Тағылымы мол тарихи құжат

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында еліміздің тарихындағы айтулы оқиғалар мен соңғы жылдары табылған тарихи жәдігерлердің маңыздылығын атап өтіп, ұлттық тарихымыз арқылы түп тамырымызды білуге, Ұлы даланың жаһандық тарихтағы алатын орнына жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік туғанын баса айтты.

Тағылымы мол тарихи құжатта Мемлекет басшысы нақты ғылыми деректерге сүйеніп, көпқырлы тарихымызды терең түсініп, бүгінгі сан алуан этностарға ортақ Қазақстанның тарихындағы қайғылы оқиғалар мен сұрапыл соғыстар, саяси қуғын-сүргін мен әлеуметтік сынақтарды ұмытпауға шақырды. Қазақстанның жерінде көптеген материалдық мәдениеттің пайда болғанын да айтып, көне жылнамалардан арғы ата-бабаларымыздың саяси және экономикалық тарихтың беталысын өзгерткенін көреміз деді. Елбасының мақаласында баяндалған: «Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» атты Ұлы даланың жеті қыры халқымыздың өткені мен бүгінінен сыр шертіп, тарихи сананы жаңғыртады, терең зерттеуді талап етеді.
Оның негізінде бірқатар ауқымды жобалар басталады. Елбасы айтқандай, бұл жобалар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасына айналады. Болашақ ұрпаққа өткеніміз және ортақ құндылықтарымызды таныту арқылы төл тарихымызды жаңғыртып, рухани тұғырымызды нығайтып, ұлттық мәдениетімізді ұлықтап отыруымыз міндет.
Елбасының тарихқа деген құрметін бағалай отырып, ұлттық тарихымызды жастарға танытуымыз қажет. Осы маңызы баршаға ортақ істе жұмыла еңбек етсек, Ұлы даламыздың мызғымас мемлекетке айналатынына сеніміміз зор. Тарихтың өткен өмірден сыр шертіп қана қоймай, жарқын болашаққа да қызмет ететіні айқын.
Гүлзияш ҚАБДЕШОВА.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар