Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баянғалидің Берлиндегі биігі - АРҚА АЖАРЫ

Баянғалидің Берлиндегі биігі

Биылғы жылдың 14-17 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолдауымен Германия Федеративтік Республикасының Берлин қаласында «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстан» атты Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің халықаралық форумы болып өткендігі белгілі.

Бір топ зиялы қауым өкілдері, әдебиет және өнер қайраткерлері қатысқан осы үлкен іс-шараға жерлесіміз, белгілі ақын-жазушы, драматург Баянғали Әлімжанов та қатысып, талғампаз шетелдіктер алдында өзінің жоғары қаламгерлік қырымен танылып оралды. Елімізден барған үлкен делегацияны Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева бастап барды. Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы елшілігінің қызметкерлері және немістер жағы делегация мүшелерін қуана қарсы алып, форумның табысты өтуіне барлық жағдайды жасағанын айта кеткен жөн.
Осы форум аясында Германияның 11 миллион дана кітап қоры бар, 13 қабаттан тұратын ең ірі әрі көне кітапханасы – Берлин мемлекеттік кітапханасында қазақ кітаптарының орталығы ашылуы зор қуанышты оқиға болды. Оған біздің делегация тарапынан 200 кітап сыйға тартылды. Солардың ішінде Баянғали Әлімжановтың «Сказ столетнего степняка» атты орыс тілінде жазған романы, төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде жарық көрген «Доброжелательный Аскар» ертегісі мен «Әлем әуендері» жыр кітабы да бар. Бұл үш кітаптың да неміс халқына қатысы бар, өйткені, кейіпкерлері қазақ, орыс және неміс ұлтынан.
Сондықтан да, Германия жерінде осы форум аясында жоғарыдағы үш кітаптың арнайы тұсаукесері өткізілуі де тегін болмаса керек. Аталған тұсаукесер барысында автордың немістің ұлы ақыны Гетенің орыстың ұлы ақыны Лермонтов және қазақтың ұлы ақыны Абай аударған «Wanderers Nachtlied», «Горные вершины», «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін үш тілде бірдей жатқа оқып беруі қатысушылардың үлкен құрметін туғызды. Сонымен бірге, жерлесіміздің:
–Атам Әлімжан бірінші дүниежүзілік соғысқа қара жұмысқа барған, әкем Тақан екінші дүниежүзілік соғысқа Берлинге қарумен келген. Солардың ұрпағы – мен 73 жылдан кейін неміс жеріне кітаппен келдім. «Сказ столетнего степняка» романы қазақ-орыс-неміс соғысы мен достығы туралы шынайы баян. Бұрынғы соғыс тарихы бізді бейбітшілікке, бұрынғы жауласу тарихы бізді достыққа үйретуі тиіс,– деген сөзі де осы тұсаукесерге қатысқан әр адамның көкірегінде жатталып қалғандай болды.
Осы тұсаукесерде ақын сондай-ақ, қатысушылардың сұрауы бо-
йынша «Манас» жырынан қырғызша үзінді айтып берді. Кітапханаға жоғарыда аталғандардан басқа тағы да өзінің он шақты кітабын сыйлады.
Осылайша шетелде өткен халықаралық форумда табыс биігінен көрініп, неміс ұлтының қошеметіне бөленген Баянғали Әлімжанов өзінің осы бір сан қырлылығымен туып-өскен топырағы Көкшетау мен Ақмола өңірлерінің де абыройын асқақтатып келгені қуанышты жай болса керек. Демек, алда да жерлесімізге шығар биігіңіз мол болсын дейміз.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар