Қазақ билері – өз заманының құты мен қасиеті

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи мақалалары шеңберінде Ақмола облыстық сотының төрағасы бекіткен жоспар бойынша жергілікті сот жүйесі ауқымды іс-шараларды жүзеге асыруда. Сол іс-шаралардың қатарында қазақ билерінің дау-шырғалаңдарды шешудегі тәжірибесін, олардың қазақ халқының өміріндегі алған рөлін қазіргі ұрпаққа насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтуге болады. Шындығында, әділ сот төрелігін жүргізуде бұрынғы қазақ билерінен үйренер, тәлім алар нәрселер аз емес.

Ата-бабаларымыздан қалған сол құндылықтарды халыққа тарату – үлкен маңызы бар міндет болып отыр. Осы орайда, облыстық соттың мұражайының атқарып жатқан жұмыстары зор екендігін айтып өткен артық болмас. Орта ғасырлық қазақ қоғамының бүкіл заңгерлік әлемінде негізгі билік «Жеті жарғының» қағидаларын жинаған «Дала заңының» билігі болғандығы тарихтан белгілі. Ал, оның қорын сақтаушы, дамытушы және жүзеге асырушы күш – билер болды. Би ең алдымен, – сот, яғни, қазіргінің судьясы. Бидің өзі де, билігі де халықпен тығыз байланысты болды. Сол себепті, ол беделді, дәстүрлі билік қатарында саналды. Ал хан билігін, көпшілік бұқара әкім билігі деп таныды.
Қазақ даласында би болу оңайлыққа түспеген. Тек «Құдайдың сүйген құлдары ғана би бола алады» деген түсінік болған. Өйткені, небір қиын істерді екі тарапты да риза қылатындай етіп, қара қылды қақ жарғандай әділ билік айту екінің бірінің қолынан келмейтін даналықты, білімділікті, зерделілікті қажет ететін шаруа болды. Әділеттің ақ туын әрдайым биік ұстайтын биге табиғат берген қасиеттерден басқа шешендік, ақыл-парасат, қызыл тілде ешкімге дес бермеу және «Дала заңының» негізгі қағидаларын жатқа білу, өзіне дейінгі атақты билердің үлгілі сөзінен нәр алу секілді негізгі талаптар қойылатын.
Толыққанды би атану үшін жеке тұлғалық жоғары қасиеттері болуы керек. Және «Дала заңының» ережелерін білу міндетті болған. Одан басқа, «жетілгенді» белгісі деп аталатын тағы да екі күрделі сыннан өту қажет болды. Біріншіден, ол атақты билер мен ойшылардың «философиялық» сұрақтарына жауап беріп, өзінің ақыл парасаты мен таным логикасының жеткілікті дәрежеде дамығандығын дәлелдеуі қажет еді. Екіншіден, данышпан ақсақалдардың батасын алуы керек болатын. Сондықтан, халық «Батамен ер көгерер, жауынмен жер көгерер» деген. Білікті би боламын деген әрбір адам халыққа кең танылған беделді ақсақалдың батасын алуға тырысқан.
Қазақтың әдет-ғұрып құқығы жүйесінде бидің мәні мен мәртебесін анықтайтын бірқатар қағидалар мен ережелер бар. Олар қысқа да, мәнді нақыл сөздерден көрінді: «Туғанына бұрғаны – биді құдай ұрғаны», «Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ», «Елге бай құт емес, би құт», «Батыр дегенді екі әйелдің бірі табады, би дегенді мыңнан біреуі табады» және тағы басқалары. Сондықтан, би-шешендер тоқсан ауызды дауды тобықтай ғана төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, қарарсыз, ауызша жүзеге асырып бітіретін болған. Бидің бір өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, қаншама мекеме, ұйым басшыларының да қызметін атқарып келген. «Тілмен түйгенді, тіспен шеше алмас» деген тұжырым билердің осы қасиеттері туралы айтылса керек.
Қазақ даласының басқа да өңіріндегі билер сияқты, жоғарыда сипатталған талаптарға әбден сай болған, халықтың ерекше құрметіне бөленген, елі үшін аянбай еңбек еткен, қасиетті, дуалы сөзді шешен-би бабаларымыз Ақмола-Көкшетау өңірінде де аз болмаған. Өңіріміздің барлық билерінің өмірі туралы біраз кітаптар жазуға болады. Ал, біз осы шағын мақаламызда өңірімізден шыққан бірқатар билер туралы ықшам деректерді ғана назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Қанай Би Құтымбетұлы – 1695-98 жылдар шамасында туып, 1775-80 жылдары дүниеден өткен қазақтың атақты би, шешені әрі батыры. Ол әйгілі Абылай ханның сенімді бас билерінің бірі болған. Балалық шағы қазіргі Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Қарабұлақ (2007 жылдан бері Қанай би ауылы аталады) ауылында өткен. Зерек, сезімталдығы, жас кезінен қалыптаса бастаған баланың сөз тапқыш алғырлығы ауылдастары арасына кең таралады. Бір күні үйіне келіп отырған қонақ:
–Мына сүйекті ана балаға бере салыңыздаршы, – дегенде Қанай бала:
– Ақсұңқар шашып жейді, қарақұс астына басып жейді, Ит сүйек жейді, адам ет жейді, сүйекті өзіңіз жеңіз, – деп еті жоқ жамбасты қайтарып беріпті.
Сол кезден бастап ол ел, жер, жесір, барымта дауларына араласа бастайды. Бұл Қанайдың 13-15 жастағы кезі болса керек. Ақиық Батыр Мәлік Ғабдуллин, айтулы ғалым Мыңбай Ысқақов, Еңбек Ері Баян Жаңғалов Қанайдың тікелей ұрпақтары екені тарихи деректермен дәлелденген. Қанай би халқымыздың қасиетті жері Түркістанда жерленген.
Батагөй Бөгенбай би Құттықадам ұлы – (1761-1866ж.ж. өмір сүрген), Зеренді топырағынан терең тамыр тартқан Қылды Қарауылдың мықты биі. Кенесары хан қазақ елі мен жерін қорғау жолындағы шайқастарында оны шын ықылас пейілімен қолдаған тұлғалардың бірі осы Бөгенбай би болыпты.
Әу баста, Бөгенбайдың елге танылған билігі, ұтқыр шешендігі өз алдына, оның берген батасының әулиелік шарапат қасиеті де мол болған дейді. Кене хан оны сол қасиеті үшін де жанына жақын тартып: «Бөкем! Менің батагөйім!» деп отырады екен.
Кенесары ханның биі, Бөкең ұзақ ғұмыр кешіп, 105 жасында дүние салады. Қабірі айдын шалқар Айдабол көлінің ық жағында, бүгінгі 2007 жылдан өз атымен Бөгенбай би аталған ауылы қоныс тепкен жерде. Зиялы ұрпақтары басына алыстан көз тартатын көлемді және көркем кесене орнатты.
Иә, егеменді еліміздің тарихында өткен, болған билеріміздің өмірден, тұрмыс-тіршіліктен көрген тәжірибелері негізінде дау-дамайларда екі ауыз сөзбен немесе бір шумақ өлеңмен әділ билік айтқандарын осы заманда біреу білсе, біреу білмес. Сол себептен де, бұл күнде ағайынды адамдардың бір-бірін көрместей өштесуі, өлтіруі, алдауы, ар-ожданды ұмытуы ешкімге таңсық емес. Осы орайда, қара қылды қақ жарғандай әділ билігімен небір қиын дауларды шешіп, ағайын арасын бітістіріп отырған ежелгі билерімізден бүгінгі сот қызметінің алар үлгісі мен өз жұмысында басшылыққа алар өнеге, тәжірибесі аз болмасы анық. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні де осында. Ақмола облыстық соты бұл бағытта мақсатты түрде айтарлықтай жұмыстар атқарып жатыр және атқара да бермекші.

Мейрам Ғибадилов,
Ақмола облыстық сот ардагерлері кеңесінің төрағасы,
Бауыржан Баймырзин,
Қазақстан Республикасы Судьялар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы.

Суреттерде: Қанай би Құтымбетұлы және Батагөй Бөгенбай би кесенесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар