Оқжетпес шыңы

Елбасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында атқарылған шаралардың нәтижесінде Ақмола-Көкшетау өңірлері бойынша киелі орын санатына Оқжетпес шыңы да енді. Жазушы Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романының басты кейіпкері Ботакөздің Асқар мен Амантайға осы Оқжетпес шыңында жолыққаны туралы баяндалады. Жалпы, Оқжетпес атауы қайдан шыққан?

Жоңғарларға қарсы күрес, оларды ел аумағынан біржола қуып шығу кезінде тарихта Шаған шайқасы да орын алғаны белгілі. Осы соғыста адам шығыны да көп болғаны мәлім. Әсіресе, Қоңырәулие үңгірін жаудан тазарту шайқасы бірнеше күнге созылады. Үңгірдің іші қараңғы, жарықсыз жүру қиынның қиыны. Жау оның ішіне ұра қазып жатып алады. Бес күн тамақтан ашықтырып, мыңға жуық адамды қолға түсіреді. Қару-жарағын, ат-көлігін олжалап, өздеріне тас құшақтатып, серт жасатып қайтарып жібереді. Қалмақтың салтында қолға түсіп, қайта барған адам екінші рет әскерге алынбайды екен. Қоңырәулие бекінісін алу жолында қаза тапқан адамдар жеке-жеке жерленеді. Олардың басына құлпытас қойылады да, Найманның шөміш таңбасы, Арғынның көз таңбасы, Керейдің ашамай таңбасы ойылады. Батырлардың біреуін сол өлкеге қалдырып, жауды ел аумағынан асыра қуып, қайтадан Бурабай жағасына келеді.
Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Ақбантай, Барақ, Баймұрат сияқты кексе батырлармен қатар Орақбай, Алтыбай, Райымбек, Шөрек сияқты жас батырлар да кеңеске қатысып, хан қасынан орын алады, Шаған шайқасында қолға түскен олжаны үлестіреді. Ең соңында аса сұлу, көрікті бір қыз қалады. Бұл қызды жас батырлардың бәрінің де алғысы келеді. Оны сезген Абылай хан батырларға: –Қызға бола ренжісіп қалмаңдар, олжаға талассаңдар жау жарқышақты пайдаланып, жеңіске жетеді. Бұл бабамыздан қалған тәжірибе. Енді қызға ерік берейік. Кімді ұнатса, соған барсын. Басқамыз кеңшілік етейік,–деген екен. Батырлар Көкшетауда дем алып жатады. Қарауылға Еспембет бастаған бір топ жасақ кетеді. Қыз ханның жарлығын ұққаннан кейін, тағзым етеді де: –Үш түрлі шартым бар дейді. –Батырларыңызды кемсітпеймін. Рұқсатыңыз бойынша үш рет сынаймын. Тіпті алғашқы тілегім шешілсе де мақұл. Бірінші. Шытымды ағашқа байлап, анау биік тастың басына қадап қоямын да, өзім тасасында тұрамын. Бұл мергендігін сынағаным. Сонда Абылай хан: «Әй ана шоқының басына оқ жетпес-ау» деген екен. Содан Оқжетпес атанып кетеді. Ешкімнің оғы жетпейді. Еспембет келіп қарап тұрады. Екінші шартым: Бойжеткеннен дәмелі жігіттер бірін-бірі арқалап, биікке көтерілсін,–деп су ортасындағы тастың үстіне шығып тұрады. Он алты батыр бірін-бірі арқалап, бірдей шығып келген екен. Яғни, ешкім озып келмейді. Қыз: – Осымен екі шартым бітті, енді ақылдарыңызды сынайын, – деген екен. Ну ормандағы бір талдың бұтағына ұя салған бір кептер үш балапанын басып жатады. Тосыннан келген бір қарақұс ұядағы кептерді іліп алып, жерге тастап, жеуге ыңғайланыпты. Мұны көрген балапандары шырылдап қарақұсқа: «Анамызды жемей, бізді жеңіз» – деп жалынады. Сонда қарақұс рақым етудің орнына: – «Асықпаңдар, тоймасам сендерді де жеймін» – депті. Кептерді енді түтіп жейін дегенде, қарақұс қанатын сермей сілкініп, жалп ете түсіпті. Сөйтсе, қарақұстың омыртқасын сұңқар үзіп жіберіпті. Мұны көрген балапандар зар илеп: «Анамызды құтқарғаныңыз үшін бізді жеңіз» деп разылық білдіреді. Сонда сұңқар үш балапанның біреуіне белгі тағып: –Қауырсының қатқан соң жейін, – деп ұшып кетеді. Балапанды уәдесіне жеткізбей, қырғи жеп алмақ болады. Оған балапандар зар жылап: –«Менің сұңқарға уәдем бар еді. Соған жөнімді айтып аманаттан құтылып келейін» депті. Сонда қырғи: –«Уәде – қиын іс. Барып кел, мен осында күтейін» депті. Енді балапан сұңқарды іздеп, түн қатып ұшыпты. Түнде келе жатса, бір жапалақ кез болыпты. Жапалақ жемекші болады. Балапан жапалаққа жөнін айтып, сұңқарды іздеп жүргенін айтады. Неше күн іздеп жүріп сұңқарды табады. Сонда сұңқар: – «Ең қиын іс – уәде. Сен сөзіңе жеттің. Мен сені кештім. Сен қырғиға бар», – деп қоя беріпті. Балапан жапалаққа келіп сұңқардың кешіргенін айтып, енді саған келдім десе, мен сені кештім, сен қырғиға бар деп босатады. Қырғиға келіп «аналар кешті, мені сен же» деген екен. Сонда барлық жағдайға қанық болған қырғи: «Мен сені кештім, жапалақ та кешкен екен» депті. «Сен енді алғаш уәделескен сұңқарға барып сонымен бақытты ғұмыр кеш» деп жұмбағын аяқтайды. Сол кезде Қабанбай қарауылдан келген Еспембетті көзі шалып: «Сен неге қатынаспайсың?» деп сұрайды. Еспембет: «Жайырақ келдім» дейді. Сонда Қабанбай: «Жас батырдың бірі сенсің, сен де қатыс» деп қызға да көпшілікке естіртіп айтады. Еспембет: «Лайық болса, мен де қатысайын. Қыз көнсе заңғар тастың басына шытын іліп қойып, өзі жерге түссін» деген талап қойыпты. Сонан шытты ілдіріп қойып қызды шақырып алады. Еспембет шытты атып түсіреді. «Қыздың соңғы жұмбағын шешіп бер» дейді жиналған көпшілік.
Шешуі: Орнықты қара ормандай халықтың ішіндегі бір адамның үш баласының бірі екен. Ауылын жау шауып, үйінің шаңырағын ойрандап жатқанда, өз елінің бір батыры құтқарыпты. Осы қызбен уәде байласып, ел іргесі тынышталып, ес жиған кезде қосылу үшін осы шытты берген көрінеді. Сол аралықта біздің адамдардың қолына түскен екен. Енді үшінші рет талас туындап тұрған жайы бар. Бұл қыз уәдеге берік жан көрінеді. Бірінші рет жебе шытқа тисе, тастан құлап өлу, екінші ретте батырлар бірін-бірі көтеріп, бұрын шықса, суға түсіп өлу қаупі бар көрінеді. Ал енді сынақ бойынша осы қызды мен алуға тиістімін. Бірақ соңғы қырғи құрлы жоқпын ба? Қызды босатайық. Және қыз мұсылман сияқты, ислам шариғаты бойынша зорлау – күнәһарлық. Хан алдында қараның билік айтуы-
на жол жоқ қой. Ендігі билікті тақсыр ханекем өзі айтсын,–депті. Сонда Абылай хан былай деп билік айтқан екен: – «Еспембеттің мергендігіне, ерлігіне, кең ойлы кемеңгерлігіне, нәпсіге жол бермеген жомарттығына разы болып, оның тілегі бойынша қызға кешірім етіп, талабын орындайық. Барлық жас батырлар осындай істен үлгі алсын. Бір таңдаулы атқа мінгізіп, үш адам Шағандағы мекеніне жеткізсін. Ханның қайырымдылығына, азаматтардың адалдығына тәнті болған қыз бостандығын алып, Жұмбақтас пен Оқжетпестің шыңына ұзақ қарап тұрып, қуаныштан көз жасын төгіп, өз еліне аттаныпты. Абылай ханның: «Әй, ана шоқының басына оқ жетпес-ау» дегенінен тау Оқжетпес аталыпты. Талай арудың тағдырын шешкен, талай романның жазылуына себепкер болған, көркімен көпті тамсандырған Оқжетпес шыңы туралы осындай бір аңыз бар.

Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.
Новомарковка ауылы,
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар