Ел үмітін Елбасымен жалғастырамыз!

Өйткені, Назарбаевы бар Қазақстан сеніммен тұрақты дамитын ел! Назарбаевы бар қоғам алаңсыз өмір сүретін қоғам!

Үмітпен өмір сүреміз! Және де жақсылықтан үміт үзбесіміз бар. Сол бір үміт үзілмес ниетпен 2018 жылды да, шығарып салып, баяғы ата-бабаларымыздың «Е, Жаратқан ием, ескі жылда есірке, жаңа жылды жарылқа!», – деп міне, 2019 жылдың да есігін ашып, тәңір бұйыртқан тағы бір жылмен қауышып отырмыз!

Барша адам баласына бұл жылдың әйтеуір жақсылығы мол болса екен деген көңілдегі бір ой өз ниетін жасыра алмайды. Өйткені, мына дүние атаулының саясат деген сарқындысымен жауласып та, дауласып жатқан кейпіндегі әлемнің әр жеріндегі оққа байланып жатқан адам өмірі қансырап жатқаны да алаңдата түседі. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІІІ ғасыр» атты Манифесінде «әлемді соғыс елесі кезіп жүр» деген сөздің айтылуы да тегін емес. Сол кезіп жүрген елесті соғыстың өзінен мына жер әлем аман болса екен деп тілеріміз бар.
Жаңа жыл! Сен еліме бейбіт өмір сыйла, халқымды сабырынан айыра көрме, ынтымағы мен береке бірлігін нығайта түс! Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның аты мен абыройының айдай әлемде асқақтап тұрғаны да еліміздің осы бірлігі мен халқымыздың ынтымағының арқасы. Ел тәуелсіздігінің алғашқы сәтінен бастап, Елбасымыз «менің бар тілегім де, зар тілегім де елдің бірлігі» деген сөзін айтқан еді. Содан бері ел бірлігі біздің елдің негізгі ұстанымына айналды. Және де сол бірлігіміздің арқасында өз тәуелсіздігіміздің 27 жылында ғасырға бергісіз істер тындырылып, ел өсіп, көсегеміз көгеріп, әлемнің дамыған елдерінің қатарынан орын алдық.
Жаңа жыл! Сен мына менің Отаным Қазақстанды одан әрі нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа да тың серпін бере түс! Расында да, Елбасының Қазақстанды өнеркәсіптік революцияның төртінші кезеңінде әлемдік бәсекелестікке қабілетті болу жолындағы қазақстандықтардың қадамы қуанта түседі. Жаңа кәсіпорындар іске қосылып жатыр. Қазақстанның өнімдеріне деген сырттың сұранысы да өсіп келеді.
Жаңа жыл! Сен менің туған жерім Кербез Көкшем мен Қараөткелдің де еліне бар, жақсылығыңды ала кел! Рас, өткен жыл Ақмола облысы үшін ең бір табысты жыл болды. Диқан қауымының еңбегі жанып, 5,6 миллион тонна астық жиналып, Қазақстан бойынша ең жоғары табысқа қол жетті. Біз рухани жағынан қайта түлеп, өз тарихымызды жаңадан танып жатқан халықпыз. Осы орайда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» еңбектері арқылы өзімізді-өзіміз жаңа біліп, рухтанып, енді сол өткен тарихымызды бүгінгі және келер ұрпақ терең білсе екен дейміз. Атқарылған іс көп, алдағы міндеттердің де ауқымы кең.
Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің бастамасымен және үнемі қолдауымен рухани салада көптеген игі істер атқарылды. Бұл жайында айтып жүрсек те, тағы да еске салғанды жөн санадық. Өткен жылдың 14 шілдесі күні Елбасының қатысуымен Бурабайдағы Абылай алаңында тұңғыш рет ашық аспан астында Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын «Астана Опера» театры керемет сахналап, көрсетті. Мұны өткен жылдың басты оқиғаларының бірі деп бағалар едік.
Осы арада тағы да ең әуелі Кеңес Одағының Батыры, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдық шығармалар жинағы және «Мәлік Ғабдуллин – қазақтың «Оқжетпесі» атты альбом-кітабы, «Жер жәннаты-Ақмола» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде фотоальбомы, «Қазақстан мәдениеті қазіргі әлемде» арнайы жобасы аясында Лондонда ағылшын тілінде Сәкен Жүнісовтың «Zamanai and Amanai» романы, профессор Қадыржан Әбуевтің «Ақмола облысының тарих және мәдениет қайраткерлері» атты библиографиялық очеркі, «Сал-серілер» сериясымен шығарылатын кітаптың алғашқысы «Ақан сері» және менің де Елбасы жайлы «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» атты кітабым да баспа жүзін көрді.
«Қазақстанның киелі жерлерінің география-
сы» жобасы аясында киелі орындар тізіміне Ақмола облысынан он нысан енгізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ботай – Бурабай» археологиялық-этнографиялық мұражайы ашылды. Көкшетау қаласында 900 оқушыға шақталған және таза қазақ тілінде білім беретін облыстағы тұңғыш ІТ мектеп-лицейі ашылды.
Жаңа жыл! Сенің үмітті есігіңді біз осындай бір ауыз толтырарлық игілікті істермен және де тарих еншілеп отырған 2019 жылдың сыбағасын да молынан етсін деген көңілмен отырмыз. Енді сол ойдағы істерді жүзеге асырудың сәтін салсын деңіз! Елбасы біздің алдымызға тағы да тың міндеттер жүктеп отыр. Бар айтарым, ел аман, жұрт тыныш болсын! Елбасын қолдайық! Елбасымен бір болайық! Өйткені, Назарбаевы бар Қазақстан сеніммен тұрақты дамитын ел! Назарбаевы бар қоғам алаңсыз өмір сүретін қоғам! Жыл құтты болсын!

Жабал ЕРғалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар