Ел Еркеші елінің есінде

Көгілдір нұрға малынып тұратын көркем суреттей сүйкімді жер жәннаты – Көкшетауға жан жүрегі елжіреп қай ақын жыр арнамаған. Тіпті, Көкшенің баурайында тумағандар да бір көргеннен табиғаттың ғажайып сұлбасына сұқтанып, кер маралды көрген сұр мергеннің садағына жармасқаны тәрізді қаламын қолына алып, әріден құйылып келген сөз асылын қалыптап, жыр арнағаны даусыз. Әрине, сан ақын әлденеше қырынан жырлаған. Соның ішінде жалпақ жұртқа жалынды жырларымен танылған, Алашқа аты мәлім Еркеш Ибраһимнің шоқтығы биік екендігі сөзсіз.

Көкшетау, Оқжетпесім, Жұмбақтасым,
Аспаным өзіңменен құндақтасым, –
деп елжірей тербесе,
Өзің боп нәзігім де, дөкейім де,
Көкшетау, сен жүресің көкейімде.
Сағынған осы қазір сәттерімде,
Шіркін-ай самалың боп кетейін бе?!–
дейді ақын.
Сағыныштың сарытап шымылдығын әлдебір нәзік мұң пердесі қалыңдата түскендей ме, қалай? Қанат бітсе құс болып ұшып жеткісі келе ме? Өзі көрген, жан-жүрегімен сүйген Көкшесін Сарыарқаның самал желі болып өпкісі, аймалағысы келетіндей. Өзінің де көкірегіндегі іңкәр сезім құтты бір сол жұпар иісті самал жел тәрізді желпілдеп-ақ тұрған жоқ па? Дәл осылай ет жүрегіңді сағыныштың уытымен сыздатып, арқалы ақын ғана айта алса керек.
Мен Еркеш Ибраһимді Көкшетау қаласындағы педагогика институтында оқып жүрген кезімде, жаңылмасам, 1966 жылы көрген едім. Ол кезде облыс орталығында жергілікті ұлт тіліндегі мәдени шаралар өте сирек өтетін. Кездесуге көп адам жиналды. Қазақы сөздің қасиетіне сызат түспей тұрған уақыт қой, әрі ел де сусаған. Сол кездесуде жасындай жарқылдап жыр оқыды. Көз алдымда сол бейнесі қалып қойыпты.
Еркеш Ибраһим Жыландының жеті жылдық мектебін бітіргеннен кейін Атбасар қаласындағы жетім балаларды оқытатын мектеп-интернатта тәрбиеленген. Табиғат тамаша талант сыйлаған ақын Алматыдағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін аяқтағаннан кейін, облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне қызметке орналасты. Бұл 1955 жылдар болатын. Дер шағы. Газеттің қат-қабат шаруасының ара-арасында жалынды жырлар жазды. Көкше жұртшылығы Еркеш өлеңіне құмар еді.
Ақындық пен батырлық егіз-ау деймін шамасы. Әріден сабақтап сөз тартсақ, ұлы бабасы Кенжебай батыр жасанған жауға қарсы аттанған, жатқа намысын таптатпаған, Кенесары жасағына қосылып, қолына найза алған екен. Құралайды көзге атқан мерген. Наурызбайдың оққағары болған екен, ел аузындағы аңызға қарағанда, Науанды екі рет ажалдан алып қалыпты. Шежіре былай дейді, Кенжебай батырдан үш ұл туады. Батырдың тұңғышы Тәуірбайдан Еркештің әкесі Ебікен туған. Міне, асыл тек осылай жалғасса керек.
Заманында әдебиет әлемінде, поэзия айдынында Еркештің құбылыс болғаны анық. Тек ел есінен көмескіленіп бара жатқандығы ғана өкінішті. Қай заманда болмасын жақсының жоқшысы болуы керек екен. Көкшесін көркем өлеңмен көмкеріп, зергердей зерлеген тамаша ақынның туындылары кейінгі ұрпақтың рухани кәдесіне жараса екен деген тілек бар.
Мұрат қажы ЫДЫРЫСОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар