Астананы асқақтатқан ақиық жыр

Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Астананы асқақтатқан 20 жыл» тақырыбында облыстық ақындар мүшәйрасы болып өтті. Қазылар алқасының ұйғарымымен аталмыш жыр додасына үміткер 30-ға жуық ақынның өлеңдері алдын ала іріктеліп, тек қана 11 ақын ақтық сынға жолдама алды. Үміткерлердің арасында бүгінде есіміне ел қанық талантты ақындар мен өлең өлкесіне енді ғана қанат қағып, талпыныс танытып жүрген жас талапкерлер де бар.

Салтанатты шарада облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова сөз сөйлеп, байқау шартымен таныс-
тырып өтіп, үміткерлерге жүрекжарды тілегін білдірді. – Ерке Есілді бойлай, тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күре тамырында бой көтерген Астана Әлем қаласы атанып, көркімен де, көлемімен де, келбетімен де төрткүл дүниені мойындатты. Сондықтан да, мұны Елбасының бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі екеніне ешкім дау айта алмайды. Күн санап көркейген Астана еліміздегі экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына ғана емес, сонымен қатар, халқымыздың мәдени өмірінің темірқазығына айналған. Астанамен рухани жан дүниеміз байып, рухымыз асқақтауда,– дей келіп ақындарға ақ жол тіледі.
Мүшәйра екі аталым бойынша өткізілді. Байқауға он сегіз жастан жоғары ақындар қатысты. Қазақ және орыс тілдерінде өлең жазып, бағын сынаған үміткерлер бұрын еш жерде жарияланбаған, тақырыпқа сай бір өлеңін ортаға салды. Жас ұрпақтың бойында елжандылық пен Отанға деген сүйіспеншілікті, сонымен қатар, Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған мүшәйрада оқылған өлеңдердің осалы жоқ. Бәрі де тәуелсіздік жылдарындағы елдің жетістігі мен жемісін, соның ішінде, Астананың өркендеу өрісін жырына қосты. Әсіресе, Қуаныш Оспан, Мұхаммед Қоңқаев, Серғазы Қайырболды, Полатбек Жанбаев, Нұрболат Серікұлы өзіндік сөз саптауымен, өрелі ойымен көрерменді бір желпінтіп тастады. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынға ақын Қуаныш Оспан ие болса, екінші және үшінші орындарға Мұхаммед Қоңқаев пен Серғазы Қайырболды лайық деп табылды. Байқаудың жүлдегерлері мен қатысушыларына ұйымдастыру алқасының естелік сыйлықтары мен Алғыс хаттары табыс етілді.
Өнердің туын биік ұстап, өз дарын-қабілеттерін ортаға салған талантты ақындарға өнерсүйер қауым да дән риза болып, жүрекжарды тілектерін арнап тарқасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар