Ана ақылы – жүректің мейірімі

      Көкшетау қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдық мерекесіне орайластырып Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесінің» құрылғанына бес жыл толуына арналған шара болып өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткен «Көненің ізі – салт-дәстүрдің көзі» деген мәдени шараға Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева қатысып, жиналғандарға өзінің жүрекжарды жылы лебізін білдірді.

Бүрмелі көйлек, үкілі кәмшат киген бұрымды қыздарды, қолына үкілі домбырасын ұстаған өнерпаз жігіттерді, ақ жаулығын киген әжелерді көрген сәттен-ақ, бұл шараның бастауында қазақтың аналары тұрғандығын анық аңғаруға болады. Себебі, қазақтың аналары қай-қашанда да қыздардың киім-киісіне, жүріс-тұрысына, әдеп-мәнеріне аса мән берген халық. Ұлттық киім киген қыздардың да жүзінен бір жылылық есіп тұрғандай. Өйткені, адамгершілігі, ұяты бар адамның бет-бейнесі иманжүзді, жарқын, биязы, өзі парасатты болады.
Жиынды Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы Зере Қиықова жүргізіп отырды. Алдымен, жиналғандар назарына Талдықорғанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы туралы бейнебаян ұсынылды.
Жалпы, ұлт жанашыры Зере Еспайқызы өңіріміздегі Аналар кеңесі өз жұмысын бастаған сәттен-ақ, облысымыздағы оқу орындарында қыздар клубын ашуды қолға алды. Келешек ұрпақты тәрбиелейтін, оң жолға бағыттайтын, жарқын өмірдің кепілі болатын – қыздар екендігін білім ұяларында өткен кездесулерде жиі айтып, қанағатшылдыққа қадам жасауына үндеп, жөн сілтеп жүретін «Аналар кеңесінің» бастауымен көптеген игі шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл заңды да. Себебі, қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Ал, «қыздың ұяты – шешеде». Осы орайда, айта кеткеніміз орынды болар, Зере апамыздың ұлт болашағы жолында атқарып жүрген еңбегі өлшеусіз. Биік мінбелерден, қоғамдық орындарда, кез келген отырыстарда ұлт тәрбиесі туралы тебірене, тереңінен толғап, орамды ойларын ортаға салғанда ел ертеңі ұл мен қызға деген аналық мейірімін сезінгендей боласыз.
Өңіріміздегі «Аналар кеңесінің» қамқорлығымен жұмыс істейтін қыздар клубы қазақ халқының рухани-адамгершілік құндылықтарын насихаттайды. Осы кеште де қыздар клубының мүшелері «Ұлттық тағамдар», «Қызға қырық үйден тыю», «Сәукеле», «Сыңсу» сияқты ұлттық салт-дәстүрлерден көріністерді театрландырылған қойылым түрінде көрсетті.
Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілділік, қамқорлық, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет. Қоғамдық қордың алға қойған басты мақсаттарының бірі де осы. Дөңгелек үстел отырысында сөз сөйлеген Зере Еспайқызы өз ойын былайша сабақтады:
– Қыз бала алдында қоғамның, елдің, ұлттың болашағы үшін үлкен жауапкершілік тұрғандығын ұғындыру. Біздің идеямыз ұлтты тәрбиелегің келсе қызыңды тәрбиеле деген ұлағатқа негізделеді. Біз өз кезегімізде келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгертуге, отбасы, Отанның ар-намысын қорғауға, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуді көздейміз. Көкөрім жастарға оның ішінде қыз балаларға «қызға қырық үйден тыйым» деген даналықты бойына сіңіру керек деп есептеймін. Мәселен, ұлттық қағидатқа ұласқан «Үлкенді сыйла», «Үлкенге сәлем бер», «Жолын кесіп өтпе» деген ұлағатты сөздерді әрбір баланың бойына сіңіре алсақ ғанибет емес пе? Бойжеткен қыздармен сыр бөлісе, ақыл-кеңес береміз, қолөнерге баулып, үй шаруасына қажетті шеберлік сыныптарын өткізіп отырамыз. Осының барлығы атадан балаға ұрпақ сабақтастығы арқылы жалғасқан дәстүрлі құндылықтарымыз, – дей келіп, кеңес төрайымы осы жылдар аралығында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, «Аналар кеңесінің» мүшелері мен қыздар клубының өкілдерін арнайы дипломдармен марапаттады.
Жиында «Шаңырақ» қоғамдық қорының директоры Берік Ұзақбайұлы да сөз сөйлеп, өз ойын ортаға салды.
Қазақтың салт-дәстүрін паш ететін танымды театрландырылған көріністерге тәнті болған көрермен, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ұлағат айта білген аналарға разы болып, кештен рухани қуат алып тарқасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар