Қыран құс не алмайды салса баптап?!.

Бурабайда Тәуелсіздік мерекесі күніне және жерлесіміз, атақты бүркітші Мәсіп Батырхановты еске алуға арналған «Қансонар-2018» халықаралық турнирі өткізілді.

Майбалыққа иек артқан жатаған жотаның жонына табан іліктірсең, алдыңдағы аңғар, көсенің иегіндей теп-тегіс кең жазық көз ұшына дейін созылып жатыр екен. Кеше ғана қыламықтап қар жауған. Нағыз қансонар! Аракідік өліқау мен тал, шілік қана жалпақ жазықтың бетінде бедірейіп тұр. Тұс-тұста пышақ-пышақ етіп саңқылдаған қыран бүркіттер. Құсбегі қауым демін іштеріне тартып, сынға түсер аламан сәтті алабұрта тосып тұр. Иә, көптен бері Бурабайдың аспанында дәл мұнша қыран самғамаған шығар. Ақ көрпесін жамылған Оқжетпес те, қойнауына күмбірлеп дүбір енген қарағайлы орман да көз тігіп, таңырқап қарайтындай. Таңырқайтын да реті бар. Бұл жолғы сайысқа Ресей, Венгрия, Испания, Моңғолия, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірлігі, Қытай, Түркіменстан тәрізді жеті мемлекеттің құс тілін білетін, ақсүйек өнерді жанына серік еткен саятшылары қатысып отыр. Қазақстанның әр аймағынан да қыранының қайратынан үміт еткен елуге жуық құсбегілер жиналған. Кейбіреуі қолдарына қос-қостан қыран қондырған.
Халықаралық турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңірде ұлттық спорттың өңі жақсарып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларынан кейін соны серпін алғандығын ерекше екпін түсіріп айтып өтті. Бурабай аспанын қыран құстың кереге қанаттарымен көмкеріп, рухтандырған жарысқа алыстан ат арылтып жеткен шетелдік қонақтар да осы бір өзгеше салтанатты, айрықша қызғылықты турнирді ұйымдастырушыларға ақ алғыстарын айта келіп, өз таңданыстарын да білдірді.
–Ықылым заманнан бері қазақ халқы көшпелі өмір салтын көріктендірген әдемі салт-дәстүрінің бірі осы,–дейді мемлекет және қоғам қайраткері, «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігі мен аңшылық-шаруашылығы субъектілері республикалық қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов,–негізінде адам бойындағы ерекше ынтызарлықты, ықылас пен ниетті талап ететін құсбегілік өнер маған өнердің шырқау биікке көтерілген шыңы тәрізді болып көрінеді. Тамыры да тереңде. Мәселен, Ботай қонысынан жылқының сүйегімен бірге, ит пен құстың сүйегі де табылып отыр. Демек, қазақтың бұл өнерінің тарихы сол дәуірлерден бастау алады. Міне, осындай өзімізді-өзіміз танып-білуге орасан зор ықпал ететін дүние Елбасының соңғы мақаласынан серпін алып отырғандығын айтуға тиіспіз. Ұлы даланың ұлағатын ұқтыратын жәдігерлерді жанымызға серік етуді Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев та өте орынды айтып отыр емес пе? Орта ғасырларда өмір сүрген итальян саяхатшысы Марко Полоның тарихи жазбаларында құла түзді түрленткен атақты Құбылай ханның 500 сұңқары туралы деректер бар. Міне, сол заманнан күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан өз ұлтымызға тән салт-дәстүріміз, өнеріміз қайта жаңғыруы керек-ақ. Қайта жаңғырса, азуын айға білеген аталарымыздың қайтпас қайсар рухы жалғасын таппақ. Мен қанатты қыранның ғана емес, қазақ жеті қазынасының бірі санаған тазы мен төбетті көбейтсек деймін. Кешегі кеңес заманында ит жүгіртіп, құс салу ұмыт болды. Ешкім көңіл аудармады. Содан барып мал бағып, қотан қорыған, аң қағып, саят құрған текті иттің тұқымы азып кетті. Әйтсе де, жұқанасы қалды. Ендігі міндет сол қолда барын сұрыптап, тұқымын жақсарту. Ол үшін не істеу керек? Осы бір жақсы іске мемлекет жанашыр болуы керек. Жанашырлық дегеніңіз, қолдау, көмек, қаржының бөлінуі. Маң төбет пен желаяқ тазының тұқымын қайтадан қалпына келтіріп, сақтау мәселесін көтеріп, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасарына, Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы хат жаздым. Қалай болған күнде де текті тұқымның гендік қорын сақтау үшін алға қойылып отырған міндеттерді ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету қажет. Ол үшін тазы мен төбеттердің таза тұқымдарын ұстау және өсіру, асыл тұқымды иттердің үйірлерін қалыптастыру, генетикалық тұрғыдан топтастыру саласында түпкілікті зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.
–Баянауылдан келдік,–дейді құсбегі Тасыбай Иманзайып,–екі бүркіт әкелдім. Екеуі де қолбала құстар. Әрине, түз құсының өжеттігі, алымдылығы күшті ғой. Бірақ, қолға түсе бермейді. Қолбала құсты дұрыстап баптасаң, ол да алғыр. Бүгінгі күні бағзы заманнан, бабаларымыздан қалған мұраны дамыту шынын айтқанда, бізге сын болып отыр. Құсбегілер қолдауға зәру. Құсбегілерді қолдау дегеніңіз төл өнерімізді қолдау деген сөз. Қолдау болса ғана ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келе жатқан айрықша әдемі өнерімізді әлемге танытар едік. Қазір біршама жанашырлықтың бар екендігін айта кетуге болады. Мәселен, бұрын осындай жарыстарға қатынау қиын болатын. Қазір рұқсат қағаздарыңыз болса, ешбір кедергісіз жүре бересіз. Сосынғы бір кемшіні насихаттың аздығы.
Құсбегі дөп айтып отыр. Насихаттың солғындығын осы жарыстан да көруге болады. Халықаралық турнирдің көрермендері некен-саяқ. Негізінде құсбегілердің өздері мен атқосшылары. Қалам ұстаған жазарман қауым, төрешілер мен ұйымдастырушылар. Ту сонау тау басынан құлдилап, жақтан суырылған жалғыз жебедей ысқыра ұйытқып келіп, тау етегіндегі аңғарға зымырай жүйткіп бара жатқан аң атаулыға он найзасын оқталған, найзағайдай атылған сұрапыл өнердің салтанатын былайғы жұрт неге көрмеске?! Тіпті, осы бір көріністің өзі алпыс екі тамырыңда қалғып кеткен бағзы бір сезімдерді дүр еткізіп оятып, кеудеңді алапат шаттық билейді екен. Көк аспанның көркі болған, ақша бұлтпен астасқан сонау биіктегі қыранды айтқанына көндіріп, дегеніне жүргізіп, көздегеніне ұшырып отырған құсбегілік өнер қандай керемет, шіркін! Өзекті өртер өкініші де сол, қансонардың қызығын қанша қауым көре алмады. Әлде жарнамасы кем, құлақтандырылуы аз. Әйтпесе, неге көрмесін?!
Саф ауаны жұтып, жолбарыс жонды жоталарды қиялай көктеп көтерілсең, көптен қозғалыстың кемдігінен тұтаса қатып қалған жон арқаң жібіп, аяқ-қолдың бұлшық еттері талмаусырап, рахат бір сезімге бөлейді екен. Қазір сол рахатты ел ептеп көруде. Бурабайда «Салбұрын» ұлттық аңшылық орталығы 2017 жылы ашылған. Негізгі мақсаты ұлттық аңшылық өнерді дамыту, Бурабай баурайына келушілерге қызмет көрсету. Серіктестіктің ұсынатын қызмет ауқымы да жан-жақты. Атқа мініп, сейіл-серуен құруға болады. Қаласаңыз, бүркітпен аң аулайсыз, ит жүгіртіп, қоян, түлкі қағасыз. Зеренді және Бурабай аумағында 111 мың гектар жері бар.
–Бурабай баурайын туризмнің Меккесіне айналдыру туралы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та міндет қойып отыр ғой,–дейді орталық басшысы Серік Көбегенұлы,–біз енді көркем табиғатымызбен ғана емес, ұлттық өнерімізбен де мақтана аламыз. Қазірдің өзінде келушілер аз емес. Естіп-білген ел тамаша табиғат аясында қазақтың қасиетті өнерін көруге құмартып-ақ жатыр. Негізінде, ит жүгіртіп, құс салу аса көп зиянын тигізе қоймайды. Ол жағын да ескерудеміз. Жаз бойы аң-құстың жем-шөбін дайындаймыз, браконьерлерден қорғаймыз.
Саяқ жүріп, саят құру бір басқа да, сынға түсер сәт өз алдына бөлек бір қызулы әлем. Әне жотаның үстінен қалықтап ұшқан қыран айнадай жарқыраған ақ қардың үстіндегі жалғыз ноқат қоянды жанарына іліктірді. Киіз үйдің аумағындай ауқымды құшағына сыйдыратын қос қанатын әнтек керіп, сырық бойы көтерілді де, төбеден тастаған тастай зу ете түсті. Қас-қағым сәт. Бұта түбін пана көріп, жасырынған қоянның төбесінен жай түскендей болды. Ақ тонын әлі толық киіп болмаған, ақтан гөрі сарғылт реңге жақын ор қоян қыран тырнағының астында тыпырлап жатыр.
Алдымен іріктеу сайысы өткізілген. Айнымай түскен қырандар ақтық сынға жолдама алды. Жарыс барысында қыран келбеті де, түр-түсі де, бейне-бітімі де ескерілді. Ең бастысы, алғырлығы. Қоянға қыр асырмаған қырандар алпыс екі айлалы түлкіге келгенде әбжілдігі алқынғандай. Қазылар алқасының шешімімен жерлесіміз, Краснояр ауылының тұрғыны, құсбегі Руслан Тумурзин бас жүлде – «Нива» автокөлігіне ие болды. Барлық жеңімпаз құсбегілерге кәделі сыйлықтар тарту етілді. Екі күн бойы Бурабай баурайын бөктірген құсбегілер сайысы елімізде төл өнеріміздің туын тіктеп келе жатқандығын жеті мемлекеттен жиналған тәмам елге танытты.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар