Кәсіби мамандық меңгерушілердің тұғыры биік

Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың төрағалығымен Астанада өткен еліміздің үздік жұмысшы маманын анықтайтын дәстүрлі «WorldSkills Kazakhstan-2018» Ұлттық чемпионатына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келген бір топ ақмолалық студент-жастармен кездесу болып өтті.

Чемпионат барысында өңірлік жарыстардың жеңімпаздары өзара бақ сынасып, мехатроника, инженерлік графика, дәнекерлеу технологиясы, сантехника және жылыту, электроника, веб-дизайн, электромонтаж, кірпіш қалау, құрғақ құрылыс пен сылақ жұмыстары, шаштараз, киім дизайны, мейрамхана қызметі, суыту және желдету техникаларына қызмет көрсету, желілік және жүйелік басқару, графикалық дизайн, нан пісіру шебері, дәнекерлеу ісі, жүк автокөліктеріне қызмет көрсету, кузовты жөндеу жұмыстары, плиткамен қаптау, ағаш шебері ісі, ағаш ұстасы ісі, аспаз ісі, ландшафт дизайны, шатыр жұмыстары, жеңіл автокөлікке қызмет көрсету және жөндеу, визуалды мерчендайзин бойынша сынға түскен болатын.
Сөйтіп, Астанадағы ұлттық чемпионатқа 350-ге жуық білімді де білікті жас маман қатысты. Оған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Парламент Сенаты және Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен жұмыс беруші компаниялардың өкілдері қатысты.
Айтулы додада Ақмола облысының құрамасы 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медальды ұтып алды. Ал, бүгінгі кездесу жүлдегерлерімізді жеңісімен құттықтап, толағай табыстар тілеу болатын. Кездесуде алтын медальдың иегерлері Көкшетау қалалық жоғары техникалық колледжінің студенттері Қасым Естаев пен Аслан Баялы өздерінің көтеріңкі көңіл-күйлерімен бөліссе, облыстық оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Сәуле Сералина мен Көкшетау қалалық жоғары техникалық колледжінің директоры Ақнұр Есләмова білім алушыларының жаңашылдыққа деген құштарлығына тәнті болып, еліміздің болашағының бекем болуына осындай шәкірттерінің жетістіктері дәлел екенін мақтанышпен жеткізді.
Сонымен, Ұлттық чемпионатта Көкшетау қалалық Жоғары техникалық колледжінің үш бірдей студенті Қасым Естаев, Аслан Баялы, Максим Соколовский және Степногорск қалалық №2 құрылыс-техникалық колледжінің студенті Татьяна Антонова («Визуальды мерчендайзинг және витринистика») алтын медальға қол жеткізсе, «Сандық бағдарлама станоктарындағы токарьлық жұмыстар» атты жобасымен Көкшетау қалалық жоғары техникалық колледжінің студенті Игорь Герасимов күміс медальді жеңіп алды.
Ал, Көкшетау қалалық құрылыс-техникалық колледжінің студенті Максим Просецкий және Щучинск қаласындағы жоғары колледж студенттері Татьяна Баталина мен Александр Рудяков қола медальдың иегерлері атанды. Оған қоса, Ақмола облысының командасы 6 медальонға ие болды. WorldSkills-те олимпиадаға қарағанда тек қана «алтын», «күміс» және «қола» медальдары ғана емес. Жұмыстарын сапалы орындаған, бірақ медальге жете алмаған бәсекелестерге арнайы марапат – кәсібилік үшін медальон беріледі. Ол кәсіпқой қоғамда жоғары бағаланады, себебі, ол иесінің қазірдің өзінде дайын маман екенін растайды.
Сонымен, Краснояр ауылдық №3 агротехникалық колледжінің білім алушысы, «Слесарлық жөндеу жұмыстары» жобасы бойынша Александр Савельев, Көкшетау қалалық сервистік-техникалық колледжден («Шаштараз ісі және декоративті косметика») Аида Кеңесова, Степногорск қалалық құрылыс-техникалық колледжінен («Сылау және сәндік жұмыстары») Александра Федотова, Көкшетау қалалық сервистік-техникалық колледжінен («Дәнекерлік технологиялар») Артем Винник, Шағалалы жоғары агротехникалық колледжінен («Астық сапасын анықтау») Майлыбай Қуаныш және Көкшетау қалалық құрылыс-техникалық колледжінің студенті («Кондитер ісі») Анастасия Яковлевалар медальон иегерлері атанып, облысымыздың білім саласындағы жетістіктерін толықтыра түсті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар