Ұлтқа жанашырлықтың ғұмырлы жолы

Шығыс данасы Әлішер Науаидың: «Жақсы адам өзінің жыртық тонымен де сыйлы» деген ұлағат сөзі жан дүниесін мөлдір бұлақтай таза ұстаған жандарға арналып айтылғандай көрінеді. Туған халқына адал қызмет ететін мұндай кесек тұлғалы адамдар біздің де арамызда аз емес. Кейде біз пендешілікке салынып, ондайларға көз қиығын сала бермейтініміз тағы жасырын емес.

Еңбегінің ел кәдесіне жарағанын терең сезініп, өмірінің өнегелі өтіп жатқанына шүкіршілік ететін бір еңселі тұлға бар. Ол – Ғабдысәләм Доскейұлы Жоламанов десем еш қателеспеймін. Мен ол кісінің есімін сексенінші жылдардың аяғында алғаш естіген едім. Осы жылдары ол менің туған жерім – Қызылту ауданында атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Әрине, қазақы өңір болса да, бұл ауданды ұзақ жылдар өзге ұлт өкілдері басқарды. Тың игеру науқаны сылтау етіліп, қаншама қазақ ауылдары жабылып, орыс елді мекендері өрлеудің өзегіне айналды. «Шықпа жаным, шықпаның» кебін киген қазақ ауылдарына бірінші хатшылар емес, әлгіндей атқару комитетінің тізгінін ұстаған өз ағайындарымыз жанашырлық танытты. Солардың қатарында біздің әңгімемізге арқау болып отырған Ғабдысәләм аға Доскейұлы да бар.
Қазақ ауданында барлық басқосулар орыс тілінде өтетін. Тіпті, қазақ ауылдарындағы ұлт тіліндегі мектептер күштеп ресми тілге көшіріліп жатты. Ғабдысәләм Жоламанов келе аудандық жиындарды қазақ тілінде өткізіп, айды аспанға бірақ шығарды. Соңғы жиырма жылда мұндай көріністі көрмеген жергілікті халық таңданыс білдіргендері бар. Осылай ол таза жергілікті ұлты шоғырланған елді мекендердегі ресми жиналыстарды Конституцияға сәйкес қазақ тілінде өткізуге нұсқау берді.
Өзін ұлтшыл атандырады деп қорыққан да жоқ. Бірінші хатшы алдында да тайқақсып, ешқашан еңсесін түсіріп көрген емес. Себебі, ол осыған дейін Торғай облысында Арқалық қалалық атқару комитетінің төрағасы, Қима аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымдарын атқарған, ел басқару ісіне әбден төселген адам болатын.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Алматыға жедел шақыртылып, республикалық партия-кеңес қызметкерлерінің алқалы жиналысына қатысады. Осы басқосуда мінбеге көтеріліп, сол кезде республика басшысы Геннадий Колбинге табиғаты құрғақшылық аудандарының жағдайын түзеу үшін арнайы шара қолдану керек деген ұсыныс айтады. Бұл құрғақшылық аудандарда кілең өз ұлтымыздың өкілдері тұратынын тура болмаса да, тұспалдап жеткізген-ді.
Осылай ол бірінші хатшының «қара тізіміне» енді. Көп ұзамай бірінші хатшылықтан төмендетіліп, Қызылту ауданына жіберілді. Шыны керек, Ғабдысәләм Доскейұлы Қызылтуға бір кісідей еңбек сіңірді. Қарапайым адамдар үшін әлеуметтік нысандарды салуға, аз қамтылған отбасыларын тұрғын үймен қамтуға баса назар аударды. Кейбір өзге ұлт өкілдері басқаратын шаруашылықтарда өз дегенін істетті.
Ең бастысы, тың игеруден кейінгі кезеңде алғаш рет қазақ сыныптарын қайта ашуға ден қойылды. Бұған жергілікті тұрғындар арасында насихат жұмысы өрістеп, бұрынғы олқылықтың орнын толтыру қолға алынды. Қызылтудың атын асқақтатқан белгілі балуан Ахметжан Қазымбетовтың атындағы республикалық турнирді ұйымдастыруға атсалысты. Осы жарысты өткізуге аудандық стадион салынып, бертінде оған Ахметжан Қазымбетовтың есімі берілді.
Бүгінде ол Жақсы ауданының құрметті азаматы болып табылады. Қызылтуға келмей тұрып, Торғай өңірінде де көп жыл лауазымды қызметтер атқарды. Жаңадан құрылған облысты басқарған Сақан Құсайыновпен қоян-қолтық еңбек етті. Отыз екі жасында облыстың «Казсельхозтехника» кәсіпорны тізгінін ұстады. Жаңа облысты ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету оңай шаруа емес-ті. Осының бәрі Ғабдысәләм Доскейұлының басшылығымен жүзеге асты.
Кейін алғыр да білікті басшыны Сақан Құсайынов Арқалық қалалық атқару комитеті төрағалығына ұсынды. Бұл қызметті де ұршықтай иіріп әкетті. Оның басшылығымен қаншама жаңа нысандар салынып, іске қосылды. 1977 жылы Мәскеуге аттанып, Қоғамдық ғылымдар академиясында екі жыл білім алып қайтты. Елге оралғанда, Торғай облысы басшылығына Еркін Әуелбеков келген еді. Бірден Ғабдысәләм Жоламановты Қима ауданына бірінші хатшы етіп жіберді. Ал, 1985-1988 жылдары Амантоғай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.
Кеңес заманының қылышынан қан тамып тұрған шағында ұлтшыл болу оңай емес еді. Мемлекет қызметінде жүріп, қазақтың мүддесін жоғары қоя білген Ғабдысәләм Доскейұлының өмір жолына үңілсек, 1938 жылы Ресейдің Түмен облысына қарасты Еңбек ауылында өмірге келген екен. Барнаул қаласындағы Алтай политехникалық және Целиноград ауыл шаруашылығы институттарын бітірген.
Алғашқы зейнетақы қорының басқарушысы, Көкшетау облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары, Ақмола облыстық өнеркәсіп, жол-көлік кәсіпорындары қызметкерлері кәсіподағының төрағасы қызметтерінде істеді. Қазақстан Компартиясының съездеріне делегат болып сайланды.
Әңгімені осы жерде үзіп, өнегелі өмір жайлы суреттемені аяқтауға болар еді. Бірақ, сөз басындағы Әлішер Науаидың сөзі тағы ойға оралып отыр. Себебі, Ғабдысәләм Доскейұлы зейнет жасына шыққасын үйінде тып-тыныш қана отыруына болар еді. Ол келер ұрпақ тәрбиесінен қол үзуді жөн көрмеген сияқты. Әсіресе, ұлт тілі мен салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртып, оның өркен жаюына сүбелі үлес қосып жүргенін атап өткен жөн.
«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі құрылғанда Ғабдысәләм Жоламанов оның ең белсенді мүшесіне айналды. Бірден қаладағы қазақ мектептеріне ақсақалдарды ұйымдастырып, ұлттық тәлім-тәрбие беру ісіне атсалысты. Тіпті, сынып жетекшілерімен байланыс орнатып, қазақ балаларының өз ана тілінде сөйлесуіне ықпал ете білді. Қазақ тіліндегі білім ордаларында үзіліс кезінде ресми тілде шүлдірлемеуді талап етіп қойды.
Осы қам-қаракетінен біз оның бар саналы ғұмыры ұлт мүддесіне арналып келе жатқанын байқадық. Жоғарыдағы аудандарды басқара жүріп, өзінің болашақ қызмет баспалдағына балта шабылатынын білсе де, ұлт мәселесін ұдайы жоғары қойғаны қандай тұлға екенін анықтай түседі.
Жасы сексеннің сеңгіріне шықса да, үйде қамалып отырған Ғабдысәләм ағамыз жоқ. Науан хазірет мешітінде өзінің бес парызын орындап жүргенін жиі көреміз. 2007 жылы қасиетті Меккеге барып, қажылық парызын өтеп қайтты. Енді ол жат ағымның жетегінде кетпесін деп жастардың имани болмыс-бітімінің дұрыс қалыптасуына еңбек сіңіріп жүр. Мешіттің ақсақалдар алқасына мүше болып, діни тәрбие беруге ақыл-кеңестерін де аямайды.
Осы мақаланы жазу үстінде Ғабдысәләм Доскейұлымен сұхбаттасуды да ойлаған едім. Жазғандарым сырттан суреттегендей болмаса екен деген ой еді. Бірақ, бұл жолы ағамыз Үндістанға сапар шегіп кетіпті. Қыдырып, саяхаттап кеткен болар деп ойлағанбыз. Олай болмай шықты. Қазаққа аты танылып қалған немересі Дина Жоламанның әлемдік додадағы ойындарын тамашалап, қолдау білдіру үшін жолға шыққан екен.
Иә, Дина Жоламан былғары қолғап киген қазақтың батыр қыздарының бірі. Әлем чемпионы деген атағы да бар. Осы жолы да бағы жанып, еңселі биіктерден көрінсінші деп тіледік. Елінің қамын ойлаған абзал ата жолы қашанда асқақ биіктерге талпындыратыны анық. Сексеннің сеңгіріне келген Ғабдысәләм ағаға осылай ғұмырлы жолдың айқара ашық күндерінде шуаққа толы шақтарыңыз көп болғай деп тілек жолдадық.
Бақыт СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар