Сегіз сағаттық жұмыс кестесі неге сақталмайды?..

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Ақмола облыстық әдеп кеңесінің кезекті отырысында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, жұмыс уақытын тиімді пайдалану туралы мәселелер қаралды.

Облыстық департамент басшысы Берген Беспалинов жүргізіп отырған мәжілісте өңірлік еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Қ.Құлышевтің, қазынашылық департаментінің басшысы С.Бейсеновтің, әділет департаментінің басшысы Қ.Шаймерденовтің, Степногорск қаласы әкімдігі аппарат басшысының міндетін атқарушы А.Қасеновтің, Атбасар ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Е.Виншудің, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының әдеп жөніндегі өкілі А.Рублевскийдің есептері тыңдалды.
Облыстық әдеп кеңесі хатшылығының меңгерушісі Д.Хайруллиннің айтуынша, 2018 жылы кеңестің 12 отырысы өткізіліп, 89 мәселе қаралған. Мұның ішінде 29 тәртіптік талқылау ұйымдастырылып,
26 мемлекеттік қызметшіге қатысты шара қолданылыпты. Ал, үш іс тоқтатылған. Сондай-ақ, биылғы жылы әдеп кеңесі шығарған 3 шешімге байланысты шағымдар қанағаттандырылыпты.
Кеңесте Елбасы Жолдауында атап көрсетілген мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге байланысты қолға алынған шараларға айрықша назар аударылды. Бұл бағытта оңтайлы жұмыстардың барлығы ортаға салынды. Мәселен, қазынашылық департаментіндегі 14 бөлімнің үйлесімді жұмыс кестесі бекітіліпті. Автоматтандырылған «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын қысқартып отыр. Әйткенмен, қазынашылық ұйымының қызмет ерекшелігіне сай күніне 8 сағаттық жұмыс кестесі орындалмайтыны бар. Осыған байланысты, Еңбек кодексінің талаптарына орай артық уақытқа қосымша ақы төлеу қарастырылғаны айтылды.
Есеп берушілердің сөздеріне қарағанда, белгілікті жұмыс кестесінің сақталмауы бірнеше себептерге тәуелді екені байқалады. Ең алдымен жүктеменің көптігін айтар едік. Бұл кіріс-шығыс құжаттарының молдығынан, оны орындаудың бақылау мерзімі тығыздығынан екендігі айқын. Екінші бір түйткіл, қызметкерлердің ауыс-түйістігі жиілігінен көрінеді. Айталық, Атбасар ауданында жыл ішінде 25 мемлекеттік қызметші жұмыстан шығып, 24-і тәртіптік жауапкершілікке тартылған екен. Ал, Аршалы аудандық әкімдігінің аппаратында 20 орын бос тұр. Өзге қызметшілердің біліктілігі жоғары дегеннің өзінде, қызмет көрсету ауқымы артқан бүгінгі таңда, жүктелген міндетті дер кезінде әрі сапалы атқарып шығуға үлгеру күмән тудырады. Сондықтан, цифрлық технологияның ауқымын кеңітіп, кадр резервін қамтамасыз ету міндеті күн тәртібінен түспеуі керектігі үнемі назарда ұсталуы қажет.
Кеңес осы және басқа жағдайларға қатысты тиісті шешім қабылдады.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар