Елбасы айқындаған Ұлы дала шежіресі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жолғы жарық көріп отырған мақаласы Елім деп отырған ойшыл адамның терең толғаулары деп айтсам – бұл артықшылық емес болар. Шындығына келген уақытта, «Ұлы даланың жеті қыры» деген атауменен еліне жетіп отырған Елбасының бұл жолғы көкейтесті ойларының тереңге кетіп жатқан түп-тамырларында, біздің ойымызша, үлкен себептер жатыр.

Бір кездері «Кез келген мәдениеттің, кез келген өркениет пен дүниетанымның өмір сүруге және өзінің қастерлі көзқарас болуына деген заңды құқығы бар. Бұл – адамзат тарихының барысы айқындаған болмыс. Онымен санасу керек» деп келген Президент Н.Назарбаевтың Ұлы қазақ даласына тән көптеген көріністердің ішінен ЖЕТЕУІН таңдап алып, оларға ерекше тоқталуы кез келген оқырманға бірнеше тұрғыдан әсер етіп отырғаны да даусыз.
Осыдан жеті жыл бұрын, яғни, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлап жатқан уақытта Рим Папасы Иоанн Павел ІІ «Қазақстан көпғасырлық тарихы бар ұлт. Осылай болғандықтан ол бейбіт өмірдің қандай маңызды және оның не үшін маңызды, не үшін қажет екенін жақсы біледі. Ендеше асырып айтқаным емес, Сіздің еліңіз ерекше тағайындауға, яғни, Еуропа мен Азияның арасында көпір болуға біткен ел. Сол сияқты, сіздің елде көп ұлт өкілдерінің бірге өмір сүріп, келісімде болуы барлық адамдардың бейбіт өмір сүруге құқықтары бар екендігін мойындаудың үлгісін нұсқаудың нақты белгісі» деген сөздерінен кейін тек қазақ ұлтының алдында ғана емес, әлемдік деңгейде қазақ ұлтының бойына біткен әлемдік өркениетке лайықты Атқа міну мәдениетінің, Ұлы даладағы ежелгі металлургияның, Алтын адамның, Түркі әлемінің ошағына айнала білген Ұлы даланың, Ұлы Жібек жолының, алма мен қызғалдақ ешқашанда сырттан келмеген, «керісінше, көпшілігі осы кең байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге тараған» мәдени жетістіктер шоғыры деуге Президенттің қайта оралуында үлкен меңзеу бар екенін біз жақсы түсінуіміз керек. Себебі, әлем тарихында Ұлы дала деп анықталған кеңістікте байқалған оқиғалардың көне грек тарихшыларының арқасында әлемдік өркениетке лайықты баға алғанымен, бара келе жалпы тарихта басымдық алған Евроцентристік көзқарастың арқасында оларды «…біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік бермеді».
Енді міне, Тәуелсіздік пен егемендігімізге жылдан жыл қосылып келе жатқанда, Қазақстанның төл мерекесінің бірі – Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында, Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай «Қазақстанның аспан түстес Туының бетінде алтынға айналған бүркіт қанат керген. Осынау келіскен мазмұнды да мағыналы нысанның бойында табиғат та, тарих та тоғысып жатыр».Олай болатын болса, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында, біздің пікірімізше, Қазақстан Президенті тағы да өнегелі жұрттың алдын алып отыр. Елбасының бұл жолғы ұстаған негізгі қағидасы қазақтың сөздерімен айтқан уақытта – «Балам саған айтамын, қызым сен тыңда…» дейтінге өте ұқсас.
Олай болса, ендеше, басымыздағы бас қайғы, былайша айтқанда Ұлы дала өкілдерінің тарихының «ақтаңдақ» беттерінің тым көп болуы Елбасы айтып отырғандай, кезіндегі евроцентристік көзқарастың басымдық алуына байланысты екендігінде дау жоқ. Бұл пікірмен келіспеуге болмайды. Осылай дегенде, Президенттің «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті» – деп ой тастауының соңында тағы не тұруы мүмкін?
Бұл сұраққа жауапты біз ХХІ ғасырдағы сананы негізгі рухани код ретінде алға қоя отырып, оның соңында тұрған ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыру, ұлттық прагматизмге ден қоя келе, ұлттық бірегейлік, салтанат құрған білім, қазақ қоғамының революциялық емес эволюциялық жолмен дамуы
«…еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз» деген мәселенің басты бағыттары ретінде анықталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына тағы да бір оралуымыз керек. Себебі, Елбасының осы жолғы мақаласы Президенттің ұсынысымен 2000 жылы қабылданып, көп нәтижемен аяқталған «Мәдени мұра» мен жоғарыда мысал ретінде келтірілген «Рухани жаңғырудың» логикалық түрдегі жалғасы екендігінде.
«Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес» – дей келе, Елбасы Н.Назарбаев ойын төмендегідей дамытып отыр. – Бүгін төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және коньюктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар… Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз».
Бұл сөздер енді ата тарихымызды сырттан бұзушыларға емес, тікелей өз халқына арналған сөздер екені даусыз.
Бір уақыттары қазақ елі тарихының «тар жол, тайғақ кешуінің» себептері де айтылмай келген жоқ. Оны Президент те, біз де байқап отырмыз. Ендеше бұл не? Белгілі фактіні қайталау ма? Жоқ. Кешегі мифологиялық тұрғыдан беріліп келген сақтар тарихы, Европада орта ғасырларда ғана орын ала бастаған мемлекеттердің бірнеше ғасырлар бұрын көне даладан бастама алып, олардың ұрпақтары европалықтардан бұрын орталықтанған мемлекет құруға дейін жеткен. Енді міне, Тәуелсіз мемлекет дәрежесіне жеткен кезеңнен бастап Қазақ елінде ғылымның дамуы-
на тереңінен жол беру – Берелдің құпияларын ашу, кешегі табылған жалғыз «Алтын адамның» бүгінгі қазақ даласының кез келген түпкірінен табылып, ғылыми тұрғыдан сипаттама алуы – Президент Н.Назарбаевқа әлем алдында «біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға қатысы болған» деп жариялауға мүмкіндік беріп отырса, екінші жағынан өз халқына «Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ, біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты», – деп өз ұлтына сөз тастайды.
Соның ішінде мына бір-екі мәселеге тоқталып кетсек. Қазақстан тарихын айта отыра – «Тарих» атты көне еңбектің авторы Геродотты айтамыз. Осы автордың шығармасының көмегімен қазіргі заман оқырмандарына (тек қазақ оқырмандары емес) әйгілі Томиристің ерліктері жетіп отыр. Ұлы даладан шыққан деп мақтан тұтамыз. Ендеше, қазіргі мектеп оқулықтарында Томирис есімі қалайша Тұмар болып кеткен?!
Кез келген қазақтан 300 спартандықтар деген кімдер деп сұрасаңыз, қайсы болмасын жобалап жауап бере алатынына сенімдімін. Өйткені, грек батырлары туралы экраннан кино түспей жүр. Ал, әлемдік тұрғыдан бұрын, қазақ азаматтары Орбұлақ шайқасы қашан болды, Жәңгір хан мен оның 50 мың жоңғар әскерлерінің бетін қайтара білген 600 қазақ сарбаздары туралы не айтар екен? Әлем таныған Жанна Д`Арктің қатарына Орлеаннан шыққан қыздан кем емес ерлік жасаған қазақ қызы Сапара Мәтенқызы туралы мәліметтерді қашан жеткіземіз?!
Меніңше, Елбасының тарихи сананы жаңғырту – ерлер есімдерін дәріптеу барысында «Архив – 2025 жеті жылдық бағдарламасын» іске асыруға жедел кірісу, нәтижелерін кино мен телевидение арқылы халыққа жеткізсе, сонда барып «қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігіне», қоғам барысына лайықты әсер етуге болады деуі, осыған шақырады.
Тағы бір айтарымыз – туған жер мәселесі. Қазақтың атақты жазушысы Ілияс Есенберлиннен тілшілердің бірі жазушының тарихи романдар жазуға баруына не түрткі болды деп сұрағанда Ілекең алдыменен қазақ хандығының кіндігі Ұлытаудан басталған оқиғаларды Атбасар жерімен байланыстыра келе, талай тарихи оқиғаларды Кәкбай есімді ақынның орындауындағы дастандар арқылы көз алдына елестете алғанын айтқан. Қазақ радиосының «Талант тағылымы» атты хабарында Ілекең былай дейді: «Менің туған жерім Ұлытау мен Атбасардың ортасындағы Арғанаттың Қарақойын-Қашырлы деген жер болғандықтан, бір кездері бұл жерде қазақ хандығын құратын ірі қайраткерлердің өмір сүретін жерлері болғандықтан, бұл жерлердегі фольклормен жас кезімнен көп таныстым» (радиодан жазылып алынып, сол қалпында беріліп отыр. (Астын сызған автор Қ.А.).
Тарихқа жүгінетін болсақ, «Атбасар» атауының ХV ғасырға жататын жазба деректерінде кездесуі өте қызық. Атақты Керей мен Жәнібек сұлтандар Дешті-Қыпшақтың жаңа билеушісі – Әбілхайыр ханның билікқұмар әрекеттерімен келіспей, соңғысының теріс әрекеттеріне деген наразылықтарын білдірудің бір жолы ретінде Қыпшақ даласынан көшіп, Моғолстанға кетіп жатқан уақытта, Атбасар өзенінің төңірегінде де елеулі оқиғалар орын алып жатқан. Ортағасырлық зерттеушілердің бірі Фатх-наме (кейде – Молла Шади) өзінің еңбегінде «Хакан [подобный] Фаридуну, приведя в ту ночь войска в порядок, украсив центр и оба крыла войска отважными храбрецами и славными бахадурами, по обычаю, достойному царей, вдел ногу твердого решения в стремя покорителя мира и с надеждой на бога направил поводья своего норовистого коня-завоевателя мира в сторону АТ-БАСАР» – деп жазса, сол кезеңнің тағы бір авторы Масуд бен Усман Кухистан өзінің «Тарих-и-Абылхайыр-хани» атты еңбегінде Мұстафа хан мен билеуші Ваккас би болған шайқастың Атбасар өзенінің Есіл өзеніне барып қосылатын тұсында болғандығы туралы айтады (атбасарлықтарға әбден таныс Орманбет деген жерде осы Мұстафа ханның ордасы болса керек). Орта ғасырлық деректерге сүйенер болсақ 1. Атбасар – река, правый приток Ишима; 2. Мус-
тафа хан – Узбек хан, улус которого находился на реках Ишиме и Атбасаре. В 1428 году состоял в союзе с Абулхайыр ханом, После поражения в Ат-басаре бежал в Мангышлак».
Атбасар қаласынан 30 километрдей жердегі «Орманбет» атауын, ел арасында айтылып жүргендей, Алтын Орда хандарының бірі – Орыс ханның есімімен байланыстыруда да бір үлкен оқиғалардың көрінісі тұрғаны – себепсіз емес шығар. Сол секілді, Орманбеттен сәл қашықтықта орналасқан Самарка елді мекенінің (Есіл өзенінің оң жағалауы) жанындағы қолдан көтерілген төбешіктің болуы (бақылау мұнарасы әлде сақтар қорғаны ма екен?!), дәл соған ұқсас төбешіктің Есілдің оң жағындағы (қарсы бетте) Қосбармақ деген ауылдың жанынан да орын алып, батыс жақтағы Перекатная деген елді мекен жақтан да байқалуы – әлі талай зерттеулерді талап ететін жай.
Осы жылдың жазында Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Қазақтану» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясындағы жұмыс тобының осы жолғы бағыты Жақсы ауданына қарасты Қима ауылы болды. Топтың құрамына енген ҚР БҒМ Ғылым комитетіне қарасты «Мемлекет тарихы институты» мемлекеттік мекемесінің директоры т.ғ.д., профессор Бүркітбай Аяған, Алматыдан арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Яһуда Амандықов ақсақал, өлкетанушылар – Қайсар Түктібаев, Теміртас Құлжанов, Қайрат Амандықов жəне осы жолдардың авторы үшін баратын бағыт алдын ала келісілген болатын. Ол – соңғы уақыттары Есіл өзені төңірегінде табылды дегендері болмаса, ескерілмей, тек халықтың жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан кейбір тарихи орындардың бар екендігіне назар аудару.
Енді міне, Қима ауданына қарасты Кіндікті ауылында 1949 жылы дүниеге келген Қайсар Түктібаевтың мәліметіне сәйкес, осы ауылдың іргесінде көнеден келе жатқан бір құрылыстың орны болған. Жəне де оны жергілікті ақсақалдар əйгілі Тоқтамыс хан есімімен байланыстырады екен. Қайсардың айтуынша ауылдың ақсақалдары ауыл балаларын Орданың үстіне (біз де солай деп санап отырмыз) барып ойнауға жиі жібереді екен. Сондағы айтатындары: «Ойнап жүріп, мүмкін, Тоқтамыстың алтындарын да табарсыңдар!».
Қайсардың еске алуына қарағанда балалар күмістен жасалған тиындарды көптеп табатын. Сол жердің бұрынғы тұрғыны Теміртас Құлжанов (1955 жылы туған) та осы мəліметті растап отыр. «Табылған күмістерден қазақ қыздарына шолпы жасайтын. Солардың бірін апам Дəмеш көпке дейін тағып жүрді. Кейін қайда кеткені белгісіз, – дейді Теміртас.
Міне, осы Кіндікті ауылынан қалған жұрттың орнындамыз. Қайрақты өзенінің Есіл өзеніне келіп қосылатын жердегі қыраттардың үстіне шығып, жан-жаққа көз салсаңыз, аяқ астыңызда жатқан бір-бірінен сəл қашықтықта орналасқан (қолдан көтерілгені көзге білініп тұр) үш төбені байқау қиынға соқпайды. Сол сияқты, қазақтардың ортағасырлық тарихынан аздап та болса хабары бар адам бұл төбелердің əскери-соғыс талаптарына да сай салынғанын байқайды. Есіл өзені биіктігі 15-20 метрдей болып келетін қырдан бір шақырымдай жерде ағып жатыр. Əр төбенің жанынан айнала ағып жатқан судың бағытын көріп, ол да есеппен жасалған ба деген ойға келесіз.
«Тоқтамыс ордасынан» екі-үш шақырымдай жерде Есіл өзенінің сол жағалауына өтетін өткел бар екен. Елдің ішінде оның «Тасөткел» деп аталуы – өзеннің арғы-бергі жағына өтіп жүретін жері тасты да саяздау болып келеді. Біздің бұған дейін де байқап жүргеніміздей, Есіл өзенінің бойында асты тасты болып келетін, саяз жерлері көптеп кездеседі. Мысалы, жоғарыдағы айтылған Орманбет не болмаса Мұстафа ханның ордасы деген жерде де (Атбасар қаласының жанындағы Сергеевка елді мекені) өткел бар. Суы таяз, асты тас пен құмды болып келеді. Сол сияқты, Алғабас елді мекенінің маңында (бұрынғы Николаевка селосының тұсында) да осындай өткел бар. Ең қызығы, осындай өткелдердің тұсында, не оларға жақын жерлерде ортағасырларда, одан əрі ХІХ ғасырда орыс үкіметі əскери бекеттер орналастыра бастаған. Соның көрінісін бұдан біршама уақыт бұрын Есіл өзенінің оң жағалауында, Алғабас ауылынан сəл қиыстау жерде орналасқан əскери бекеттің орналасқанынан байқағанбыз (ол маңда кезінде Қима ауданына қарасты «Кеңарал» кеңшарының Амангелді бөлімшесі орналасқан болатын).
Сонымен, Елбасы жазып отырғандай, «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарда емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті». Ендеше, сөзіміз орнықты болуы үшін келтіріп отырған жоғарыдағы мысалдар (оқырман Атбасар туралы айта келе, біз неге шет қалдық деп ренжімес). Жалпы тарихты түгендейтін кез алда әлі келе жатыр. Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы ойын тереңірек түсіну үшін қолданылып отырғанын ескеру керек болар.
Ұлы өркениеттердің мұрагерлері – қазақтар қасиетті тарихының арқасында талай шыңыраулардан өте білді. Ендігі мақсат – алдағы уақытта біздер де өзімізді әлемге бір кездегі бабаларымыздай лайықты көрсете алуымыз керек. Көне де Ұлы даланың көгілдір көкжиектегі ҚЫРЛАРЫ соған шақырады…

Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ,
Қазақстан Республикасы БҒМ Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар