Денистің үш алтын медалі

Ерке Есілдің ен бойын жайлаған жазиралы Жарқайың ауданында соңғы жылдары бұқаралық спортты дамытуға жете көңіл бөлінуде. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында, елдің атын әлемдік аренада әйгілейтін, көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқататын спортшылар қатары өсіп келеді.

Мұның бір дәлелі ретінде, биылғы жылы әлемдік додаларда бірнеше рет бағы жанған Денис Долгашовты тілге тиек етуге болады. Жуырда Тұңғыш Елбасы мерекесі күні Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында жалауы желбіреген сары құрлықтың біріншілігінде жерлесіміз алдына жан салмай, гір көтеруден жастар және ересектер арасында топ жарып, Азия чемпионы атанды. Бұған қоса осы біріншілікпен қатар өткізілген Әлем кубогы кезеңінде алтыннан алқа тақты. Дарынды жас бапкер Салтанат Халибекұлының өрімдей 17 жасар шәкірті Денис осылайша Елбасы күні ел қоржынына үш алтын медаль салды.
Сөйтіп, желтоқсанның 5-і күні Державин станциясына Денистің жақын туыстары, сыныптастары мен ұстаздары, жанкүйерлері мен аудан спортшылар жиналып, «Денистің жеңісі – Салтанаттың жемісі» деген ұранмен топжарған спортшыны шашу шашып қарсы алды. Ел мерейін үстем қылған қос бірдей өренімізге аудан әкімі Мұрат Балпанның құттықтау хаты табысталды. Жүрегін толғаныс тербеген Денистің бапкері Салтанат Халибекұлы: «Қаншалықты батыр болсаң да, ағайын мен ел керек, қаншалықты бай болып, алтын шапан кисең де, жаға менен жең керек», – деп тебірене келе, «Осындай ұлын ұлықтайтын Жарқайыңдай ел барда, аламанға түссек тақым қысып, қолдау көрсететін ағайын барда әлі талай биік белесті бағындырамыз. Қазақстаным, алға!», – деп ағынан жарылды.
Жиылған қауымға өз сөзін арнаған Денис, ыстық ықыласымен қарсы алған көпшілікке алғысын жаудырды. «Бұл үздіксіз жаттығу мен еңбектің арқасында қол жеткізген жеңіс деп айта аламын. Бапкерім Салтанат екеуміз осы жетістікке жету үшін біраз тер төктік. Сол төккен тер зая кетпей, туған елге үш алтын алып келдік», – деп ой бөлісті. Көзіне қуаныш жасы ұялаған Денистің анасы барша қауымға, аудан басшылығына, бапкерге, демеушілерге аналық алғысын білдірді.
Фархат БАЙҚАСОВ,
Жарқайың ауданы әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы.
Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар