Көші-қон барысында қарастырылатын жайлар

Соңғы жылдары халықтың көші-қоны әлемдік экономиканың дамуындағы маңызды факторлардың біріне айналды. Көші-қон айналымына іс жүзінде әлемнің барлық мемлекеттері тартылып отыр. Халқының кірісі орташа деңгейді ғана құрайтын елдерден көші-қон тіпті күшейе түсуде. Қазақстанның экономикасы мен кен өндіретін салалары Орталық Азия аймағынан адамдарды өзіне қарай тартуда. Көші-қон жөнінен халықаралық ұйымның мәліметі бойынша Қазақстан көші-қон процесі неғұрлым көбірек байқалатын елдердің қатарына жатады.

Туберкулезбен күресте шекарааралық көші-қон медицина қызметін көрсетушілерге едәуір проблема туғызады. Себебі, жөтелгенде ауа арқылы тарайтын бұл жұқпалы ауру шекарада да қауіпті. Осыған орай, туберкулезге қарсы күресте көршілес елдер бір-бірімен тығыз байланыс орнатпаса болмайды.
Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы мұндайда барлық қоныс аударушыларды медициналық тексерістен өткізуді ұсынады. Бұл медициналық тексерістер жұқпалы және жұқпалы емес ауруларға бірдей жүргізілуі керек. Әрі оның барысында адам құқығы мен қоныс аударушылардың ар-намысын құрметтеу мәселелері басты назарда болуы тиіс. Скринингтің қорытындылары қоныс аударушыларды елден шығаруға ешбір себеп бола алмайды. Әдетте, белгілі бір елге кіретін мигранттардың көбінің денсаулықтары ойдағыдай болады. Алайда, оларды қабылдайтын елдегі жүріп-тұратын жағдайлар бұл адамдардың денсаулықтарына зардабын тигізуі мүмкін, соның ішінде медициналық қызметтерге қолжетімділік те ойдағыдай бола бермеуі ықтимал.
Мигранттар үшін туберкулезді жұқтырып алу немесе онымен сырқаттану төмендегі факторларға тікелей байланысты болып келеді. Олар тұрған елде туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі, олар келген елде тұрмыс пен жұмыстың жағдайы, соның ішінде денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау қызметтеріне қолжетімділік деңгейі, бактерия бөлетін туберкулезбен сырқаттанатын адамдармен арадағы контакт. Осы арада бір атап өткіміз келетіні, туберкулез мигранттардан жергілікті халыққа араларында шектеудің болуына байланысты сирек жұғады.
2011 жылдың 22 шілдесіндегі «Көші-қон туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен мигранттардың Қазақстан аумағына кіруінің, шығуы мен болуының арнайы тәртібі белгіленген. Кейбір аурулар Қазақстан аумағына кіруге, онда тұруға тыйым салуға негіз бола алады. Мұндай аурулардың тізбесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылдың 30 қыркүйегіндегі №664 бұйрығымен айқындалған. Оған туберкулез де кіреді. Қазақстан Республикасына кірерде иммигранттардың белгілі бір тобы өздерінде ауру-сырқаудың жоқтығын растайтын медициналық анықтамаларын көрсетулері керек. Бұл арада әңгіме белгілі бір мамандық бойынша жұмысқа келетіндер және туберкулез сияқты жұқпалы аурулар туралы болып отыр. Бұған қоса, ҚР «Көші-қон туралы» Заңына сәйкес аурулары жоғын растайтын анықтама оқуға келетіндерден де талап етіледі.
Қазақстанда тұру мерзіміне немесе кәсіпкерлік қызметке патенті барына қарамастан, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға медициналық тексерістен өту қажет болады. Сол сияқты, білім алу мақсатымен келгендер, жоғарыдағы атап көрсетілгендей, мигранттардың отбасыларының бүкіл мүшелері туберкулезге жыл сайынғы міндетті скринингтен өтеді. Медициналық растау және скринингтік байқаудан алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында өтуге болады. Жүктілігіне үш ай болған әйелдерге альтернативті рентгенологиялық тексерістен өту мүмкіндігі беріледі. Мәселен, екі аптадан артық жөтелетін болса, туберкулез микробактериясының бар-жоғына қақырығы зерттеуден өткізіледі.
Туберкулезге шалдыққан науқастар туралы ақпарат алмасу Қазақстан мен Қырғызстан, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы мигранттарды трансшекаралық бақылау бойынша жасалған жобаға енгізілген. Мигрант науқастар Қазақстан аумағында жүріп-тұрғанда және өз елдеріне сапар шегу барысында емделе қалса, стандарттық жолдамалар қолданылады. Мұнымен бірге, Түркіменстаннан басқа Орта Азия елдерінде, сыртта жүрген мигрант еліне оралуы барысында емделуді одан әрі жалғастыруды қажет ететін болса, ондай мигрант туралы сол елге тиісті ақпарат беріледі.
Мұның бәрі туберкулез жұқпалы ауру болғандықтан, одан шетелдік ағайынды да сақтандыру, өзімізге де осы жағынан абай болу үшін мәселенің екі жағын бірдей ескеріп барып атқарылатын жұмыстар. Көші-қон мәселесіне қатысты ережелерді де бұлжытпай орындамайынша туберкулез қаупі сейілмейтіндігі анық. Сондықтан, мұндайда туберкулезден өз еліміз бен халқымызды да қорғау, көршілес елдерді де ескеру ортақ міндет.

Айбек БАЙМҰРАТОВ,
Көкшетау қалалық ІІБ көші-қон қызметінің бөлім бастығы, полиция майоры

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар