Талай сындарлы асулардан өттік

ХХ ғасырдың аяғында құрығы ұзын, тұғыры биік, мызғымас боп көрінген Кеңес үкіметі тоқырауға ұшырап, кезінде алып одақтың құрамына кірген республикалар дербестік алып қуанып жатқанда, Қазақстан да ата-бабалары ғасырлар бойы аңсап күткен өз тәуелсіздігіне қол жеткізді.

Жүректі атша тулатқан, қуанышы мен қызығы мол сәтте халқымыз уы мен дуы көп қалаға келген, қай көлікке мінерін білмей алақтап тұрған жас бозбалаға ұқсайтын еді. «Ата-бабаларымыз аңсап күткен, аналарымыз Аллаға жалбарынып, көз жасын төккен тәуелсіздікті алдық, енді қайда барамыз, досымыз кім, қасымыз кім?» – деп халқымыз тосылып, болашағы бұлдырланып, қиналып, тығырыққа тіреліп тұрған сындарлы тұста, ел басқару ісіне ерте араласқан, санқырлы саясаттың сүзгісінен сүрінбей өткен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан үшін, өзіне сенім артқан халқы үшін күрделі де маңызды мәселелерді шешті, таудай-таудай істерді атқарды.
Сөйтіп, Кеңес заманы адымын аштырмай, аяқ-қолына кісен, шідер, бұғау салып, шикізат өндіруші ел деп санаған мешеуліктен түбегейлі арылтты. Н.Назарбаев өзінің Жарлығымен жер жүзінде алғаш рет Семейдегі ядролық полигонын жауып, жаһандық ядролық қарусыздану үдерісінің басталуынан белгі берді. Ол КСРО ядролық мұрасынан бас тартып, Қазақстанды «ядролық қарусыз ел» деп жариялады. Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы келісімге қол қою жөнінде шешім қабылдады. Қазақстандық басшының бұрынғы кеңестік кеңістіктегі интеграциялық идеялары да ақиқатқа айналып, 2000 жылы Астанада Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастық құрылды және Кеден ұйымы дүниеге келді. Назарбаев қазақтардың ұлт ретінде қалыптасқаннан бергі тарихында алғаш рет Қазақстанның көрші елдермен мемлекеттік шекарасын ресми түрде реттеп алды. Сонымен қатар, Елбасы Н.Назарбаев Ресеймен достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге, Мәңгілік достық туралы декларацияға, Қытаймен тату көршілестік, достық және ынтымақтастық туралы келісімге, Орталық Азия елдерімен Мәңгілік достық туралы келісімге қол қойды. Сөйтіп, біздің елдің бүкіл шекарасы бойында қауіпсіздік аймағы құрылды.
Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдарында ТМД мемлекеттерінің арасында ең жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізіп, халықаралық ортада өз орнын елеулі істермен бекемдеді. Өткен ғасырдағы қуғын-сүргін жылдарында туған жерден амалсыз қол үзген біздің көптеген қандасымыз Қазақстанға оралды. Елбасының тікелей басшылығымен Батыс Еуропа-Батыс Қытай бағыты бо-йынша Қазақстанда жол салынып, Х-ХІІ ғасырлардағы тарихи Ұлы Жібек жолы қайта жанданды. Сарыарқаның төрінде, Астананың өрінде Халықаралық
«Экспо-2017» көрмесін ұйымдастырып, Қазақстанды, қазақ халқын бар әлемге паш етті. Жүйрік ойлы, күннен-күнге өркендеп, өсіп келе жатқан заманның тыныс-тіршілігін дөп басқан білікті басшы, көреген көсемнің еліне, жұртына, халқына сіңірген ерен еңбегін жоғары бағалаған Түркия Республикасының бұрынғы Президенті Абдолла Гүлмырза Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркі әлемінің көшбасшысы» деген биік атақ берді.

Балғабай ҚАБЖАНОВ,
«Костычево» серіктестігінің
директоры.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *