Ассамблея – татулық пен келісім дәнекері

2015 жылғы 23 сәуірде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына арналған ХХІІ сессия-сы болып өтті.

Мерейтой жылында болған сессияның жұмысына 1500-ден астам адам қатысып отырды. Олардың арасында еліміздің барлық өңірлерінен келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этно­мәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, мемлекеттік орталық атқару органдарының, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, ҮЕҰ мен ЖОО-лардың басшылары, шетелдік дипломатиялық миссиялар мен шығармашыл зиялы қауым өкілдері болды.

 

Халықтың көңіл-күйі көтеріңкі, көңіл-хошы ерекше екендігі үлкен залдың барлық бұрышынан көрініп тұрды.
Сессия жұмысы Мемлекеттік Әнұранмен ашылғаннан кейін Ассамблея Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов баяндама жасау үшін сөзді Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.
Мемлекет басшысы сессияға қатысушыларды Ассамблеяның 20 жылдығымен құттықтап, бұл мекеме ел үшін күрделі кезеңде құрылғанын айтты.
–Біз республиканың тағдырын өз қолымызға алдық. Сөйтіп, бүгінде бүкіл әлемге беделді мемлекет қалыптастырдық. Біз мұны өзіміздің бақытымыз үшін және қазіргі, сондай-ақ, келешек ұрпақтың игілігі үшін жүзеге асырдық, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан аумағында бүкіл ХХ ғасыр бойы көп этникалық халықты қалыптастырған күрделі үдеріс жүргенін, соның нәтижесінде елімізге 5,6 миллион адам қоныстандырылғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті «Стратегия – 2050»,  жаңа индустрияландыру, «Нұрлы жол» бағдарламасы, бес халықтық реформа, «Мәңгілік ел» сынды барлық бастамалар алдағы көптеген жылдарға есептелгеніне, оларды тек бүкіл халықтың пәрменді қуат-күші арқылы жүзеге асыруға болатынына назар аударды.
– Бұған болашағы ортақ ұлт қана қабілетті. Біз халық бірлігінің бірегей әрі бұған дейін еш жерде қайталанбаған үлгісін қалыптастырудамыз. Бізді, біріншіден, ортақ үйіміз – Қазақстанға деген сүйіспеншілік біріктіреді. Екінші, біздің ежелгі жеріміздің тарихына және тілдерді дамытуға қатысты қоғамдық келісім. Үшінші, бүгінімізге және мемлекетіміз бен оның азаматтарының ұлы болашағына деген нық сенім. Біздің Мәңгілік еліміздің өзегі – осы, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев осыған байланысты Ассамблеяның бүгінгі орталық міндеті бес реформаны жүзеге асыруға, бірінші кезекте, болашағы біртұтас ұлт қалыптастыруға белсене қатысу болып саналатынын атап айтты.
Баяндамадан соң сөз Теміртау қаласы өлкетану музейінің директоры Наталья Скориковаға берілді. Қарағандылықтарға еліміздің барлық өңірлерін аралап келіп, Астанаға жол тартқан «Тайқазанды» алып келу құрметі бұйырды. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына – 20 игілікті іс» ұранымен сапар шеккен «Тайқазан» еліміздің 1652 елді мекенінде болып, 2,5 мыңнан артық игілікті жұмыстар атқарып, 2 млрд. 14 млн. теңге тауып, оны ізгілікті істерге жұмсап келді. Сондықтан, бұл қаражат жай ақша емес, жүрек жылуы деп айтуға болады. Мен осы «Тайқазанның» жасаған іс-шарасына араласқан 35 мыңнан артық адамның ыстық сәлемін айту бақытына ие болдым, Нұрсұлтан Әбішұлы, деді ол.
Екінші болып сөз тепловоз машинисінің көмекшісі Геннадий Шиповскихке берілді. Ол өзінің бала күнінде әке-шешесінен айырылып, қазақ отбасында өскенін мақтанышпен атап өтті. Мені асырап алған әкем мен анам – Мұрат пен Баян Насыровтар мені өз балаларынан артық көрмесе, кем көрген жоқ. Солардың жылы алақаны мені қазақ қылды. Осы биік сахнадан ата-анама алғысымды білдіргім келеді, дегенде отырған халық қошеметтеп қол соқты. Кейбіреулердің көзінен ыстық тамшы да атып кеткенін көрдік.
 Одан әрі Г.Шиповских еліміздің 29 елді мекенін аралап келген «Қазақстан темір жолы» ұйымдастырған «Менің Қазақстаным» әлеуметтік пойызын Астанаға жүргізіп келген машинист өзі екенін білдірді.
Осы «Менің Қазақстаным» пойызына қатысқан дәрігер Ажар Төлеуғалиева үшінші болып сөйледі. Ол пойыздың сапары барысында атқарылған игілікті істерге біршама нақты тоқталды. «Пойыздың дәрігерлері 40 мыңнан артық пациентті қабылдап, ем-дом жасады, Соның 5 мыңнан артығы – балалар. 300-ден артық операция жасалды. Соның ішінде Жаңаарқа ауданында бір ананы операциялық әдіспен аман босандырып алдық. Туған ұлға ата-анасы Сіздің есіміңізді берді», дегенде естіп отырған Елбасы жас нәрестеге «өмірлі болсын» деген тілегін айтып қалды.
Келесі сөз Әуе қорғанысы күштері әскери институтының аға оқытушысы, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Тимур Жұқабаевқа берілді. «Мен әлемдік көшбасшылар арасынан ең бірінші болып ардагерлерге құрмет көрсетуге бастамашы болған менің Президентім екеніне мақтанамын. Біз қазір ортамызға аты аңызға айналған ағамыз Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ең бірінші болып ту тіккенін көзімен көрген Ілияс Екібаев ағамызды осы жерге алып келдік», дегенде Елбасы Н.Назарбаевтан бастап барлық жиналғандар майдангерге құрмет көрсетіп орындарынан тұрып, қол соқты.
Сөзін одан әрі жалғастырған шешен майданда қаза болған жауынгерлердің көмілген жерлерін табу экспедициясының жұмыс нәтижелері туралы айтып өтті. Соның ішінде 982 көмілген жерден 1300 қазақстандықтың аты-жөндері анықталғанын жеткізді. «Біз жерлестерімізге қойылған 15 ескерткішті жөндеп, 1476 қабірдің басын дұрыстадық. Біз өлгендерді ғана құрметтемей, бүгінгі күннің батырларын да білуіміз керек», дегенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тимур Жұқабаевтың өзі де жас жауынгерін құтқарамын деп гранатаны денесімен жауып, бір аяқтан айырылған ерлігін айтып берді. Оны естіген халық шешеннің құрметіне де орындарынан тұрып қол соқты.
«Астана палау орталығы» дәмханасының директоры, көпбалалы ана Ұлданай Әлімбаева өз балаларын байлық деп санайтынын, сол себепті де, болашақта олардың Қазақ елінің байлығы болғанын армандайтынын жеткізді. «Мен 10 баланың анасымын. Олар – менің байлығым. Сіз сияқты егемен елдің ертеңіне жауапты азамат болса деп армандаймын. Сіз сияқты халықтың қамын ойлайтын, жан шуағы баршаға жететін, көңілі дархан, шешімі әділ азамат болсын деп армандаймын. Бүгін Қазақстанда балаларды тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған. Сізге сол үшін, қадірменді Елбасы, барша аналар атынан алғысымды айтамын»,  – деді ол.
Омбы мемлекеттік университетінің студенті, «Zamandas» атты қазақ тілді газеттің бас редакторы Максим Спотскай өзінің Павлодар облысындағы, Ақсу қаласының тумасы екенін, қазір Омбы техникалық университетінде оқып жатқанын айтты. «Нағашым – украин, атажұртым – мордвин, өзім қазақпын деп мақтанамын. Руымды білгісі келгендерге сары қазақпын деп танысамын. Сіздерге Омбы жеріндегі қарға тамырлы қазақтардан жалынды сәлем алып келдім», – деп бастады сөзін студент.
Соколов-Сарыбай кен-байыту кәсіпорны бірлестігіндегі №3 учаскенің жетекшісі Валерий Медведев өз ұжымының нағыз еңбекқор азаматтардан шоғырланғанына тоқтала келе, Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасы Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына, экономикасының ілгерілеуіне алғышарт болып отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ, ол тау-кен комбинатында өзінің әке-шешесінің 50 жылға жуық тер төгіп, еңбек еткенін, сол себепті, аға буынның еңбек дәстүрін әрі қарай жалғастырып, тау-кен саласын дамытуға үлес қосып келе жатқанын мақтан тұтатынын жеткізді.
Ал, Солтүстік Қазақстан облысындағы №17 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ирина Тухватулина бүгінде Қазақстан әлем мойындайтын елге айналғанын, оған Елбасының жүргізген саясаты арқылы қол жеткізгенін атап өтті.
Бұдан кейін сөз «Жарасым» РЖҰ мүшесі Грета Хачатурянға берілді. Ол өз отбасын осыдан 30 жыл бұрын Әзербайжан мен Армения арасындағы жағдай­дың шиеленісуінен кейін Қазақстан құшақ жая қабылдағанын тебірене жеткізді. Оның айтуынша, араға 10 жыл салып туған-туысқандарының біразы Украинаға көшіп кеткен. Қазір Луганскіде тұратын олар қиыншылықтарды басынан өткеруде екен.
Астана қаласының құрметті құрылысшысы Павел Бенедетто елорданың Целиноградқа көшіріледі дегеніне сенбейтіндердің бірі мен едім, жұқа пальто киген шенеуніктер 2-3 жылдан кейін кері қайтып кетеді, деп ойлайтын едік, деді. Барлығы керісінше болып шықты, Астана Тәуелсіздіктің символына айналды. Қазақстан халқы – монолитті тұрғын үй сияқты болса, іргетасы – бейбітшілік пен келісім саясаты, қабырғалары ондаған этнос-тар, Ассамблея – барлығымыздың шатырымыз, деп түйген шешен Еуразия жүрегіндегі Астана рух пен күштің символына айналып отырғандығын ортаға салды.
«Әлемде әртүрлі елдер жетерлік, бірақ Отан – жалғыз, менің Отаным – Қазақстан», – деп сөзін бастаған «Астана» ТД жаңалықтарын жүргізуші Лола Пак біздің өз тарихымыз бар дегенді баса айтты. Және де әртүрлі ұлт өкілдері біртұтас халыққа айналып отырғанын мәлімдеді.
Өзін белгілі қазақ балуандары Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақ дәстүрлерін жалғастырушымын, деп таныстырған «Айбын» президенттік полкінің, Қазақстан Рес-публикасы Мемлекеттік күзет қызметінің офицер-нұсқаушысы Сергей Цырульников «мен олардың өмір жолдарын мақтан тұтамын», – деп сөзін сабақтай түсті.
Келесі сөз Солтүстік полюске шаңғымен жету экспедициясының мүшесі Сергей Бодровқа берілді. Ол Қазақ география қоғамының мүшелері 2011 жылдың 14 желтоқсанында араға 100 жыл салып, Амундсменнің ерлігін қайталап, Оңтүстік полюсті бағындырғандықтарын зор мақтанышпен жеткізді. Осылайша олар Оңтүстік полюсті жылдам бағындырудан Гиннестің рекордтар кітабына да енгізіліпті. Ал, 2015 жылдың 14 сәуірінде, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай, Ассамблея жылы жалауы мен Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне тапсырыс жалауы Солтүстік полюске тігілгені де атап айтылды.
Жарыссөзге шығып сөйлегендердің тізімі аяқталса да шығып сөйлегісі келетіндердің қатары аз болған жоқ. Солардың бірі қызылордалық студент Константин Луца қазір еліміздегі жүргізіліп жатқан «Сенің дауысың маңызды!» акциясын тілге тиек ете келіп, Қазақстан жастарының сайлаудағы дауыстарының шынымен де маңызды екендігін қаперге сала кетті. Сондықтан да 4 миллион 400 мың Қазақстан жастары БОЛАШАҚ, НҰРЛЫ ЖОЛ, МӘҢГІЛІК ЕЛ! дегенді таңдайтындығын жеткізді.
Бұдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай 40-қа жуық шетелдерден келіп түскен құттықтаулардың кейбірін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов оқып берді. Сессия барысында елдің этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Л.Ни мен О.Дымов Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ассамблеяны құру ісінің бастауында тұрған ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің белсенділеріне «Қазақстан халқы ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медальдарын тапсырды.
Ассамблея XXII сессиясының қорытындысы бойынша Үндеу қабылдады, онда Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы татулық пен келісімнің, тұрақтылықтың, Қазақстан Республикасының өркендеуі мен гүлденуі үшін халық тұтастығы саясатының мызғымастығы белгісімен өтіп жатқаны айтылған.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар