Еліміздегі және Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасы – Бұландыда!

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ЕХРО Конгресс-орталығында өткен

Индустрияландыру күніне арналған «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпірде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жаңа әрі ірі жобалардың бірі Бұланды ауданындағы «Макинск құс фаб-рикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске қосылды. Телекөпірге Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күніне орай, жаңа кəсіпорындарды пайдалануға беру елімізде жыл сайынғы берік дəстүрге айналды. Биыл да осы үрдіс жалғасын тапты. Еліміз бойынша 28 кәсіпорын іске қосылып, еліміздің экономикасын дамыту жолындағы өз жұмыстарын бастады.
Ақмола облысы да Мемлекет басшысының өзі қатысатын осы телекөпірге үлкен дайындықпен келгендіктерін көрсетті. Телекөпір барысында «Аitas KZ» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Толықпаев Елбасынан еліміздегі және Орталық Азиядағы ең ірі Макинск құс фабрикасының бірінші кезеңін іске қосуды сұрады.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Жұмыс сапарымен біздің зауытымызға келгеніңізде қуаттылығы 50 мың тонна болатын елімізде ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасын салуға тапсырма берген едіңіз. Тапсырмаңызды бұлжытпай орындадық. Бүгін еліміздегі құс етінің импортын 30 пайызға азайтып, экспортты ұлғайтатын жаңа құс фабрикасының бірінші кезегін іске қосуға дайынбыз. Бұл жоба – Астананың азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасының бір бөлігі, – деді Серік Толықпаев.
Елбасы құс етін өндіретін бұл фабриканың ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы маңызының зор екенін атап өтіп, Макинск құс фабрикасы ұжымын құттықтап, сәттілік тіледі.
Жаңадан іске қосылып отырған «Макинск құс фабрикасы» серіктестігі жылына 50 мың тонна құс етін өндіре алады. Бұл қуаттылығы, техникалық жабдықталуы және инвесторлардың құрамы жағынан бірегей жоба. Жобаның құны 42 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Инвесторлар арасында «Aitas KZ» акционерлік қоғамы, Еуропа қайта құру және даму банкі, Baiterek Venture Fund венчурлық қоры бар, ал кредиторы – «Қазақстан даму банкі» акционерлік қоғамы.
Маңызды жобаны жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытуға серпін береді. Сонымен қатар, аталған жоба Астана қаласы айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға септігін тигізбекші. Бұл – құс етін өндірудегі еліміздегі ең ірі жобалардың бірі. Жобаны іске қосу жергілікті өндіріс өркендеп, құс етін жеткізіп беру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұл жылына 25 мың тонна құс етін өндіру жөніндегі жобаның алғашқы кезеңі. Фабрика келер жылы толық қуатына шығады деп жоспарланып отыр. Сол кезде осы фабриканың өзі-ақ еліміздегі құс еті импортының үштен бір бөлігін жабатын болады.
Телекөпірдің соңында облыс əкімі Мәлік Мырзалин шараға қатысқан кəсіпорынның басшылары мен жұмысшыларына алғыс айтып, Тəуелсіздіктің 27 жылдығымен құттықтады жəне аймағымыздың өнеркəсіп саласын дамытуға елеулі үлес қосатын іргелі кəсіпорынның жұмысына табыс тіледі.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар