«Мәңгілік Елге» бағыт ұстанған Уәлиханның ауылы

    Көкшетаудан бес жүз шақырымға жуық жол жүріп, «Заречныйға» да жеттік-ау. Директор жылы қарсы алды. Жайдарман жүзінен істің адамы екені көрініп тұр. Әңгімеміз «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасына ойысқан кезде директор мыналарды айтты: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауы өскелең елдің өркенді бағытын айқындаған маңызды құжат саналады. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет өзінің басты міндеті – көп ұлтты Қазақстан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуды үнемі бірінші кезекте ұстайды» деген қағиданың қастерлі екендігін дәлеледей түседі.
Мемлекет басшысы 2019 жылды «Жастар жылы» деп атауды ұсынып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жариялауы ауыл тіршілігін жандандыруға серпін қосатыны анық. Ел-жұрт осы шешімді асыға күткен еді».
Осы бір қуаныш ауаны Заречный серпілісіне екпін қосқандай көрінді бізге. Әр саланың басшысы тақылдап тұр. Жұмыстардың барысы бүге-шүгесіне дейін баяндалады. Артық сұрақ та қоя алмайсың.
Кеңсеге көңілдің көтеріңкілігімен ендік. Елімізде Есіл ауданын тыңның қақпасы деп атайды. Ұжым телегей теңіз егінжайымен, алтын астығымен ертеден аты шыққан. Республикалық, одақтық туларды бірнеше мәрте жеңіп алғанын білеміз. Еңбек ерлігі қазір де жалғасуда.
Оны көңіл толтырарлық кешенді істерден де байқауға болады. Диқандар қауымы дәнді дақылдар түсімін аудандық көрсеткіштен екі есе асыра орындауды дәстүрге айналдырған.
Елбасы Н.Назарбаевтың ірі қара экспортын дамыту жөніндегі тапсырмасы «Заречныйдағы» жұмысқа жаңа екпін бергенін байқадық. Бордақылау алаңдарындағы малдың саны соңғы бір жарым жылда 1000 басқа жеткізіліпті. Шаруашылықта сертификатталған зертханасы бар қасапхана жұмыс істейді. Бұл жергілікті өнімді «АстанаАгроӨнім» акционерлік қоғамы арқылы Мәскеу нарығына шығаруға жол ашады.
Заречный аймақтарды дамыту бағдарламасына енген, болашағы зор елді мекен. Жаз айларының өзінде мұнда 5 миллион теңгеге ауыл көшесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, оның бойында 12 электр шамы орнатылыпты.
– Әйткенмен, біз мемлекет көмегіне иек артумен шектелмейміз, – дейді ауыл округінің әкімі Наталья Милюк. Осында тіркелген 8 шаруа қожалығы мен 13 шағын кәсіпкерлік өкілі ел мұқтажына немқұрайды қарамайды. Әсіресе, негізгі ауыл шаруашылығы құрылымы – «Заречный» ЖШС директоры Уәлихан Әріповтің кең көлемді қамқорлығына ризамыз. Жыл са-
йын ынтымақты меморандумға қол қойылады. Мәселен, шаруашылық 2010 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 10 миллион, 2011-2012 жылы 60-70, 2013 жылы 100 миллион теңге бөлсе, одан былайғы жылдары қаржы көлемі кеміп көрген емес. Осының нәтижесінде облыстық «Үлгілі ауыл» байқауының екі дүркін жеңімпазы атандық.
Ауылда 1300 адам тұрады екен. Барлығы тұрғылықты жандар. Тіпті, сонау 90-шы жылдары да ешкім басқа жақтан «жұмақ» іздемеген көрінеді. Оған көптеген себеп айтуға болады. Жұрттың туған жерге деген махаббатын былай қойғанда, жұмыс істейтін кісіге әрдайым нәпақа бар. Жалақының жыл санап өсіп отыруы ертеңгі күнге сенім ұялатып, алаңсыз тіршілік кешуді қамтамасыз еткен. Мұнда жыл сайын 18-20 шілдехана тойланады. Оларды тәрбиелеуге де жағдай жасалған. «Заречный» ЖШС 2012 жылы жүз орындық «Айналайын» бала бақшасын жаңа қазандығымен қоса пайдалануға беріпті. Қазір мұндағы 85 сәбидің төлем ақысының жартысы серіктестік мойнында. Биыл «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кеңесінің шешімімен 88,5 миллион теңгенің әлеуметтік мақсаттағы 6 жобасы жүзеге асырылған.
«Заречныйдың» емханасы үздіктер санатында. Оның қызмет шығындарының басым бөлігі серіктестік мойнында. Бұған қоса екі бірдей «жедел жәрдем» көлігі сатып алып берілген. Мектепке де автобус сыйға тартылыпты. Жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. Шаруашылық 50 миллион теңге қаржы шығарып, «Бәйтерек» стадионын салып берген. Ондағы футбол, волейбол, баскетбол, жүгіру жолағы жасанды көгалмен көмкеріліпті.
Ауылдағы мәдениет үйі, мектеп, тұрмыстық қызмет және сауда мекемелері ЖШС күшімен күрделі жөндеуден өткізілген. Наубайхана ыстық нанды жеңілдетілген бағамен босатады. Ауыл тұрғындары отын-суды, мал азығын екі есе арзан бағамен сатып алады. Осындағы зейнеткерлердің барлығы «Отау ТВ» бағдарламасын тегін пайдаланады.

«Жақсының жақсылығын айт» дегенге сайсақ, Есіл ауданының Құрметті азаматы Уәлихан Сәпиұлының есімі ерекше ілтипатпен аталатындығы ойға оралады. Серіктестікті 20 жылдан астам уақыт бойы басқаратын ол Қазақстан фермерлері одағының, ет өндірушілер одағының, Қазақстанның тұқым сұрыптаушылары одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері. Сондай-ақ, 2013 жылы республикалық «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының жеңімпазы атанды. «Жыл меценаты» атағы тағы бар. Шаруа адамының бұл да бір жақсы қыры деп түйдік.
Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі .
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар