Ботай мәдениетінен желі тартқан қазақ өркениеті

Ботайымыз бар, Құлагер аунаған Ұлы далада жылқылы мәдениет дәстүрін жалғастыру қажеттілігі Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жақсы көрініс тауып отыр. Сонау қола дәуірінің соңында бабаларымыз осы қазақ үшін төрт түліктің төресі – жылқының көмегімен ұлан-ғайыр алапты шаруашылық айналысқа қоса алды.

Осының арқасында Дала төсінде мыңғырған мал өріп, оның арты демографиялық «жарылысқа» әкелді де, көшпенділердің жарты әлемге өз ықпалы мен үстемдік жүргізуіне мүмкіндік берді. Айтқандай, жер жүзіндегі, адамзат тарихындағы ең Ұлы алып империялық мемлекетті құрушы да біздің бабаларымыз болғанына тарих куә.
Ұлы даланы тұлпарлар тұяғы дүбірлеткен кезеңнің соңы Абылай-Кенесары дәуірі болса, Қусақтың қу даласында Құлагердей тұлпардың оққа байланып, мерт болуы Ұлы дала өркениетінің өңі кете бастаған тұсы еді. Содан бері жылқылы өркениет тағдыры қыл үстінде тұрды. Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары алапат аштық халық тағдырын сілкінтіп өтті. Қазақстандағы аштықтың «қолдан ұйымдастырылған» құйтырқы саяси іс-шара болғандығы туралы мәселе АҚШ конгресінде жайдан-жай талқыланбаса керек. Кеңестік қызыл империя тұсында қыл құйрықтының тұқымын жоюға ұмтылған «тыңгер» Н.Хрущевтың әлегінен де қазақтың жылқысы әупірімдеп аман қалды. Жылқыны Ұлы даладан шеттету – қазақты шеттету, оны аттан түсіріп, қойдан жуас қоңырқай тобырға айналдыру Ресей патшалығының да, Қызыл империя көсемдерінің де арман мұраты болғанын ашық айту керек.
Тәуелсіздік самалы ескен 1991 жыл қазақтың үмітін қайта оятты. Сарыарқа сайын далада қайтадан үйірлі жылқы өріп, ат жалын тартып мінген қазақшыл азаматтардың күні туды. Егер жылқылы өркениеттің бастау жері Қазақстан болса – бұл жер, бұл ел жылқы шаруашылығын индустриалды негізге қойған, табиғи таза өнім өндіретіндігі туралы белгісі бар елге айналуға тиісті. Бабаларымыз ауыл шарушылығы өнімдерін өндірудің тиімді технологияларын жасап, оны қалдықсыз дәрежеге жеткізді. Шаруашылық өнімдерін толық қайта өңдеуден өткізіп отырды. Бүгінде қазақтың атбегілері мен жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруа иелерінің барлығы жылқыны қорғайтын, сақтайтын, өркендететін арнайы Заңның қабылдануын көксейді. Қазақтың жабысы мен қарабайыры, қазанаты Заңда ұлт қазынасы деп жариялануы тиісті. Екіншіден, қазақ еркін кеңістіктегі халық, ол осы ұлан-ғайыр даланы жылқының күшімен игерді. Қазірде қаншама жерлер ел аумағында пайдаланылмай бос жатыр. Бұл жерлер шаруа баққан, мал асыраған бұрынғы көшпендінің игілігіне толық мәнісінде қызмет етпей келеді.
Жылқы шаруашылығын өркендетудің бірден-бір жолы жайылымдар мен ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлерге байланысты заңдарға тиісті өзгерістер жасауды талап етеді. Осының арқасында Қазақстан денсаулыққа пайдалы, аса жұғымды өнімдерді сыртқа экспортқа шығаруға, ішкі нарықты сапалы ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болар еді. Өткен тарихымыздың үш мың жылдан артық уақытында ет-сүт өнімдерін тұтынған халықтың иммундық жүйесіне оң әсері болатындығын Төрегелді Шарманов сынды дәрігер-диетологтар көптен бері айтып келеді. Соның арқасында бөтен өркениеттер әкелген көптеген аурулардан тиімді жолмен арылар едік. Ақиқатында жылқыны қазаққа қайтару – жалпы ұлттың денсаулығын сауықтыруға сеп болары анық.
Жылқы қазақ халқының тарихи серігі, табиғи болмысы десек, бізде өмірінде атқа мініп көрмеген қазақ қалмауға тиісті. Дәстүрімізде болмаған спорттық ойындардың орнына ат спорты ойын түрлерін дамытып, оны өскелең ұрпаққа қол жетімді қылу бүгінгі күннің талабына өз-өзінен сұранып тұр емес пе? Қазақтың аттан түсіп, отырып қалғанына жүз жылдың жүзі болып қалды. Бұл дана халқымыз айтқан елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан дегендей, ендігі кідіріс қазақ деген ұлтты, өркениетті шаруашылығы мен мәдениеті бар халыққа айналдырудың мүмкіндіктеріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сол себепті де, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы осы бір үзіле жаздаған желіні қайта жалғауға дем беретін идеяларға кемел бастама деп білемін.
Бүгінгі әлемде жаһандық қатынастар басымдық маңызға ие. Ал, әлемдегі ең мобильді, тұңғыш глобалистер де біздің бабаларымыз еді. Қазақтың бойында осы бір көшпенділік-глобалистік қасиет әлі де сақталып отыр. Қазақ әсіре діншіл емес – жаңашыл, қазақ соған қарамастан дәстүршіл тарихи жады мықты халық. Біздің халқымыз дәстүр мен жаңашылдықты үнемі үйлесітіріп келген өркениет иесі.
Бұл қазақ халқының өзге халықтардың көпшілігінен айрықшаландырып тұрған ерекше қасиеті деп білемін. Қазақ халқының осы бір менталдық қасиеті оны ілгері-прогресшіл заманға сүйреп шығатындығына күмән жоқ. Теріскейдегі жылықылы өркениет – Ботай мәдениетін зерттеуші ғалым В.Ф.Зайберт айтқандай: «Біздің Ұлы далада арғы Ботай заманынан бастап желі тартып, жалғасып келе жатқан далалық өркениеттің мәдени генезисі бар. Сондықтан, біз ендігі уақытта ешкімнің де өркениет арбасына мінбей-ақ қоялық. Болашақ дамуымызды өзіміздің төл өркениет іргетасына негіздеуіміз керек». Талас тудырмайтын тағылым да осы.
Ғалымтай Төлепбергенов,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, ғылым магистрі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар