Жаңа серпін байқалады

Өңірлік коммуникациялар қызметі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жарқайың ауданының орталығы

Державинск қаласының білім, спорт және әлеуметтік-мәдени нысандарына баспасөз турын ұйымдастырды.

Алдымен, аудан орталығындағы дене шынықтыру сауықтыру кешенінде болдық. Мұнда мүмкіндігі шектеулі спортшылардың секциясы жұмыс істейді. Жаттықтырушы Данияр Бектемісовтың айтуынша, жарқайыңдық параолимпиадашылар жеңіл атлетикадан Өскемен қаласында өткен республикалық чемпионатта Ақмола облысы құрама командасының құрамында тамаша өнер көрсеткен.
–Павел Стефанюк үш мәрте чемпион атағын жеңіп алды. Жеңіл атлетикадан спорт шебері Әсем Жанәділова бірнеше медальдің иегері атанды. Ақмола облысының 24 мәрте чемпионы Сергей Муратов екі күміс медальді жеңіп алды. Бұл жетістіктің бәрі ауданда параолимпиадалық спорт секциясының 2016 жылы ашылуы-мен тікелей байланысты болып отыр.Алғашында секцияға келетін мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны өте аз болды. Қазір оған тіркелген 30 адам болса, 18 спортшы тұрақты түрде жаттығады. Аудандық деңгейде жарыстар өткіземіз. Атырау қаласында параолимпиадалық спорт түрінен өткен жарысқа Ақмола облысы құрама командасының құрамында бардық. Біздің төрт спортшы жеті алтын, төрт күміс және бір қола медальді жеңіп алды. Үш алтын медальдің иесі атанған Ангелина Тюрикова спорт шебері нормативін орындады. Сондай-ақ, бұл жарыста спорт шебері Әсем Жанәділова, спорт шебері Павел Степанюк, спорт шеберлігіне кандидат Сергей Муратов жеңімпаз атанды,–дейді жаттықтырушы.
Жарқайыңдықтардың бұл жобасы 2018 жылғы Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары байқауына қатысып, 55 үздіктің ішіне кірген екен.
–Далабай ауылында тұратын Шымболат Карин осы секцияда жаттығады. Ол аудандық жастар ресурстық орталығында еңбек етеді. Шымболат тоғызқұмалақ үйірмесінің ашылуына мұрындық болды. Аптасына үш рет өтетін үйірмеге он адам қатысады. Үйірмені мүгедектер арасында Қазақстанның бірнеше дүркін қола жүлдегері атанған Талғат Омашев басқарады,–дейді ерекше қажеттілігі бар тұлғалар мәселелері бойынша аудан әкімінің кеңесшісі, жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне кандидат Әділ Нұрбеков.
Біз Ақпан Үкібаев атындағы орта мектепте болдық. Бұл ұжым аудан бойынша бірінші болып ашылған өздерінің робототехника кабинетін мақтаныш тұтады. Мультимедиялық қондырғылармен, интерактивтік тақтамен және ноутбукпен жабдықталған кабинетте бір мезгілде 15 оқушы аталмыш техникамен айналыса алады. Олимпиада мен өзге жарыстардың қатысушылары үшін 3,5 миллион теңгеге шағын робот, «Гуманоид» сатып алынған.
–Біздің оқушылар робот құрастыруды үйренді. Жалпы, бізде жиырма робот болса, оның он төрті құрастыруға арналған. Құрастырылған роботтың іс-қимылын арнайы алаңда көруге болады. Мәселен, Дүйсенбай Нұрым танкті тез арада құрастыруға және оны ұялы телефон арқылы басқаруға үйренді,–дейді робот техникасы кабинетінің меңгерушісі Оразбай Сағынбай бізбен әңгімесінде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биылғы жылы осы орта мектептегі Ақпан Үкібаев музейі жаңа жәдігерлермен толығыпты. Ол жөнінде бізге мектеп оқушылары айтып берді. Музейдегі «Еңбегі елге мұра» атты экспозиция А.Үкібаевтың өмір жолына арналыпты. Ол 1919 жылы Ерейментау ауданының Мұқанқожа ауылында туған. Блогадат селолық мектебінде білім алып, 1934 жылы Алматы қаласындағы қаржы техникумына оқуға түседі. Кейін әскер қатарына алынып, командир болып елге оралады. Ақпан Үкібаев өзінің саналы ғұмырын өңірлерді дамытуға арнады. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары бұл ауданда біршама шаруашылық егіншілікпен айналысқан екен. Мал басы көп болғандықтан, жүгері де өсіріліпті. Мол астық өндіруге және ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланған. Сондай-ақ, музейден А.Үкібаевтың қызметі, Мәскеуге сапары жөніндегі, оның отбасының, ардагер ұстаздар мен мектеп ұжымының, озат оқушылардың фотосуреттерін көруге болады.1963 жылы Державинск қаласында А.Үкібаев атындағы сегіз жылдық мектеп ашылып, кейін оның атауы қазақ орта мектебіне беріліпті. Аудан орталығындағы бір көше ардақты азаматтың есімімен аталады.
«Аудан: кеше және бүгін» экспозициясында өңірдің өткен тарихы және бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде сыр шертіледі. 2014 жылы тың және тыңайған жерлерді игеруге 60 жыл және Ақпан Үкібаевтың 95 жылдық мерейто-йына орай, «Тыңның туын көтерген Ақпан» атты мектепте өткен мерекеге оның Алматы қаласында тұратын ұл-қыздары келген екен. Ардақты азамат 1963 жылы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүргенде жол апатынан 44 жасында қайтыс болды. Оның өнегелі өмірі мен қызметін жарқайыңдықтар күні бүгінге дейін ұмытқан емес. Келесі жылы ауданды құруға атсалысқан Ақпан Үкібаевтың жүз жылдық мерейтойы. Осы орайда, аудандық мәдениет үйінде өлкетану музейін ашуға дайындық жүргізілуде. Әзірше жәдігерлер бұрынғы аудандық аурухананың ғимаратына қоныс тепкен аудандық орталық кітапханаға жиналуда.
–Алматы қаласындағы мемлекеттік мұрағаттан ауданның тарихынан сыр шертетін екі диск пен ауданның карталарын алдырдық. Сондай-ақ, бұл бағытта энциклопедия құрастырылуда. Өлкетанушы Елубек Тінәлин мемлекеттік архивтен көптеген тарихи құжаттар әкелді. Бұл жерде 1840 жылы Жарқайың ағаш деген бекініс болған екен. Музей осы қоныс аудару кезеңіне, табиғат байлығына, Ұлы Отан соғысы жылдарына, тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі мен бүгінгі уақытқа арналады. Қазір арнайы жұмыс тобы елді мекендерден музейдің жәдігерлерін және ел аузындағы аңыз-әңгімелерді жинауда,–деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Хальзова бізбен әңгімесінде.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар