Көкшесін жырлай білген ақын

Ақмола облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы әмбебап- ғылыми кітапханасында белгілі ақын, аудармашы және журналист, жерлесіміз Қорғанбек Аманжолдың 65 жасқа толуына арналған «Көкшетау, тілегіңді ұштым тілеп» атты кездесу кеші болып өтті.

Кештің аты айтып тұрғанындай, Көкше топырағынан түлеп ұшып, қазақ әдебиетінің белді бір өкіліне айналған мерейтой иесінің бұл қуанышына оның талантын құрметтеушілер көптеп жиналды. Шынында да, ақынның туған жерінде өткен осындай соңғы кездесуінен бері бес жылдың жүзі болып қалыпты. Бұл уақыт аралығында Қорғанбек Аманжолдың қалам қуаты одан сайын толысып, жаңа кітаптары, оның ішінде тарихи поэмалары, көркем аудармалары дүниеге келді. Қаламгер республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы қаласындағы бөлімшесінің жетекшісі, осы газеттің бас редакторының орынбасары ретінде журналистика саласында да барынша жемісті еңбек етіп, қаламының қарымдылығымен танылды. Аударма жанрында да жоғарыда айтқандай, шығармашылық табысы бір төбе. Оған әлемдік әдебиет жауһарларынан Герман Меллвилдің «Моби Дик немесе Ақ Кит» романын, тағы басқа туындыларды қазақша ана тіліміздің бар бояуымен сөйлете білгені дәлел.
Әр қырлы талант иесінің шығармашылық ізденісінің өтеуі де осы кезеңде жақсы көрінді. Соның ең бастысы, арғы жылы ақынның қазақ әдебиетінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанғандығы дер едік.
Сондықтан, туған Көкшесінде өткен бұл жолғы мерейтойлық кеші бір жағынан белгілі ақынның жерлестері алдындағы өзінің шығармашылық күш-мүмкіндігі, тындырған еңбегі, қол жеткен биіктерінен салмақты есебі болса, екінші жағынан өзін алғаш ақ тілеумен осы жолға қанат қақтырған тілеуқор ортамен қауышып, көңіл хошын басуы еді.
Соны қапысыз түсініп, кездесуге асыққан көпшілік те осы бірер сағатта ақынын алғаусыз құрметтеп қалуға тырысты. Кеш барысында сөз алған ел ағалары Болат Көшімбаев, Айдос Әбутәліпов, белгілі жазушы-драматург, журналист Төлеген Қажыбай, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, ардагер журналист Балталы Сәрсенбаев, нағашы жұртынан тілек қосқан Шәми Қазбекова, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа, туған-туыстары мен ауылдастары, бірге оқыған тұстастары өз ой-толғаныстарында белгілі қаламгердің азаматтық және шығармашылық қырларын жан-жақты ашып, сый-сияпаттарымен, ақжарма ықылас-тілектерімен ақын тұлғасын биіктете түсті.
Мұның алдында беташар сөз облыстық ішкі саясат басқармасынан Мәлік Ахметқалиевке беріліп, кеш иесіне Ақмола облысы әкімінің құттықтау хаты табыс етілді.
Кездесу шырайын келтірген бір сүйінішті жай, осы қуанышты шараға Астанадан ақынның шашбауын көтеріп, ҚазМУ-де қатар оқыған курс-
тасы, әрі жасы жағынан қаламдас ағасы, қазақтың белгілі жазушысы Марат Мәжитовтың бірге келуі болды. Ауызша сөздің шын шебері екендігін паш еткен осы қаламгердің де Көкшедей көрікті елге, оның жақсы-жайсаңдары мен Қорғанбек Аманжолдың өз атына білдірген жылы да жарқын лебізі кешке қатысушыларды және бір серпілтіп тастады. Осы сөзінен кейін кеш қонағы өзінің бес томдық таңдамалы шығармалар жинағын облыстық кітапхана қорына сыйға тартты.
Ақынның кешінде өлең оқылмауы да мүмкін бе?! Соның айғағындай, талантты жас ақын Мерген Тоқсанбай қаламдас ағасына арнау өлеңін оқыды. Ал, кешті жүргізген тағы бір өнерлі жастарымыздың бірі Қуаныш Оспан аяғына дейін кездесу тізгінін қолында бекем ұстап шықты.
Соңында сөз әрине, туған жеріне үлкен ізетпен қадам басқан ақынның өзіне берілді. Қорғанбек Аманжол елімен бүгінгі жүздесуінің өзі үшін мән-маңызына тоқтала келе, оқыған бір топ өлеңдерімен оқырман қауымның ыстық сүйіспеншілігіне бөленді. Әсіресе, ақынның өзі тілегін тілеп ұшқан Көкшетауына арналған асқақ жыры қатты қол соққызып, жерлесіміздің бұл күнде қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің қатарына тегіннен-тегін қосылмағанын дәлелдей түсті. Ақынның туған жерімен бұл қауышуының да алда осылай шабытына шабыт қосарын аңғармау мүмкін емес еді.
Ендігі жерде қаламгердің бұған дейін өзі жазған барлық шығармаларының да етек-жеңі жинақталып, электрондық нұсқасы қолында болатыны құптарлық жай. Өз қызметкерлері әзірлеген осындай дискінің бірін кітапхана директоры Талғат Ыбыраев ақынға тапсырып, екіншісі кітапхана қорында қалатынын жеткізді.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар