«Qulager-Вurabai» суы туристерді сүйсіндіретін болады

Ақмола облысының туристік қауымдастығы мен демалыс және туризм индустриясының қауымдастығы және «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының арасында туризмді бірлесіп дамыту жөніндегі үшжақты меморандумға қол қойылды.

«Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының ғимаратында өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Иғали қатысты.
– Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы облысымыздағы ірі салық төлеуші кәсіпорындардың бірінен саналады. Кәсіпорын өндіретін су шетелден алынатын танымал компаниялардың ауыз суларынан еш кем түспейді. Осы меморандумға сәйкес «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы аталмыш қауымдастықтардың ұсынысы бойынша қонақ үй, шипажай сияқты туристік нысандарға «Qulager-Вurabai» табиғи минералды емдік-ас суын жеткізіп беретін болды. Бұған қоса, кәсіпорын ғалымдары медициналық мекемелер мен шипажайларға шипалы суды қолдану бойынша ғылыми әдістемелік ұсыныс та береді, – деді Марат Иғали өз сөзінде. Ақмола облысының туристік қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов өңірдегі шипажай-курорттық емдеуді дамыту туралы айтып берді. Ол өз сөзінде жергілікті қонақ үй, шипажай иелерімен курортты өңірде сауықтыру туризмін дамыту саласында әріптестік орнату мәселесіне назар аударды. Сонымен қатар, шарада «ASIA WATERS» компаниясының ғылым жөніндегі директоры, Қазақстан Республикасының Минералдық ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі Евгений Пятов отандық бренд саналатын шипалы су Көкшетау биіктігіндегі «Qulager-Вurabai» жер асты су көздерінен алынатынын, ондағы ұңғыма республикалық сумен сауықтыру нысандары тізіліміне енгізілгенін атап өтті.
– Бұл емдік суды Бурабай шипажайларында қолдану елімізде медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, «Ессентуки», «Боржоми», «Карлов Вары» сияқты әлемге танымал курортты қалалардың баламасы болуға жол ашады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, құрамында адам ағзасына қажетті 16 табиғи минералдан тұратын шипалы су 10-нан астам дертті емдеуге пайдасы бар, – дейді Евгений Пятов.
Шарада айтылғандай, «Qulager-Вurabai» су өзіндік қасиеттері бойынша минералдарға, микроэлементтерге бай және шипажайлар мен курорттарда қолдануға өте қолайлы. Қазірдің өзінде өңірдегі көптеген туристік нысандар осы суды пайдаланып отыр.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар