Жер телімін алу кезегі баяу жылжуда

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дархан Хайруллиннің төрағалығымен жер қатынастары саласындағы заңнаманы түсіндіру жөнінде семинар болып өтті.

Аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық жер қатынасы басқармасының және аудандық бөлімдерінің басшылары, облыстық прокуратура органдары мен бизнес қауымдастығының өкілдері, облыс тұрғындары қатысқан семинарда республикалық арнайы мониторингтік топ мүшесі, жер қатынастары саласындағы бас сарапшы Бақытжан Базарбек сөз сөйлеп, бұл семинарлардың 12 қазанда Ақтау қаласында басталғанын, содан бері осындай іс-шаралар Қазақстанның 14 ірі қаласында өткізілгенін айтты.
Бұл семинарларға 1700 адам қатысып, мыңға жуық адам өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қойған. Кейбір сауалдар жергілікті мекемелерде қарастырылып, шешімін тауыпты. Ал, шешімін таппаған мәселелер Қауіпсіздік кеңесінде көтерілуде. Бұл мәселелер Жер кодексінің кейбір құқықтық қарым-қатынастары нормаларының реттелмегеніне байланысты және жер қатынастары, сәулет қала құрылысы бөлімдеріндегі лауазымды тұлғалардың іс-әрекетінен туындап отыр.
Семинарда көп жылдар бойы жер учаскесі кезегінде тұрғандардың кезегі неге жылжымайтыны жөнінде түсіндірілді. Жекеменшік тұрғын үй құрылысына берілетін жерде инженерлік жүйе болуы тиіс. Яғни, бұл жер сумен және электр қуатымен қамтамасыз етілуі қажет. Орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесі болмаса, жарық тартылса жеткілікті. Инженерлік жүйе тартуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл бағытқа қаржы бөлінбеген жағдайда жер телімі кезегі баяу жылжиды. Сондай-ақ, жер телімін бөлу мәселесі қаланың бас жоспарымен және детальдық жоспарлау жобасымен тығыз байланысты. Аталмыш жоспар мен жоба Жер кодексіне сәйкес болуы тиіс. Кейде бір отбасы мүшелерінің бәріне жер телімі берілмейді.
Әрине, бұл заңға сәйкес келмейді. Қазақстанның әр азаматы жекеменшік тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін жер телімін алуға құқы бар. Дегенмен, бұл бағытта екінші рет Қазақстанның өзге өңірінен жер телімін ала алмайды. Сондай-ақ, жер телімі суармалы алқап ашуға, бау-бақшаның құрылысын жүргізуге ұсынылады. Жекеменшік тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімін алу үшін жергілікті әкімдікке өтініш беріледі.
Әрбір өтініш арнайы есепке алынуы тиіс. Оны комиссия қарағаннан соң жергілікті әкімнің шешім шығаруына ұсыныс жасалады. Бұрын кейбіреулер жердің мемлекеттік актісін алысымен ол жерді сататын. Кейін бұл ереже өзгеріп, мемлекеттік акті тұрғын үй салғаннан кейін берілетін болды. Келісім-шарт бойынша жердің иесі үш жылдың ішінде тұрғын үй салуы тиіс. Кейбіреулер қаржының жоқтығынан үйдің іргетасын да құя алмауда. Тұрғын үй салынбаған жағдайда мақсатты бағыттағы талап күшейтілуі керек. Заңда салынған тұрғын үйді әкімдіктің қабылдауы қарастырылмаған.
Сондай-ақ, тағы бір өзекті мәселелердің бірі – жер телімі кезегінде қайтыс болған немесе қоныс аударған, жер телімін алған адамдардың тұруы. Бұл жағдайды тиісті лауазымды тұлғалар өз пайдасына шешуі мүмкін. Кезек жөнінде жергілікті атқарушы органның интернет сайтынан білуге болады. Көкшетау қаласында 13,7 мың адам жер телімі кезегінде тұр. Облыс орталығының тұрғыны 2004 жылдан бері жер телімін ала алмай жүргенін айтты. Бұл сауалға жауап беретін қалалық жер қатынастары бөлімінен ешкім болмады.
Семинар барысында саяжай салуға берілген жер телімдеріне кейбіреулер тұрғын үйлер тұрғызғаны белгілі болды. 2019 жылы Станционный кенті маңында 299 жер телімі беріледі деп жоспарланған. Краснояр жолының бо-йында тұрғын үй салған қала тұрғыны үйінің маңы батпақты судан арылмайтынын айтып шағымданды. Бұл сауалға да жауап беретін тиісті басшы болмады.
Сондай-ақ, семинар барысында әртүрлі бағыттағы жер телімдеріне туындаған мәселелер жөніндегі сауалдарға жауап берілді. Көптеген адамдар заңды білмегендіктен, өз құқын қорғай алмауда. Ол жөнінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Әсет Алмаз айтты. Лауазымды тұлғаның заңсыз іс-әрекетінен жергілікті жерде шешілмеген мәселелер республикалық арнайы мониторингтік топ мүшесіне тапсырылды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар