Жат ағымдармен күрес бәсеңдемесін

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен әкімдік жанындағы терроризмге қарсы күрес, құқық бұзушылықтың алдын алу және жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссиялардың кезекті мәжілісінде Есіл, Шортанды аудандары басшыларының теріс діни ағымның таралуына жол бермеу бағытындағы атқарып жатқан жұмыс есептері тыңдалып, облысымыздағы жол қауіпсіздігі, қылмыспен, құқық бұзушылықпен күрес, жемқорлықтың алдын алудың қазіргі жайы туралы мәселелер талқыланып, олқылықтарды жоюға арналған нақты шешімдер қабылданды.

Есіл ауданының әкімі Талғат Ерсейітовтың айтуынша, 24 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда 3 дәстүрлі дін өкілдері бар. Аудан әкімінің жанынан құрылған комиссия теріс ағымдардың таралуына жол бермеу бағытында мақсатты жұмыстар жүргізеді. Комиссия отырыстары тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Тұрғындардың арасында теріс ағымдардың залалы туралы насихатқа арналған 37 шара өткізілген және жергілікті басылымда осы тақырыптағы мақалалар үзбей жарияланып тұрады.
Шортанды ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Мұхамедин жат ағымның таралуына жол бермеудің ең сенімді тәсілі – халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге жете назар аудару дегенді айтты. Осы бағытта ауданда мақсатты жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері жұмыссыз жүрген 116 азамат өз кәсіптерін қалай ашып, жүргізуге болатындығы жөнінде қысқаша курстан өткен. Олардың көпшілігі түрлі бағдарламалар бойынша несие алып, өз кәсіптерін ашқан. 78 жас жұмысшы мамандарын даярлайтын оқу орындарына жіберілген.
Облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Болат Қасенов жастарымыздың теріс діни түсінікті санаға сіңіру қаупі бар шетелдік діни оқу орындарында оқуына жол бермеу мәселелері туралы ақпарат берді.
Облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Баймұқанов жол қауіпсіздігі және қылмыстың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Жасыратыны жоқ жол апаттарынан жыл сайын жүздеген адам зардап шегіп, түрлі деңгейде жарақат алып, тіпті қаза тауып жататын жайлары аз емес. Жергілікті полиция қызметі жол апаттарын азайту мақсатында тұрақты жұмыстар жүргізіп келеді. Ол біріккен рейдтер мен ескертулер, мекеме, кәсіпорындарға хат жазу сияқты шаралар түрінде үнемі жүргізіледі. Жергілікті жол полициясы қызметі бастығының айтуынша, биыл өткен жылдармен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары 10 пайызға, ал көлік апатынан қаза тапқандар саны 36 пайызға кеміген. Қылмыстың алдын алу бағытындағы жүргізілген жұмыстар да өзінің игі нәтижесін беруде. Биыл көшеде жасалатын, арақ ішіп алып жасайтын қылмыс көлемі кеміген, жасөспірімдер арасындағы қылмыс және жұртшылықты қатты алаңдататын мал ұрлығы да біршама азая түскен.
Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов, облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісов жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді. Комиссия мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданып, болашақ жұмыс бағдарлары айқындалды.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин комиссия отырысында қаралған мәселелердің маңыздылығын айта келе, ешқашан да босаңсуға болмайтынын, бұл бағыттағы шараларды үнемі назарда ұстап, олқылықтарға жол бермей, мақсатты жұмыстарды үзбей жүргізу қажеттігін атап өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар