Әлеуметтік сала қосалқы жұмыстан босатылады

Зеренді аудандық әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Василий Крыловтың төрағалығымен білім саласындағы бу қазандықтарын сенімді басқаруға беру және «Zeren boilers» атты отыны ұзақ жанатын қазандықтардың технологиясын қолдану мәселесі бойынша семинар-кеңес болып өтті.

Бұл іс-шараға қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, облыстық білім, денсаулық сақтау, мәдениет басқармалары басшысының орынбасарлары және бірқатар кәсіпорындардың басшылары қатысты. Семинар-кеңесті ашып жүргізген өңір басшысының орынбасары өз сөзінде Ақмола облысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша шаралар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
–Энергия үнемдеу мен энергияның тиімділігі, тарифтерді азайту, коммуналдық бу қазандықтарда отынды оңтайлы шығындау бойынша жұмыс жүргізілуде. Биылғы жылы Есіл қаласы мен Шаңтөбе кентіндегі бу қазандықтары іске қосылды. Бұл жобалар және бірқатар энергия, жылу, сумен қамтамасыз ету және су тарату нысандары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Биыл Көкшетау қаласындағы жылу электр орталығын жобалау және оның құрылысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі келісім-шартына қол қойылды. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде ұсынылған технологиялардың жобаларын енгізу шаралары жүзеге асырылуда. Дегенмен, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту бойынша қолға алынған шаралар жеткіліксіз. Алдыңғы қатарлы энергия тиімділігі мен энергия үнемдейтін технологияны енгізу, өндірістік жұмыстың барлық саласын цифрландыру, жаңа брендтер жасау саласында сондай-ақ, еңбекті ұйымдастыруды жақсарту, тұрғындарды тұрмыстық комфорттық жағдаймен қамтамасыз ету бойынша көптеген жұмыс атқаруға тиістіміз,–деді Василий Крылов.
Семинарда білім нысандары басшыларын шаруашылық жұмысынан босату мәселесі қаралды. Өңірдің білім саласында бу қазандығын сенімді басқаруға берудің озат тәжірибесі баршылық. Бұл тәжірибені облыстың өзге өңірлеріне тарату қажет. Өйткені, бүгінгі күні білім нысандарын жылумен тұрақты әрі сапалы қамтамасыз ететін, энергия үнемдейтін тиімді технологияны енгізу қажеттігі туындап отыр. Тиімді әдістердің бірі ұзақ жанатын қазандықты қолдану болып табылады. Бұл қазандықты қолдану пайдалы әсер коэффициентін арттыруға, отын шығыны мен күлдің, ауаны ластайтын заттардың шығуын азайтуға мүмкіндік береді. Мұнда көмірдің кез-келген түрі пайдаланылады. Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов білім саласындағы бу қазандықтардың бүгінгі жағдайы жөнінде хабарлама жасады. Облыстағы қала мен аудандардың білім бөлімінде 555 мектеп пен 137 балабақша жұмыс істейді. Олардың 173-і орталық жылумен, 519-ы автономдық, оның ішінде 469 мектеп пен 50 балабақша автономдық жылу жүйесімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 503 нысанда көмір жағылса, 15 мекеме электр қазандығымен жылытылады. Щучинск қаласындағы №7 мектеп-лицейдің қазандығында мазут жағылады. Білім саласының аудандық ұйымдарында бу қазандықтарының саны 989-ды
құрайды. Облыс бойынша автономдық жылу беруге жыл сайын 2 миллиард теңге жұмсалады. Білім саласының барлық мекмелерінде үш айға жететін отын қоры бар. Ақмола облысында пайдаланатын ұйымдардың сенімді басқаруына әлеуметтік нысандардың бу қазандығы берілді. Бұл жоба өткен жылы Целиноград ауданында жүзеге асырылып, білім ұйымдары 11 қазандықты сыртқа шығарды. Үш мектепте бу қазандықтары жаңғыртылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Отаутүскен ауылында блок-модульдік бу қазандығы орнатылды. Бүгінгі таңда «Орталық жылу тарату компаниясы» серіктестігінің сенімді басқаруына Зеренді, Бұланды, Целиноград және Шортанды аудандарының 193 әлеуметтік нысаны берілді. Аталмыш серіктестіктің сенімді басқаруының артықшылығы үрдістің цифрландыруында болып отыр. Компания бу қазандығы жұмысының параметрлерін бақылау бойынша бірыңғай диспетчерлік бекет құрады. Бу қазандықтарын басқару кешені автоматтандырылған. Целиноград ауданы бойынша өткен жылғы жылу беру маусымында 3 мың тонна көмір үнемделді. Ол жөнінде Целиноград аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Жаңабергенов пен «Орталық жылу тарату компаниясы» серіктестігінің директоры Мәлік Жауков айтып берді. Бұдан кейін семинар-кеңеске қатысушылар «STEV-4» cеріктестігінде болып, «Zeren boilers» атты отыны ұзақ жанатын қазандықтың тұсаукесеріне қатысты. Серіктестік директоры Анатолий Столяренконың айтуынша, бұл қазандықтың пайдалы әсер коэффициенті жоғары. Сондай-ақ, мұнда кез-келген отын жағылады. Қазандықтың отын жағу жұмысы үш деңгейде жүргізіледі.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар