Көкшетаудағы салтанат

Кеше «Көкшетау» мәдениет сарайында болып өткен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 27 жылдығына арналған салтанатты шарада

облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен егемен еліміздің қол жеткізген табыстарына тоқталып, елдің бірлігін нығайтып, әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқынын арттырудағы ақмолалықтардың қол жеткізген табыстарын саралады. Елбасының Жарлығымен қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты қосқан елеулі үлесі үшін марапатталған бір топ ақмолалықтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Еліміздегі ұлық мерекелердің бірі –Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара Мемлекеттік туды салтанатпен әкелуден және Әнұранмен басталды. Бұдан кейін облыс басшысы Мәлік Мырзалин облысымыздың барлық өңірлерінен келген жиналысқа қатысушыларға арналған ақ тілек құттықтауын жеткізді. «Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам қысқа мерзім ішінде Қазақстан келешегі кемел, болашағы бекем қуатты мемлекет құрды» – дей келе, Тәуелсіздік әкелген жетістіктер жайында жан-жақты баяндап берді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында өткен тарихты білмей болашаққа бағдар ұстанудың қиындығын айтып, мақтаныш етер тарихи жетістіктерімізді насихаттаудың маңыздылығына назар аударған еді. Ал, қазақ тарихында мақтаныш етер ұлы тұлғалардың аз болмағандығы тарихтан белгілі. Сонау Абылай ханның заманынан бастау алған тәуелсіздік үшін күрестер өткен ғасырдағы Алаш арыстарымен жалғасын тауып, 1991 жылдың желтоқсанындағы ата-баба аңсаған Тәуелсіздікпен аяқталған еді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстанның тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң негізінде әлем тарихында жаңа тәуелсіз мемлекет пайда болды. 1995 жылы қабылданған Конституция еліміздің тәуелсіздігін бекітіп, заң жүзінде дамуға негіз жасап берді. Қысқа мерзім ішінде жас тәуелсіз мемлекет өзінің жаңа Астанасын салды. Астана қазір әлемдегі ең сәулетті шаһарлардың бірі болып, келушілерді тамсандыруда.
– Тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы Қорғаныс министрі болып жерлесіміз, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың қызмет атқарғаны біз үшін үлкен мақтаныш, – деген облыс әкімі Тәуелсіз еліміздің дамуына Ақмола облысының да елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Биылғы жылдың өзінде 9 мыңдай жұмыс орны құрылып, көптеген ірі инвестициялық жобалар іске қосылды. Облысымызда ғана емес, республика бойынша іргелі өндіріс орындары саналатын «Көкшетау-Алтынтау», «Степногорск подшипник зауыты», «Көкшетау минералды сулары» сияқты кәсіпорындар өндіріс көлемін арттырып, саланы дамытуға елеулі үлестерін қосуда.
– Биыл ақмолалық диқандар 5,6 миллион тонна астықты қоймаға құйып, әр гектардан 13 центнерден өнім жинады, – деген облыс басшысы ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Биылғы жылдың соңына дейін облыста 5 мың пәтер пайдалануға берілетін болады. Көкшетау қаласынан 900 орындық IT мектеп-лицейі ашылды. Таяу жылдар ішінде 3 мың орындық жатақханалар салынбақшы. «Бұның бәрі де Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізіп отырған жетістіктер» – деген облыс басшысы жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Осыдан кейін облыс әкімі еңбекте ерекше көзге түскен бір топ ақмолалықтарға наградалар тапсырды. Салтанатты шараның соңы мерекелік концертпен жалғасты.
Тәуелсіздікке арналған салтанатты жиналыс облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарында да болып өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар