақмолалықтардың оны іскерлікпен шешетіндіктеріне зор сенімін білдірді. Бұдан кейін Еңбекшілдер ауданындағы «ҚазГерҚұс» фабрикасында және «KazBeefLTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асыл тұқымды мал бордақылау алаңында болып, осы өндіріс орындарында ел қуатын арттыру жолында атқарылып жатқан жұмыстарға өзінің жоғары бағасын берді. Осы орайда, Елбасының: – Мен Ақмола өңіріне келген әрбір сапарымда халықтың қуанышты жүзін көріп, болашаққа деген сенімін байқап, көңілім толады. Кең алқапты астығымен, Бурабайдай сұлу табиғатымен Қазақстанды әлемге әйгілі еткен бұл өңірдің елдің дамуына қосқан үлесі ерекше, – деп тебірене сөйлеген сөздерінен-ақ, Ақмола облысының еліміз үшін жөні бір бөлек екені айқын сезіле түскендей еді.
***
2012 жылдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Целиноград ауданындағы Қосшы ауылында жаңадан бой көтерген «Жасыл өлке» тұрғын үй кешені мен «Алтын дала» шағын
ауданында болып, осында жаңа пәтерлерге көшкен тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ, Астананың айналасында азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасының аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесін аралап көріп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сол сапарында елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында алда тұрған негізгі міндеттерге тоқталып, көрген жанның көңілін асқақтата түсетін ару Астанамыз да, оның іргесіндегі елді мекендер де онан сайын дамып, тәуелсіз еліміздің өркендеу қарқынын төрткүл дүниеге паш ете берері анық деді.
Сол жылдың 10 тамызы да ақмолалықтар үшін өз жерінде Елбасын қуана қарсы алған ақжолтай күн болды. Мемлекет басшысы бұл сапарында жасанып, жайнай түскен Көкшетау қаласының бүгінгі кескін-келбетіне ризашылығын білдірді. Мұның алдында Мемлекет басшысы Бурабайда солтүстік өңірлерді дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесінде Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына да айрықша көңіл бөлген еді. Бұл жолы елін сүйген Елбасын
Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы құшақ жая қарсы алды.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы кортежінің қала орталы-ғындағы Абылай хан алаңына келіп тоқтауының да халқымыз үшін өзіндік үлкен мәні бар. Өйткені, Президенттің осы өңірге әр сапарын асыға күтетін Ақмола жұртшылығы Нұрсұлтан Назарбаевты Абылай хан армандарын жүзеге асырған кемеңгер тұлға ретінде айрықша құрметтейді. Бұл жолы да халқының сүйікті перзентін Абылай ескерткішінің жанына жиналған қоғамдық жұртшылық өкілдері зор қошеметпен қарсы алды. Президент олардың көпшілігін бұрыннан білетіндіктен, аттарын атап амандасып, айналасына нұр шуағын төкті. Мемлекетіміздің жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатының жемістері, тәуелсіздік жылдарында Ақмола облысының қол жеткізген іргелі табыстары туралы кеңінен әңгімелеп, жұртты өзіне ұйытты.
Осы жылы Щучинск-Бурабай курортты аймағында жаңадан салынған осы заманғы «Риксос-Бурабай» қонақ үйінің салтанатты ашылуына қатысқанын да айта кеткен ләзім.
***
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің қай өңіріне болсын жұмыс сапарлары халықтың жігеріне жігер құятын маңызды оқиға. Астаналық облысқа үнемі дәйекті көңіл бөліп, алға қойған міндеттерімен де, өңірдегі оң өзгерістерге зор тілектестігімен де ақмолалықтар жүрегін бір тебірентіп тастайтын Ұлт Көшбасшысының облысқа әр сапары киелі Ақмола мен Көкшені іргелі істерге, баянды белестерге бастап келеді. Сондай сапарларының қатарында 2013 жылдың желтоқсан айындағы Целиноград ауданындағы Родина ауылында, 2014 жылғы 3 қыркүйекте Көкшетау қаласының жаңадан салынған бірқатар әлеуметтік нысандары – Теннис орталығы мен Достық үйінде болғанын ақмолалықтар ұмытқан жоқ.
***
Ал, 2016 жылдың 23-ші қыркүйегінде облысымызға жұмыс сапары кезінде Көкшетаудағы «Қазақстанның агро инновациялық корпорациясы» серіктестігінде болып, жұртшылықпен кездесті. Әрдайым елдің болашағын әріден болжайтын Елбасы әр сапарында Абылайдың ақ туын тіккен қасиетті Көкше өңіріне деген ыстық пейілін жан жүрегімен білдіре келе, осы бір ғажап өңірдің заман талабына сай дамып, өркендеуіне мемлекетіміздің ешқашан ештеңеден аянбайтындығын айтып келеді.
– Еліміз үшін күрделі болған тоқсаныншы жылдары Көкшетаудың жылу жүйелері істен шығып, кәсіпорындары қаңырап қалғаны есімізде. Шаруа шатқаяқтап тұрған шақта тығырықтан жол тауып, халықты көштен қалдырмауға барынша күш салдым. Қиындықтың бәрі артта қалды. Көкшетаудың бүгінгі келісті келбетіне зер салайықшы. Ең бастысы, жұмыссыздық қысқарып, зауыт, фабрикалар еңсе көтерді. Қалада бой көтеріп жатқан нысандар көпшіліктің ішкі мәдениетінің өсуіне, патриоттық сезімдерінің қалыптасуына әсері мол деп ойлаймын. Жан-жақты қолдаудың арқасында Ақмола облысы экономиканың әр саласы бойынша үздіктер қатарына қосылды. Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруда жүзге жуық жобаға 85 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ақмола облысы елдің өзге де солтүстік өңірлерімен бірге әлемдік маңызға ие астықты аймақ. Соған орай аграрлық өнімдердің көлемі мен сапасын одан әрі арттыру зор жауапкершілік болып саналады, – деген болатын Мемлекет басшысы сол жолы жұртшылықпен жүздескен сәтінде.
***
2017 жылдың 22 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Зеренді ауданындағы «Ұмай жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарын аралап көріп, көрікті Бурабай баурайында мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өткізді.
Сондай-ақ, Көкшетаудағы іргелі өндіріс орындарының бірі – «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы кәсіпорнының жұмысымен танысып, «Бурабай» гольф клубының ашылу рәсіміне қатысты. Елбасы жаңа жобаның іске асырылуы отандық және шетелдік туристердің курорттық аймаққа қызығушылығын одан әрі арттыруға және келушілер санының көбеюіне септігін тигізетінін айтты.
– Біз Бурабайды Қазақстанның перспективалы туристік бағытының бірі ретінде дамытқымыз келеді. Бұл осы өңірге туристер мен спорт сүйер қауымды тарту мақсатымен жасалып отыр, – деген еді.
***
Биылғы жылдың 14-ші шілдесінде Бурабай курортының аумағында, ашық аспан астында өткен композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының қойылымын Елбасының арнайы келіп тамашалауы өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілткендей болды.
Иә, небір құнды бастамаларымен әлемді аузына қаратқан кемеңгер тұлғаның қасиетті Қараөткел мен Көкше өңірлеріне әрбір сапары осылайша елді үлкен әсерге бөлеп, тарих бедерінде жасампаздық жолымыздың жарқын бір бел-белестері болып қала берері анық. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына игі ықпалы көп тиетін осындай жұмыс сапарларын уақыттың қажетсінуімен бірге, халық та үнемі құп көріп, асыға тосып отырады. Өйткені, Елбасы келсе, онымен қоса өңірімізге жақсылық, игі істер мен тың жаңалықтар, ынтымақ-береке де бірге келетінін көпшілік жақсы біледі!..
Елбасы әр сапарында Ақмола облысын ерекшелеп зор сенім артуы астаналық облыстың Қазақ елі үшін мән-мағынасы зор екенін білдіреді. Астананы құшағына алған Ақмола облысының еңбеккерлері Елбасымыздың сындарлы саясатын нық қолдап, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сенімінен әрқашан шыға беретініне сенімдері кәміл.

Әзірлеген Аслан ОСПАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар