Жарық жұлдыз

Қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (шын есімі Мұхаммед Қанафия) 1835 жылдың қараша айында Құсмұрын бекетінде қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданындағы Күнтимес ордасында (қыстауында) атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында дүниеге келген.

Әжесі бала күнінде «Шоқаным» деп еркелетіп айтуымен, «Шоқан» аталып кеткен. Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы сол кезде Аманқарағай дуанының (орталығы Қараоба мекені) аға сұлтаны болған. Округ орталығы 1844 жылы Құсмұрын қамалына ауысқаннан кейін дуан аты Құсмұрын болып өзгертілді. Шоқанның өз атасы Уәли Орта жүздің ханы болған. Арғы атасы Қазақ Ордасының Ұлық ханы Абылай, Шоқан оның шөбересі. Шоқанның балалық шағы қыс кезінде Обаған бойындағы Күнтимес ордасында, жазда Есілдің оң саласы Аққанбұрлық алабындағы ата жайлауда өткен. Әжесі Айғаным тұратын Сырымбеттегі хан ордасында да балдәурен күндерін өткізген. «Жеті жұрттың тілін білуге тиісті» хан тұқымы болғандықтан, Күнтимес ордасындағы әкесі ашқан ауыл мектебінде хат таныған Шоқан сол мектепте ортағасырлық қыпшақ-шағатай тілін меңгереді, парсыша, арабша тіл сындырады. Шоқанның жақын туыстарының естеліктеріне қарағанда, ол бала кезінен білімге бейім әрі құмар болған. Шоқан тарихи аңыз-әңгімелерге ерте бастан-ақ қызыққан. Ол жастайынан данагөй билердің әңгімелерін, акындардың өлең-жырларын зор ықыласпен тыңдап өсті. Оған тәрбие беруде сұлтан әулетінен шыққан әжесі Айғанымның ықпалы күшті болды. Ол жас Шоқанға ежелгі қазақ аңыз-әңгімелерін, мақал-мәтелдері мен даналық сөздерін жиі айтып отыратын. Шоқан 12 жасына дейін Құсмұрындағы мектепте оқып, мұсылман діні ілімімен танысты. Ол ауылдық бас-
тауыш мектепте оқып жүріп-ақ араб, парсы, шағатай тілдерінің негізін үйреніп алды. Шоқанның жақын туыстарының естеліктеріне қарағанда, ол бала кезінен білімге бейім әрі құмар болған. Шоқанның ата-бабалары атақты сұлтандар әулетіне жатады. Оның арғы бабасы Абылай хан XVII ғасырдағы айбынды қазақ билеушілерінің бірі болды. Ал, атасы Уәли хан патша үкіметі ресми түрде бекіткен қазақтың соңғы ханы еді. Шоқанның әкесі – Шыңғыс Уәлиханов білімді адам болған. Ол 1834 жылы Омбыда Сібірдің казак әскери училищесін бітіріп, орыс армиясында жоғары әскери шен – полковник атағын алды және Қазақстанды басқару аппаратында бірсыпыра жауапты қызметтер атқарды: Құсмұрын округінің аға сұлтаны, Сібір қырғыздарының облыстық басқармасының кеңесшісі, Көкшетау округінің аға сұлтаны болды. Россияның алдында сіңірген еңбегі үшін оған өмірлік мұра ретінде дворян атағы берілді. Шоқанның анасы жағынан туыс нағашылары – Баян-
ауыл өлкесіндегі атақты Шормановтар әулеті болатын. Шорманов Мұса орыс армиясының полковнигі, белгілі қазақ биі, Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны еді.
Шоқан Уәлиханов – Еуропа мәдениетін мол игеріп, неміс, француз, орыс тілдерін, әдебиетін терең таныған жан. Ол тек өз халқы ғана емес, көрші қырғыздың, Қашқардың, Қытайдың, Жоңғарияның мәдениеті, әдебиеті, тарихы, философия-
сы, жағрафиясы жайлы құнды еңбектер жазып қалдырған ғылым иесі. Қоғамдық құрылысты, патшаның отаршылдық саясатын, халқының басындағы теңсіздікті көріп, сол ауыртпашылықты жою жолында күрескен қоғам қайраткері.
Шоқанның 1858-1859 жылдардағы Қашқарияға сапары – ғылым, ағартушылық саласындағы шығармаларының жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Сол жылы Жетісуда жүрген Шоқан Семейде жабдықталған арнаулы керуенге қосылады. Сөйтіп, қазанның 1-нен наурыздың ортасына дейін болған ол Қашқар қаласы мен Алтыншаһар елін зерттеген. Осыдан кейін Петербурдағы ғалымдар, Бас штаб пен Сыртқы істер министрлігі Азия мәселесі жөнінен Шоқанды беделді тұлға ретінде бағалайды. Петербурда жоғары лауазымдарда еңбек етеді.
Ш.Уәлихановтың көп салалы әр қырлы бай мұрасы оның дүниетанымы, қоғамдық философиялық, ағартушылық, демократтық көзқарастары өз заманының биік деңгейінде болғанын айқындайды. Шоқан Уәлиханов 1865 жылы сәуір айында қайтыс болды. Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылады. Қазіргі Алматы облысы Шоқан атындағы шаруашылықта «Алтынемел» мемориалдық комплексі бар. Шоқан қазасы қазақ елі үшін және оның орыс достарына аса ауыр тиді.
1958 жылы Шоқан Уәлихановтың Алтынемелдегі қабірі басына биік ескерткіш орнатылады. Алматыда, Көкшетауда, Семейде, Алтынемелде Шоқанның мүсіндік ескерткіштері бар. Тарих және этнология институтына, Көкшетау мемлекеттік университетіне, Алматыдағы бір көше мен мектепке, Астанадағы үлкен көшеге, Солтүстік Қазақстан облысындағы ауданға ғалымның есімі берілген.
Шоқан жерленген Алтынемелде мемориалдық кешен орнатылған. Ғылым саласындағы жетістіктері үшін ғалымдарға Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлық белгіленген. Сондай-ақ, оның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен болатын.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар