Президенттің Қаскелеңдегі он жыл оқыған мектебіндегі музей

Алматыдағы әскери госпитальге емделуге барған кездерімде үнемі еліміздің Бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туып-өскен жері – Қарасай ауданындағы Қаскелеңде болуға тырысамын. Алматының маңайында орналасқан бұл селоның өзіндік үлкен шежірелі тарихы бар. Осындағы тарихи-өлкетану музейінде бір рет болған адам Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың өмірі мен қызметі, тіпті, ол өскен орта мен ата-баба шежіресі жайында толыққанды мағлұматтар алатыны анық.

-Біздің өлкетану музейіміз 1999 жылдың 30 тамызында ашылып, содан бері жұмыс істеп келеді, – деп әңгімесін музейдің ашылған күнінен бастайтын мекеме қызметкері Мәриям Қожанова музейдегі мұрағаттар жайында жан-жақты әсерлі әңгімелердің тетігін ағытады. Музей тұрған үй жүз жылдан астам бұрын салынған көне ғимарат екен. Ол өткен ғасырда приход мектебі, содан кейін қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың есімін алған орта мектеп болып мыңдаған түлектерді қанаттандырып, ұшырған. Дәл осы ғимаратта Мемлекет басшысы Н.Назарбаев он жыл бойы оқып, 1958 жылы орта білім туралы аттестат алып шығады.
Музейдің әсем безендірілген сегіз залы болса, алғашқысында Қарасай ауданының тарихи-экономикалық дамуы жайында баяндайтын мұрағаттар сақталған. Ауданның қалыптасу, даму шежіресін баяндайтын ескі фотолар мен сарғайған газет беттері, түрлі мұрағаттар сонау алыста қалған тарихи кезеңдерді көз алдыңа әкеледі. Мұнда археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған көне заманғы түрлі бұйымдар мен құралдардың түр-түрі бар. Олардың арасында көне заманғы монеталардан бастап, жебенің ұштары, янтар, жақұттан, тіпті мөлдір шыныдан жасалған бұйымдар көп. Бұның бәрі Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың музейге берген тартулары.
Қарасай ауданы атақты Ұлы жібек жолының бойында жатыр. Содан болар, бұл өңірдің тарихы өте бай. 17-18 ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы кезінде жаудың өтінде қалып, соғыстың ең үлкен ауыртпалықтарын тартқан да осы өңір болды. Сол кездегі қазақ-жоңғар шайқастары туралы жас талантты суретші Нұржан Қарымсақовтың «Қарасай батырдың жорығы» картинасында өте шынайы және тартымды берілген. Қазақ халқының тарихында аса ауыр кезең болған Ақтабан Шұбырынды атанған қазақ-жоңғар соғыстары кезеңінде ел тағдыры шешіліп жатқан тұста батырлығымен, батылдығымен халықтың құрметіне бөленген Қарасай Алтынайұлы Елбасымыз Н.Назарбаевтың арғы аталары екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Музейден бұл туралы толымды мәліметтер алуға болады.
Өлкетану музейінде ертеден сақталған мұрағаттар өте көп. Мені әсіресе, Қарасай ауданының аумағы арқылы өткен Шоқан Уәлихановтың Қашғария сапарының жол картасы таңқалдырды. Картада елді мекендердің ертедегі атаулары мен көне ғимараттардың суреттеріне дейін нақты берілген. Қаскелең ауылы қазан төңкерісіне дейін Любовин селосы деп аталған екен. 1918 жылы Тройцкий деп өзгертіліп, 1935 жылы Қаскелең деп аталған. Аудан аумағында кеңес үкіметін орнатуға атақты революционерлер О.Жандосов, П.Виноградов, Ю.Бабаев, Д.Емелев қатысыпты. Ал, 1916 жылғы патшаның июнь жарлығына қарсы қазақтардың көтерілісін осы өңірде Бекболат Әшкеев пен Тоқаш Бокин бастаған.
Музейде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіне арналған мұрағаттар да аз емес. Ауданнан он мыңнан астам жауынгер майданға аттанып, Отан қорғаған. Олардың арасынан Кеңестер Одағының Батыры В.Милецкий, үш дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері А.Кужелев бар.
Музейдің төртінші көрме залы түгелдей Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолына арналады. Ең көрнекті орында Президентіміздің әкесі Әбіш Назарбаев пен анасы Әлжан әже мен ба-
уырлары Сатыбалды, Болат және қарындасы Әминәнің суреттері қойылыпты. Елбасының тұңғыш ұстазы Т.Алғадайқызының суреті де көрнекті жерден орын алған. Бала Нұрсұлтанның оқушылық өмірін бейнелейтін түрлі кезеңдегі суреттері сонау алыс жылдарды көз алдыңа әкеледі. Мемлекет басшысымен бірге оқыған достарының ұзақ жылдардан кейінгі мектептегі кездесулерін бейнелейтін және мектептің 55 жылдығын тойлаған мерейтойлық шежірелі суреттер де көп.
Елбасымыз мектеп бітірген соң еңбек жолын Теміртауда металлургия комбинатында металлург болып, оның болашақ қызмет баспалдағымен биіктерге өрлеген жолы сонда басталғаны белгілі. Музейде Теміртаудағы жылдары мен Днепропетровскідегі оқыған кезеңі жайында сыр шертетін мұрағаттар да аз емес. Осы жерден Алматы автопаркінің еліміздің тәуелсіздігінің 10 жылдығына арнап Президенттің суреті салынып тоқылған кілемді көрдім. Шебер қолдан шыққан өнер туындысын мекеме музейге сыйға тартыпты.
Тағы бір суреттен Шамалған селосындағы Мемлекет басшысының балалық шағы өткен үйдің бейнесін көзім шалды. Президент қорының музейге сыйға тартқан қазақтан шыққан екінші ғарышкер Талғат Мұсабаевтың ғарышқа алып ұшқан еліміздің туы мен туған жер топырағы салынған капсула да келушілердің қызығушылығын туғызатыны анық. Көрнекті сөреде Елбасымыздың көптеген тілдерге аударылған кітаптары орын алған.
–Музейімізден еліміздің Тұңғыш Президенті туралы көп құнды мағлұматтар алуға болады. Біз Н.Назарбаевтың осы өңірден шыққандығын үлкен мақтаныш етеміз, – дейді музей мұрғаттарымен таныстырған Мәриям Қожанова.
Мен жолым түсіп Алматыға барған сайын Қаскелеңдегі еліміздің Тұңғыш Президентіне арналған музейге соғып кетуге тырысамын. Әр барған са-
йын жаңа мұрағаттармен толығып, музейдің дамып, өсе түскенін көремін. Өйткені, музей қоры еліміздің өркендеп, дамыған кезеңдерін бейнелейтін мұрағаттарымен жыл сайын толығып отырады.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ,
«Арқа ажары» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар