Ақмол. «Қолжетімді баспана – 2020»

Құрылыс оның ішінде, тұрғын үй құрылысы жөнінде Целиноград ауданы облыс бойынша алдыңғы қатарда тұр десек ақиқаттан алыс кетпегеніміз. Жалпы, аталмыш ауданның орталығында кейінгі жылдары көптеген әсем ғимараттар бой көтеріп, Ақмол ауылы шағын қалаға айнала бастады.

Оның айғағы ретінде аудандық сот, прокуратура, аудан әкімдігі ғимараттары мен мешітті, өткен жылы ғана пайдаланылуға берілген Орталық алаңды айтуға болады. Ал, ең бастысы, мұнда тұрғын үй құрылысына да баса назар аударылады.
Ақмол ауылында жылына бір рет көп пәтерлі үй пайдаланылуға берілуі дәстүрге айнала бастағандай. Міне, биыл да Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында Ақмол ауылында 60 пәтерлі үйдің кілттері иелеріне табыс етілді. Қоныс тойына орай өткен салтанатты іс-шарада аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеев мереке қарсаңында пәтерге ие болған тұрғындарды құттықтай отырып, алдағы уақытта да құрылыс жұмыстары жалғасатындығын айтты. Яғни, Ақмолда әлі талай қоныс тойы болады деген сөз. Ол өз кезегінде ауданға қажет жас мамандарды жұмысқа тартуға септігін тигізері сөзсіз.
Тұрғын үй құрылысын өткен жылы бастап, биыл толық аяқтап отырған «БАТ 12 Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ерден Рысқалиұлы Бареновке де тұрғындар дән риза.
Жаңа пәтер кілтіне ие болғандар арасында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына орай Ақмол ауылына жұмысқа келген «Жедел жәрдем» бөлімінің фельдшері Шамзиза Аслан, полиция аға лейтенанты Әнуар Шәріпов сынды жас мамандар бар.
Сонымен Ақмол ауылында «Қолжетімді баспана – 2020», «7-20-25» бағдарламалары аясында тағы бір 5 қабатты тұрғын үй пайдаланылуға беріліп, біраз жас мамандар қоныс тойын тойлауда.

Талғат ҚАСЕН,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар