Қайыршылар әдетін қояр емес

Жуырда редакциямызға Көкшетау қаласынан оқырманымыз Құмарғали Досов хабарласып, қаптап кеткен қайыршыларға қатысты құқық қорғау органдары тарапынан қандай шаралардың қолданылып жатқандығын сұрап білуімізді өтінген болатын. Біз ел ағасының бұл өтінішін жерде қалдырмауды жөн көріп, осы мәселенің анық-қанығына жетуге асықтық.

Алдымен, қайыршы деген сөздің анықтамасын іздеген едік. «Уикипедия» ашық энциклопедиясында: «Өзінің тек биологиялық тіршілік етуін қамтамасыз ететін, физикалық қажеттіліктерін ғана қанағаттандыра алатын, қайыр сұраумен күн көретін, жиынтық табысы өмір сүру минимумынан екі есе аз адамдар», – деген анықтама беріліпті. Біз бұл тұжырыммен келісе қоймадық. Егер табысының тапшылығынан адамдар қайыр сұрауға баратын болса, біраз жұрт баяғыда-ақ қайыршы болып кетпес пе еді? Бұрын үрім-бұтағын шұбыртып, садақа сұрап тұрғандар арасынан тек сыған, тәжік әйелдерін көретін болсақ, соңғы уақытта өзіміздің ақ жаулықты аналарымызды да көзіміз шалып қалып жүр. Бұл жеке бір әңгімеге арқау болар түйткілді жәйт. Ал, қазіргі айтпағымыз – қай ұлттан болсын, әйтеуір қайыршының күн санап көбейіп бара жатқандығы.
Былтырғы жылдың 29-шы желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, ағымдағы жылдың басынан бастап басқа да құқықтық құжаттармен қатар аталған Кодекстің жаңа нұсқасы қолданысқа енгізілген болатын. Ондағы бұрын болмаған жаңа баптардың қатарында «Қоғамдық орындарда тиісу» деп аталатын 449-бап та бар. Аталған бапта: «Қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни, мазалап өтініш білдіру – жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», – делінген. Бұл құқық бұзушылық түріне әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде оны тағы қайталаған адамға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, не ол бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады. Ал, мұндай әрекетке азаматтығы жоқ шетелдіктер барған жағдайда бес күндік қамақ өз алдына, оларды ел аумағынан шығарып жіберу көзделген.
Әр бұрышта қолын жайып, садақа сұрағандарды көріп: «Енді осы бап қаншалықты орындалып жатыр?», – деген заңды сауал туындайды санамызда. Бұл жәйтқа қанығу үшін аталған мәселеге тікелей жауапты орган – облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасына арнайы ат басын тіреген едік. Басқарманың аға инспекторы Жанат Шәріповтың айтуынша, осы бап қолданысқа енгелі, яғни, жыл басынан бері 27  әкімшілік хаттама толтырылған.  Ол адамдардың барлығына да жоғарыда аталғандай бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 9910 теңгеден әкімшілік айыппұл салынған. Оны  бір айдың ішінде төлемегендерінің ісі сотқа жолданатын көрінеді. Дегенмен, сол салынған айыппұлды әлгілердің жарытып өтеп жатқандығына сенімімізден күдігіміздің басым болғандығы жасырын емес. Өкінішке орай, бұған қатысты нақты мәліметті де ала алмадық.
Жалпы, балаларына қайыр сұратқандар бұрын да жазаланып отырған. Оларды кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар арнайы есепке қойған көрінеді. Қазір жаза қатаң. Алайда, бұл тұста да әттеген-айлар жоқ емес. Аталған құқықтық құжатқа сәйкес, полицейлер кез-келген қайыршыны ұстап алып, айыппұл сала алмайды, қамауға да құқылары жоқ. Себебі, әкімшілік хаттама толтыруға негіз, яғни, басқа бір адамның арыз-шағымы керек. Ал, мұндай іс-әрекетке біздің кез-келгеніміздің бара бермейтіндігіміз ақиқат. Қайдағы бір қайыршы үшін арыз жазып, полиция бөлімшесінде сағаттап отыруға кімнің  уақыты бар дейсіз? Қолы бостар болмаса, сұраншақтарды қаламаған кез-келгеннің осы іске бара бермесі хақ.
Сырттарынан тон пішпейік деп сол тіленшілік жасап отырғандардың өздерін сөзге тартқан едік. Олардың бұл мәселеге қатысты өз айтарлары бар екен. Өзін Банумын деп таныстырған қара торы әйел бүгінгі күнге дейін әлгіндей жазаға тартылмағаны «өзімнің ептілігімнен» деп түсіндірді. Құқық қорғаушыларды алыстан таниды, сол қырағылығының арқасында бірі емізулі, екіншісі енді қаз-қаз басып келе жатқан баласымен қашып үлгереді. Осы абыройсыз іске сол ұрпағын асырау үшін барып отырған көрінеді. Өзі өмірінде жұмыс істеп көрмегенін де сөз арасында мойындап қалды. Есімін атамауды жөн санаған тағы бір келіншекті базар маңынан жолықтырдық. Бұл әйел соңынан бір емес, бірден төрт баланы шұбыртып жүр. Үшеуі – өзінікі, ал, қалған біреуі – туысыныкі екен. Ол әр күні әртүрлі «табыс» табады. Кейде – бес, ал, кейде, тіпті, он мың теңге. Біреулер аяп, тамақ, киім береді. Бірақ, жаңа Кодекс шықты екен деп, күнделікті нәпақасын айырып отырған кәсіптен бас тартқысы жоқ. «Салса, сала берсін!», – деп жайбарақат қарап отыр. Осыдан соң талап тым жұмсақ-ау деп тұжырымдап қойдық.
Біздің бір байқағанымыз, бұлар ұшарын жел, қонарын сай білетін жандар. Нақты санын, қайда тұратынын ешкім де дөп басып айта алмайды. Бірақ, бір анығы, бәрінің де балалары оқымайды. Ал, бұл кәмелеттік жасқа толмаған азаматтың құқығын бұзу болып саналады. Қазбалай берсең, мәселе бұдан да тереңдей береді. Қысқасы, қайыршыдан құтыламыз десек, мұның мықты тетіктері керек. Шамданып, шағымданып, оларға айыппұл салдырып, бес күн қамауға алғаннан ол тіленшілер сол тірліктерін тастай қойса жақсы ғой. Қанға сіңіп, әдетке айналған әрекеттерінен өлсе де бас тартпаса, қайтеміз?! Ендеше, мұны олардың өз ар-ождандарына да қалдырғаннан басқа, амалымыз жоқ сияқты…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар